Бағдат Мусин ресейлік СБЕР-мен келісім қандай болғанын түсіндірді

Министрдің айтуынша, eGov порталы тек қана Қазақстанға тиесілі және ешкімге берілмейді

фото: facebook.com/BagdatMussin

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «eGov порталы Ресейге қолжетімді болады» деген түсінікке қатысты көптің талқысына түскен бірқатар сауалға жауап берді.

«Біріншіден, eGov порталы тек қана Қазақстанға тиесілі және ешкімге берілмейді. «Қазақстандықтардың барлық дерегі Ресей Федерациясына қолжетімді болады» деген түсінік қисынсыз. Неліктен? Қазақстанда тәуелсіздік алғалы бері шетелдік құрылымдарда жұмыс істейтін көптеген мекемелер бар, десе де олардың бәрі біздің мәліметтерді ала алады деген сөз емес», - дейді ведомство басшысы.

Сөз арасында министр eGov жайлы қысқаша түсіндіріп өтті.

«eGov – бұл барлық мемлекеттік базалармен құрсым арқылы қосылған «витрина» ғана. Бұл базаларға немесе жүйелерге ешкім ешқашан қол жеткізе алмайды! Өткен айда басталған талдау қазақстандық мемлекеттік секторда +400 ақпараттық жүйе бар екенін көрсетті. Бұл мемлекеттік жылжымайтын мүлік базасы сияқты ірі базалардан бастап, олимпиада жүлдегерлері тіркелген шағын базаларға дейін», - деді Бағдат Мусин.

Министрдің айтуынша, IT саласындағы кез келген шешім, әсіресе халықаралық шешім кибер қалқан мен азаматтардың мүдделерін қорғау жөніндегі уәкілетті органдардың ұсынымын ескере отырып қабылданады.

«Қазір eGov-ты миллиондаған ескі құрылғылармен салыстыруға болады, олардың орнына біз сапалы заманауи технологиямен жабдықталған платформаны орнатқымыз келеді. Біз халық үшін де, экономика үшін де барынша оң нәтиже алу мақсатында цифрландырудың «құрақталған» моделінен тұтас платформалық моделіне өтетін кез келді.

Қазақстан тарапы бағдарламалық қамтамасыз ету мен техникалық қолдауды талап ететін вендор сияқты болуы керек деген талап қойып отырмыз. СБЕР барлық қолжетімділікті бере отырып, барлық компоненттердің бастапқы кодтарын көрсетеді және барлығын Қазақстандағы серверлерге орналастырады деп келістік», - деп жазды министр Instagram парақшасында.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.