Елордадан Мысырға бет алған ұшақ Ақтауға қонуға мәжбүр болды

Azattyq Rýhy

Оған елордалық азаматшаның мөлшерден тыс ішімдік ішіп, тәртіп бұзуы себеп болған

Елордадан Мысырға бет алған ұшақ Ақтауға қонуға мәжбүр болды
Фото ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтан – Шарм-Эль-Шейх бағытындағы әуе рейсі 59 жастағы елордалық азаматшаның кесірінен Ақтауға қонуға мәжбүр болды. Бұл туралы көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Департамент ұсынған хабарламада жолаушының алкогольдік ішімдікті мөлшерден тыс ішіп, ұшақ ішінде тәртіп бұзғаны көрсетілген. Соның салдарынан лайнерді Ақтау әуежайына қондыруға тура келді.

Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қалижан Қобландиннің сөзінше, құқық бұзушы өзін агрессивті ұстап, бортсеріктердің ескертулерін елемеген. Тәртіп бұзған жолаушының ісін әрі қарай полиция қарайды.

«Көлік полицейлері 59 жастағы әйелдің үстінен Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 440-бабының 1-бөлігі және 566-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», – делінген ресми хабарламада.

Көліктегі полиция департаментінің хабарлауынша, жыл басынан бері көлік полицейлері түрлі әкімшілік құқық бұзу фактілері бойынша 40 мыңнан астам азаматты, оның ішінде ішімдік ішкені және қоғамдық орындарға мас күйінде келгені үшін 3 784 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан.

 

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.