ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2,4 мың адамнан коронавирус анықталды

Ақсулық әйел екі айлық қызын 8 жасар ағасымен қалдырып кеткен

Әйелді ата-ана құқығынан айыруға қатысты арыз дайындалып жатыр

Фото: ашық дереккөзден

Ақсулық әйел екі айлық қызын 8 жасар ағасымен қалдырып кеткен. 34 жастағы әйел ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, материал сотқа жіберілді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Ақсу қаласының тәртіп сақшылары аталған фактіні қорғаншылық органдары және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қолайсыз отбасыларға рейд жүргізу барысында анықтаған. 

«27 тамыз күні сағат 18.45 шамасында инспекторлар 2013, 2016 және 2021 жылдары туған үш жас баласы бар әйел тұрып жатқан пәтерге кіре алмады. Полицейдің сұрағына балалардың үлкені анасы есікті сыртынан жауып, таңертең кетіп қалғанын айтқан. Балалардың анасының орналасқан жерін анықтау қиынға түсті. Полиция қызметкерлері ТЖ қызметкерлерін шақырып, пәтердің алдыңғы есігін ашты. Пәтерде балалар жалғыз қалған, ең кішісі екі айлық қана», - дейді департаментте. 

Балалар ашығып қалған, заттар барлық жерде шашылған, тоңазытқышта алкогольден басқа түк болмаған. Екі айлық қызға 8 жасар ағасы пакеттегі сүт берген.  

Полиция көршілерден  жауап алған кезде олар бұл отбасындағы ересектер кішкентай балаларды ұзақ уақыт жалғыз қалдыратынын айтқан. 

«Полиция қызметкерлері мен қорғаншылық органдары балаларды отбасынан дереу алып кетуге шешім қабылдады. Барлық балалар Павлодар қаласының өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Анасы болса, үйіне шамамен сағат 23.00-де бірге бөтен еркекпен келген. Ол Павлодар қаласына ақша табу үшін кеткенін айтып түсіндірген. Әйелмен бірге тұратын адам бұрын сотталған және ата-ана міндеттерін орындамағаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған», - деп атап өтті полицияда.

Сондай-ақ Павлодар облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған соты әйелді жас балаларына қатысты ата-ана құқықтарынан айыруға талап арыз дайындайды. Әрі қарай балалардың тағдырын сот шешеді.

Айта кетерлігі, ағымдағы жыл басынан бері кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін 335 заңды өкіл жауапкершілікке тартылды.