Қазақстанда дрон иелеріне жаңа талаптар енгізілуі мүмкін

Заң қабылданса дронды ұшыратындарға талап күшейеді

Қазақстанда дрон иелеріне жаңа талаптар енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Берік Камалиев көлік мәселелері жөніндегі жаңа заң жобасының таныстырылымында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Азаматтық авиация саласын қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу ұсынылып отыр. Нақтырақ айтқанда: ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану процесін реттеу жөніндегі норманы енгізу, яғни сертификаттау рәсімін енгізу, қашықтан сәйкестендіруге қойылатын талаптарды белгілеу және оларды пайдалану аймақтарын айқындау. Сондай-ақ, «ұшқышсыз авиациялық жүйе» және «ұшқышсыз әуе кемесі» ұғымдары енгізіліп жатыр», - деді Берік Камалиев.

Осы орайда депутат Альберт Рау дронды кез-келген сауда орталығынан сатып алуға болатынын айта келе бүгінге дейін сатып алған жеке тұлғаларды реттеу осы заң жобасында қалай реттелетінін сұрады.

Вице-министр жеке тұлғалардағы дрондарды реттеу туралы мәселе ҰҚК, Мемлекеттік күзет қызметі және ІІМ өкілдерімен бірге бірнеше рет талқыланғанын айтты.

«Қазақстандықтар ғана емес, шетел азаматтары түсіруге тыйым салынған стратегиялық нысандарды түсірген жағдайлар болды. Сондықтан жаңа заң жобасында жеке тұлғаларға да талаптар қойылады», - деді Камалиев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.