«Жаным ауырады». Жигули Дайрабаев Қазақстанның Моңғолиядан артта қалғанына налыды

Azattyq Rýhy

Дайрабаевтың пікірінше, шенеуніктер президентті халықтың алдында жаманатты етіп көрсетіп жатыр 

«Жаным ауырады».  Жигули Дайрабаев Қазақстанның Моңғолиядан артта қалғанына налыды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев үкімет сағатына келген өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев пен үкімет мүшелерін сынап тастады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Депутат мәжіліс мінберінен жиырма минут баяндама жасап, сұрақтарға жауап берген министрдің аузынан ауыл шаруашылығы туралы бірде бір сөз шықпағанына налыды. 

«Министрге және басқа да үкімет мүшелеріне айтарым: егер де сіз Қазақстанды аграрлық мемлекет ретінде мойындамайтын болсаңыздар, онда Қазақстанның болашағы болмайды. "Зауыт саламын, машина жасаймын" деген әңгіменің бәрі бос сөз. Жиырма миллион халық тамақ жейді. Сізден ауыл шаруашылығы туралы бір сөз естіген жоқпын, соған жаным ауырады. Мынау сұмдық қой. Ауылдарды тоздырып біттік. 6295-ақ ауыл қалды. 1500 ауылдың талқанын шығардық», - дейді Дайрабаев мәжілісте өңдеу өнеркәсібін дамыту тақырыбында өткен үкімет сағатында. 

Депутаттың айтуынша, президенттің тапсырмалары дер кезінде орындалмайды. Мәселен, мемлекет басшысының ауыл шаруашылығына қатысты 2022 жылы үкіметке берген тапсырмасы әлі күнге дейін созбалаңға салынып келеді. 

«Сонда үкіметтен не күтуге болады, ағайындар?! Мен Қазақстанды үлкен шаруашылықтармен бағалайын. Кеңес өкіметі кезінде он жыл колхоз бастығы болдым, мынадай тәртіпсіздік болған емес. Мынау деген сұмдық қой! Бүкіл елге үкімет мынадай шешім қабылдады дейді, оны сіздер орындамайсыздар. Сіздер мемлекет басшысын халықтың алдында жаман көрсетіп жатырсыздар. Шамаларыңыз келмесе, орындай алмаймыз деп айту керек», - деп ашуланды мәжілісмен. 

Сондай-ақ Дайрабаев елімізде жүн-тері өндірісін дамымай отырғанына қынжылды. 

«Әр өңірді бекітіп, тері өңдейтін, жүн өңдейтін зауыт ашуға болады ғой. Жанымыздағы көрші Моңғолиядан қалып қалдық қой, құрметті ағайындар! Кішкене намыс болуы керек қой. Бұл өзіміздің мемлекетіміз емес пе. Өзгеріс жасаңыздар. Бір тірлік болса да, сапалы тірлік болсын. Желдірме сөз бен өтірік есептің керегі жоқ. Қазақта «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген сөз бар. Егер қолдарыңыздан келмесе, жиырма миллионның ішінен шоқпарды көтеретін адам табамыз», - деді Дайрабаев.

Айта кетейік, бүгін үкімет отырысында Өнеркәсіп министрі Қанат  Шарлапаев Қазақстан қытайдың тағы бір көлігін құрастырады деп хабарлаған болатын. 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.