Екібастұз қаласын дамытуға 1 триллион теңгеге жуық қаржы жұмсалады

Республикалық бюджеттен - 64,7 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 33,5 млрд теңге бөлінеді

Бүгін Үкімет отырысында Екібастұз қаласының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарының жобасы ұсынылды. Кешенді жоспарды Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев таныстырды.

Кешенді жоспар инвестициялық жобаларды іске асыруды, тұрғын үй, инфрақұрылымды, әлеуметтік саланы дамытуды, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және экологиялық мәселелерді жақсартуды көздейтін 114 іс-шарадан тұрады.

Жоспарды іске асыратын инвестициялардың жалпы сомасы 932,8 млрд теңгені құрайды, оның ішінде РБ – 64,7 млрд теңге, ЖБ – 33,5 млрд теңге, жеке инвестициялар – 834,6 млрд теңге.

Жалпы сомасы 822,3 млрд теңгеге қаланың экономикасын дамыту үшін өнеркәсіпті, агроөнеркәсіптік кешенді, энергетиканы, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 35 іс-шараны іске асыру жоспарда көзделген.

Өнеркәсіпте 400 гектарға индустриялық аймақ құру, ферроқорытпалар, техникалық кремний, металлургиялық көмір электродтары, темір жол үшін соғылған бұйымдар бойынша зауыттар салу көзделген.

Бұдан басқа, көмір өндірудің автоконвейерлік технологиясына көшу көзделеді.

Агроөнеркәсіптік кешенде жылы жайлар аумағы 30 гектардан 60 гектарға дейін кеңейтіледі, нан-тоқаш және макарон өнімдері, 2 бордақылау алаңы өндірісі бойынша кешендер салынады, сондай-ақ су армалы жерлер 10 мың гектарға ұлғаяды.

Энергетика саласында жалпы қуаты 1136 МВТ болатын 2 энергоблок салынады.

Кәсіпкерлікті дамыту үшін «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» бағдарламалары шеңберінде кәсіпкерлердің кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар беру көзделген.

Сонымен қатар, «Business Ertis» өңірлік жобасын жүзеге асыру жоспарлануда.

Халықтың өмір сүру сапасын арттыру және жағдайын жақсарту мақсатында жалпы сомасы 84,9 млрд теңгеге тұрғын үй, инженерлік-коммуникациялық және жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 37 іс-шара іске асырылатын болады.

Қалада 50 км магистралдық және квартал іші жылу желілері салынады, сонымен қатар кейбірі қайта жаңартылады.

Кешенді жоспар аясында 200 мың шаршы метр кредиттік және жалға берілетін тұрғын үй салу, сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысы үшін 370 учаске бөлу көзделген.

Қалада 104,7 км сумен жабдықтау және су бұру желілері, 32,5 км су құбыры желілері және 2 тазарту сорғы станциялары салынады және кейбірі қайта жаңартылатын болады.

Денсаулық сақтау және білім беру жүйелері қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін қазіргі заманауи инфрақұрылым құру көзделген.

Денсаулық сақтау саласындағы материалдық-техникалық база нығайтылады.

350 орындық балалар шығармашылығы орталығын салу, 20 мектепті күрделі жөндеуден өткізу, 320 орындық балабақшаны қайта жаңарту көзделіп отыр.

Мәдениет және спорт саласын дамытуға «Исабек Ишан Хазрет» мұражайы, 2 мәдениет үйі, мұз аренасы, 20 стрит-воркаут және 10 стритбол алаңдары салынады.

Сондай-ақ, 2 өрт сөндіру депосы салынады және екеуі жөнделетін болады.

Қаланың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында Кешенді жоспар жобасы атмосфералық ауаға шығарындыларды азайту жөніндегі кәсіпорындарды жаңғыртуды, сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауды енгізу, қоқыс тастайтын жерлерді жою және тағы басқада іс-шараларды көздейтін болады.

2025 жылға қарай Кешенді жоспарды жүзеге асыру өнеркәсіп көлемінің 22%-ға артуын, шағын және орта бизнестің шығару өнімі 38,2%-ға өсуін қамтамасыз етеді.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2025 жылға қарай бес есеге өседі.

16,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құру, орташа айлық жалақы 321 мың теңгеге дейін өседі.

Шамамен 200 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.