Елордада ер адам би мектебінен бағалы техниканы ұрлап кеткен

Azattyq Rýhy

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде

Елордада ер адам би мектебінен бағалы техниканы ұрлап кеткен
Фото: freepik.com

Алматы ауданы Полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде ұрлық жасады деген күдікпен қаланың 41 жастағы тұрғынын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тергеу барысында ер адам күндізгі уақытта Қуанышбаев көшесіндегі бизнес орталыққа келгені анықталды. Ол екінші қабатқа көтерілгенде аяғының астынан қатты бір нәрсені байқаған.

«Белгілі болғандай, сол жерде орналасқан би студиясының иесі кілтті кіреберіс есіктің алдындағы кілемшенің астына қалдырған. Қылмыстық ниетпен қаскүнем маңайында ешкім жоқ сәтті пайдаланып, студиядан «Asus» маркалы ноутбук пен музыкалық колонканы ұрлап алып шыққан. Жалпы келтірілген шығын 190 мың теңге мөлшерінде бағалануда. Ер адам ұрланған техниканы арзанға сатып жіберген», - делінген хабарламада.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, ер адамның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.