«Ауа жетпей тұншықтық»: Тараздағы Қазфосфат зауытындағы жағдайдан кейін ауаға қандай улы заттар таралды

Зауыт Тараз қаласының шекарасынан солтүстік-батысқа қарай 15 шақырым қашықтықта орналасқан

«Ауа жетпей тұншықтық»: Тараздағы Қазфосфат зауытындағы жағдайдан кейін ауаға қандай улы заттар таралды

Кеше кешқұрым бір жұтым таза ауаға зар болған Тараз тұрғындары жағдайдың осымен екінші рет қайталанып отырғанын айтты. Зауыт басшылығының салғырттығынан қаншама адамның өміріне қауіп төнетініне наразы. Жұрт әп-сәтте шайдай ашық аспан қою қара түтінге айналғанын, тамағы жыбырлап, басы айналып, жайсыз сезінгенін айтып, шағымданды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Иә, кеше қаланың бір бөлігін түтін басып қалды. Басында күн бұлттанып келе жатыр деп ойладым. Дем ала алмай қалдық, ауа жетпей, тұншығып, қақалып-шашалып қалдық. Өйткені, бұл жай ғана түтін емес, улы газ. Әлеуметтік желілерге кіріп оқығаннан кейін ғана не болғанын бір-ақ түсіндім. Бұл жағдайға байланысты айтарым, әр адамның өмірі маңызды. Алдында да осы Сүлейманов көшесін түтін басып қалған еді. Екінші рет қайталанып отыр. Зауыт басшылары өзге елдерден тәжірибе алмасып, ауаға зиянды қалдықтарды шашпайтын жаңа технологиялардың көмегін неліктен пайдаланбайды?!

Әкімдік те қарап отырмай, алдын ала тексеріс жүргізуі керек. Халықтың өмірімен ойнауға ешкімнің құқы жоқ. Бұл зауыт қалаға тиіп тұр, ал одан бөлінетін улы заттар ауаға көп тарайды. Мұнда егде жастағы кісілер мен балалардың да көп екенін жауаптылар ескеруі керек. Қаланың көшіп кетпейтіні түсінікті ғой. Бүгін қаланың аспаны ашық. Қауіп жоқ деп ойлаймыз. Бірақ тұрғындардың пікірі сан алуан. Біреуі бір нәрсе жарылды деп байбалам салса, енді бірі ауаға зиянды нәрсе шашып жатыр деп үрейленіп отыр», - деді Тараз қаласының тұрғыны Алмаз Ақжігтов.

Осы оқиғаға байланысты Тараз қаласы әкімдігінің экология департаменті қазір жұмыс тобының құрылғанын хабарлады. Әзірге белгілісі, күкірт триоксиді тараған, фторлы сутегінің едәуір артқаны анықталды. Ал аммиак, күкіртсутек және көміртегі оксиді шамадан тыс асып кетпепті.

«11.07.2022 жылы сағат 20:00-де Қазфосфат минералды тыңайтқыштар ЖШС ЖФ күкірт қышқылы цехында авариялық жағдай болды, зауыттың ақпараты бойынша абсорбердің моногидратты сорғысы істен шыққан. Нәтижесінде газ (күкірт триоксиді) тараған. Болған апат туралы жедел ақпарат алған Жамбыл облысы бойынша экология департаментінің басшылығы мен зертханалық талдау бөлімінің басшысы Тараз қаласының прокуратурасымен бірлесіп, сағат 21:20-да Сүлейманов көшесіндегі зауыттың санитарлық-қорғау аймағын өлшеп, фторлы сутегінің едәуір артқаны анықталған. Аммиак, күкіртсутек және көміртегі оксиді бойынша асып кету анықталған жоқ. Сондай-ақ сағат 22: 05-те Шайқорық кентінің маңындағы зауыттың СҚА-да ұқсас ластаушы заттарға өлшеу жүргізілді, ластаушы заттардың артуы анықталған жоқ», - деп мәлімдеді Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша экология департаменті.

Зертханалық құралдармен қайта жарақтанып, Polar газ анализаторын алған департамент қызметкерлері күкірт қышқылы цехының ластаушы заттар шығарындыларының көзінде өлшеулер жүргізу үшін «Қазфосфат» минералды тыңайтқыштар зауытына жоспардан тыс тексеруге барған.  Алайда өлшеу кезінде цех жұмысы тоқтатылып,  үрлеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатты. Сондықтан ластаушы заттардың асып кетуі анықталған жоқ.

Қазіргі таңда, департамент және Қазгидромент мамандары бірлесіп, атмосфералық ауаның жай-күйімен сапасына мониторинг жүргізіп жатыр. «Қазгидромет» РМК Жамбыл филиалының ақпараты бойынша қалада ауаның ластануы қалқыма бөлшектер бойынша 1 ШЖК аспайтын деңгейде байқалады деп отыр.

Айта кетейік, ҚазТАГ агенттігінің жазуынша, «Казфосфат» зауыты Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлына тиесілі болған.

Айта кетейік, «Қазфосфат» ЖШС Жамбыл филиалы – бұл сары фосфор мен құрамында фосфоры бар өнімдерді шығарады. Мәселен термиялық ортофосфор қышқылын, натрий үшполифосфатын, натрий гексаметафосфатын, феррофосфор, түйіршіктелген қож өндіретін химиялық зауыт. Зауыт Тараз қаласының шекарасынан солтүстік-батысқа қарай 15 шақырым қашықтықта «Кіші Қаратау» жотасының Үлкен Бурыл сілемінің терістік етегіне орналасқан. Өндіріс ошағының жалпы аумағы – 644,75 гектар.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.