Павлодарда науқасты тұншықтырып, жинаған ақшасын тартып алған қылмыскер сотталды

Науқасқа күнделікті дәрігер келетіндіктен үйінің есігі ашық тұрады

Павлодарда науқасты тұншықтырып, жинаған ақшасын тартып алған қылмыскер сотталды
Фото: ашық дереккөзден

Павлодар облысында науқас әйелді тұншықтырып, бар жиғанын алып кеткен ер адам сотталды. Полиция 39 жастағы қаскүнемді жылдам анықтап, ұстады, деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

«2021 жылдың 23 сәуірінде Екібастұз тұрғыны Б.Момышұлы көшесіндегі көпқабатты үйде таныс әйелдің қасында қонақта болып, онымен бірге спирттік ішімдіктер ішкен. Әңгіме барысында оның 76 жастағы көршісінің жинаған ақшасы бар екенін білген. Бірақ бәрінен бұрын оны үй иесінің кіреберіс есікті кілтпен жаппайтыны қызықтырған. Өйткені, ауыр сырқаттың салдарынан көршісі жүре алмайды және үнемі төсекте жатады. Күн сайын медицина қызметкерлері келетіндіктен, есігі үнемі ашық тұрады», - делінген ведомство хабарламасында.

Ер адам танысымен сөйлескеннен кейін жоспар құрады. Осылайша ол бірнеше сағаттан кейін мас күйінде көршісінің пәтеріне бет алған.

«Алдын ала дайындалған шляпаны, медициналық маска мен қолғапты киіп, қонақ бөлмеде жатқан әйелге шабуыл жасайды, бетін көрпемен жауып, дауысы қарлығып қалғанға дейін бірнеше минут бойы тұншықтырған. Бұдан әрі пышақпен қорқытып, ақша талап еткен. Қорыққан әйел жастықтың астынан 110 000 теңге жинаған ақшасы болған сөмкесін алып шықққан. Бірақ қаскүнемге бұл жеткіліксіз болған соң құны 4 000 теңге «LG» ұялы телефонын және пәтер мен гараждың кілттерін алып, қашып кеткен», - дейді полиция департаменті.

Тергеуші Данияр Дәуітбеков бұл істі зерттеп, күдіктінің кінәсін көрсететін дәлелдер жинады.

Ер адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 192-бабының 3-бөлігіне сәйкес, аталған қылмысы үшін Екібастұз соты 8 жылға бас бостандығынан айырды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.