«Samruk-Kazyna Construction» басқарма мүшесі ұсталды деген ақпарат тарады

Azattyq Rýhy

Ол қызметін асыра пайдаланғаны және мемлекетке қомақты мөлшерде залал келтіргені үшін айыпты болуы мүмкін

«Samruk-Kazyna Construction» басқарма мүшесі ұсталды деген ақпарат тарады
https://adyrna.kz/

Журналист Михаил Козачковтың телеграм арнасы хабарлағандай, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Боранбай Болатбеков ұсталды. Топ-менеджер мемлекетке 2 миллиард теңге сомасында залал келтірді және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген көрінеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Дереккөз жазғандай, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Боранбай Болатбеков Шымкент Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы қызметін атқарған кезеңде дәл осы қылмысқа барды деген күдік бар.

2021 жылы Шымкент қаласының әкімдігі қаланың сыртқы жарықтандыруын қайта құру және салу бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шартын жасаған. Шымкент көшелерін жарықтандыруға кіріскен «ABM-Building» ЖШС екені белгілі болды. Бағана мен шамдарды ауыстыру үшін 2021 жылдың наурызынан 2023 жылдың қыркүйегіне дейін мемлекеттік орган жеке фирмаға 4 миллиард теңгеден астам қаражат аударған.

Алайда, Қаржы мониторингі агенттігі аталмыш шығындарды тексеру барысында сандардың сәйкес еместігін анықтап отыр. Сот-құрылыс-экономикалық сараптамасы көрсеткендей, бизнес-серіктес шотына ақша аударылған, алайда 500-ге жуық тірек пен 800-ден астам шам орнатылмаған.

«Мердігер шамамен 7 мың метр кабельді тартуды «ұмытып» кетіп, 2800 датчик орнатпаған. Тауардың жалпы құны 673 миллион теңге, ал оны орнату үшін бюджеттен 629 миллион теңге бөлінген. Тергеу бойынша, жобалау-сметалық құжаттамада жабдық сомасы жоғары бағамен жазылған. Мәселен, әр датчик-бақылаушы үшін жеткізушіге 82 мың теңге төленген. Ал оның сатып алу құны 8 мың теңге ғана. Жалпы, осындай 7700 дана датчик-бақылаушы сатып алынған», - деп жазады телеграм арна.

Сонымен, тергеу бойынша, жалпы залал мөлшері 2 миллиард теңге деп бағаланды. Энергетика басқармасы тарапынан құжаттарға Боранбай Болатбеков қол қойған. Сондықтан ол қызметін асыра пайдаланды деген айыппен ұсталды.

Айта кетерлігі, «Samruk-Kazyna Construction» сайтында ол әлі де Басқарма мүшесі, Басқарма төрағасының орынбасары деп жазылып тұр. 2022-2023 жылдары Боранбай Нығметұлы Шымкент қаласы Тұран ауданының әкімі, 2021-2022 жылдары Шымкент қаласының Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.

Біз «Samruk-Kazyna Construction» компаниясына осы мәселе бойынша ақпарат сұрап хабарластық. Компанияның баспасөз қызметі әзірге тілшіміздің телефон қоңырауына жауап берген жоқ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.