Депутат саяжайынан айырылған азаматтардың жанайқайын жеткізді

Батыс Қазақстан облысында 15 мыңға жуық саяжай учаскесін су басқан

Депутат саяжайынан айырылған азаматтардың жанайқайын жеткізді
Фото: видео скрин

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев үкіметті су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтардың арызына құлақ асып, заңды талаптарын орындауға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Депутаттың айтуынша, қызыл судан үйінен айырылған адамдар топан судың беті қайтқанда далада қаңғырып қаламыз ба деп қорқып жүр.

«Жерінің 800 шақырымынан Жайық өзені ағып өтетін Батыс Қазақстан облысындағы ағайынның ахуалы қазір арқамды аяздай қарып барады. Сәт сайын сан құбылған сандарға назар салсақ, Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан  1 292 тұрғын үйге зақым келген. Соның 116-сы – Қаратөбе, 243-і – Сырым, 218-і – Бөрлі, 649-ы – Теректі, 43-і – Бәйтерек, 6-уы – Тасқала ауданында, ал 17 үй Орал қаласында орналасқан. Су астында қалған үйдің сыз тартатыны, қабырғасы көгеріп көпшілікті күркілдеген жөтелге душар қылатыны сараптамасыз-ақ саналы адам түсінетін дүние», - дейді Сәрсенғалиев премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында.

Әсіресе, БҚО-да саяжай мәселесі күрделі болып тұр. Деркөл, Шаған және Жайық өзендеріндегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан 14 839 саяжай учаскесін су басқан. Оның 14 466-сы – Орал қаласында, 112-сі – Бәйтерек, 245-і – Бөрлі, 16-сы Теректі аудандарында орналасқан. Ол жақта мыңдаған адам тұрады.

«Саяжай дегенің қазақ үшін демалыс күндерін өткізетін емес, тұрақты тұратын орынға айналғалы қашан. Соның өтемақысына қатысты түсініспестік әлі тоқтамай тұр. Өйткені, ағынды судың астында қалған саяжай иесіне қанша ақша беріледі немесе қашан, қай жерден басқа үй ұсынылады? Бұл деректер әзірге орталықтандырылмаған. Ақпарат жұртқа жедел жетуі шарт», - деп санайды мәжілісмен.

Қандастар да тасқын судың зардабын тартқан.

«Тасқын су тосыннан келгенде тосып үлгермеген мыңдаған қандас қазір БҚО-да сең соққан балықтай есеңгіреп қалды. Олардың әкімдікке барып жанайқайын жеткізгенін дүйім жұрт көрді. Сондықтан онсызда қарғын судың салдарынан қара шаңырақсыз қалған азаматтардың заңды талаптарын уақытылы орындауымыз қажет. Себебі мемлекет басшысы айтқандай «салаға жауапты шенділер жауапкершілік алудан қашып жүргенде» ел қақаған қыста қатып қалады», - дейді Сәрсенғалиев.

 «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі су астында қалған баспана мен саяжайларды бағалайтын комиссияның жұмысын бірізге келтіру керек деп есептейді. Ол үшін әр өңірдегі комиссияның әрбір үй бойынша қорытындысы, негіздемесі, фото-видео дәлелдемелері нақты бір жерге жинақталуға тиіс.

«Баспанасы қираған саяжай иелерінің өтемақысы әділетті бағалағануы қажет. Әр үйдің, саяжайдың, техника мен төрт түліктің өтемақысы қашан төленетіні әр қорытындының ішіне жүктелсін. Ол ақпараттармен барлық азаматтың танысу мүмкіндігі болуы шарт. Су астында қалған мыңдаған саяжайдың ауласында лас қалдықтарға арналған шұңқырлар болды, демек ондағы қалдықтар су бетіне шықты. Сондықтан ол аумақтарға дереу санитарлық-профиктикалық шаралар жүргізу қажет», - деп мәлімдеді депутат.

Бұдан бөлек, ол төтенше жағдай кезінде үй беру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өтемақы төлеу тетіктерін қайта қарауды ұсынды.

 

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.