Қызылордалық ғалымдар Альцгеймер және Паркинсон ауруларына қарсы дәрі әзірлеп жатыр

Дәрілік препаратты дайындау үшін Қазақстанның оңтүстік аймақтарында өсетін түйе тікенегі пайдаланылады

Қызылордалық ғалымдар Альцгеймер және Паркинсон ауруларына қарсы дәрі әзірлеп жатыр
Фото: universite-paris-saclay.fr

Қазақстандық ғалымдар Альцгеймер және Паркинсон ауруларына қарсы дәрі жасап жатыр. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары Еуропалық Одақ грантын жеңіп алды. Олар Португалия, Нидерланды, Дания, Ресей, Беларусь және Украина ғалымдарымен бірлесіп, әзірлеушілер тобына кірді. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды. 

Дәрілік препаратты дайындау үшін Қазақстанның оңтүстік аймақтарында өсетін түйе тікенегі пайдаланылады.

Отандық зерттеушілер өсімдіктен атеросклероздың бастапқы формаларын емдеуде тиімді биологиялық белсенді заттарды алды.

«Біз дәрілік өсімдік – түйе тікенегіне зерттеу жүргізу үшін Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің грантын алдық. Содан кейін біз оның құнды қасиеттерін анықтадық. Біз өзіміз ашқан жаңалықты Португалияда таныстырдық. Олар біздің ғылыми әзірлемелерімізге қызығушылық танытып, ынтымақтастық ұсынды. Жобаны орындау кезінде флавоноидтардың суда еритін формаларын аламыз, оларды көміртекті наноматериалдармен модификациялаймыз. Шетелдік ғалымдар жедел тест өткізіп, біз анықтаған наноматериалдар Альцгеймер және Паркинсон ауруларының дамуына кедергі келтіретінін және пациенттерді аурудың алғашқы кезеңдерінде емдеуге көмектесетінін растады. Сонымен қатар түйе тікенегінен алынған модификацияланған биологиялық белсенді заттардың жанама әсерлері жоқ және адам денсаулығы үшін қауіпсіз болып танылды», – деді Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің зерттеуші-профессоры Нұрбол Аппазов.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.