ШұғылКоронавирус пен пневмониядан тағы 58 адам көз жұмды

«Құмар ойынды нашақорлықтан да қауіптірек дер едім»: сарапшымен сұхбат

Ішімдікке әуестік, құмар ойын, есірткіге тәуелділік жайында

көрнекі сурет

Құмар ойыннан, есірткіден, алкоголизмнен айыққан 70 пайыз адамның ескі әдетіне қайта басуына жақындарымен араласпауы себеп болып жатады. Сондықтан да мамандар бұл жеке бастың ғана емес, тұтас отбасының проблемасы екенін айтуда.

«Тәуелділік - бұл адамның бойындағы жібімейтін сезімдердің салдарынан пайда болатын ауру. Мәселен ішімдікке, нашақорлыққа, ойынға құмар адам үйіне келген кезде отбасында айқай-шу, ұрыс болуы мүмкін. Ол бойындағы ашуын жасанды түрде ішімдікпен немесе нашақорлықпен басуға тырысады. Тәуелді адам проблемасын шешуді көздемейді, себебі оған бәрібір», - дейді оңалту орталығының мотивациялық кеңес беру жөніндегі сарапшы Данияр Жемантаев.

Данияр Жемантаевтың айтуынша, зиянды әдетке деген құмарлық дәл осы отбасынан бастау алады.

«Тәуелділік бала күннен басталуы мүмкін. Мәселен алкогольді алатын болсақ, бала оны әр мейрам сайын дастархан басынан көреді. Үлкендер де оны бүлдіршіннің көзінше тұтынудан еш қымсынбайды. Балаға тыйым сала тұрып, өзі соны ішкеннен айызы қанады. Қарап тұрсаңыз парадокс. Осылайша, тыйым салынған дүние керісінше өзіне тартып тұрады. Бұл әулетінде ішімдікке құмар адамдар болған отбасыларда жиі кездесетін құбылыс. Жалпы ДДҰ зиянды әдеттерге тәуелділікті «емделмейтін созылмалы прогрессивті ауру» деп бағалады. Прогрессивті деп айтылу себебі - алғашқыда 1 стақан алкоголь жеткілікті болса, 10 жылдан кейін ішімдікке салынған адамға 1 бөтелкенің өзі аз болады», - дейді маман.

Ішімдікке салынған адамдардың жасы келе әдетте бүйрегі немесе жүрегі сыр бере бастайды. Ал оның соңы кейде қайғылы жағдайға жеткізеді.

Данияр Жемантаев, сарапшы

Жалпы ДДҰ Аурулардың халықаралық квалификациясында тәуелділік синдромының кодтарын белгілеген. Олардың ішінде F19 коды адамның бір мезетте бірнеше наркотикалық заттарды тұтынуын білдіреді екен.

«Тәуелділік адамның ұлтына, жасына, жынысына, дініне қарамайтын құбылыс. Одан ешкім сақтандырылмаған. Өкінішке қарай, бұл аурудан әп-сәтте емделе салатын дәрі әлі ойлап табылған жоқ. Зиянды әдетке тәуелді адамды ақымақ деп айтуға болмайды. Ол ақылы бар, тек тура жолдан адасқан адам. Бірақ оның адасқандығын оған түсіндіру өте қиын процесс. Ол емделуді өзі қаламайынша, оған күш көрсеткеннен еш пайда жоқ», - дейді сарапшы.

Қоғам ара-тұра алкогольді ішімдік ішетіндері тәуелділердің қатарына жатқызбайды. Дегенмен жүріс-тұрысы оң болғанымен, күнделікті өмірін алкогольсіз елестете алмайтындар да бар.

«Мәселен, кейбір адамдар белгілі бір нормамен ішеді. Оның масайған сәтін көрмеуіміз мүмкін. Бірақ ол салауатты өмір салтын ұстана алмайды. Ол үнемі ішімдік іздеп тұрады. Ішімдіктің қаншалықты зиян екенін білсе де, оның ішкі құмарлығы бәрінен биік тұрады. Мұндай жағдайда адам ішімдікке деген тәуелділігін жалғыз жеңе алмайтынын ескеруі керек. Оған арнайы орталықтарға барып, мамандардың көмегіне жүгінгені жөн. Өйткені, өз еркімен емделгендер миллионның ішінен біреуі ғана болуы мүмкін», - дейді Данияр Жемантаев.

Әрбір тәуелділіктің өзіне тән жеңіл және ауыр дәрежесі бар. Мәселен, адам алғашқы дозаны немесе ішімдікті бірінші рет тұтынған кезде оның психологиясы бұзылмаған, құмарлығы артпаған. 

«Құмар ойында да  дәл солай. Ол жерде дозаның орнын ақша басады. Яғни, адам бәс тіккен кезде, оның бойынан бақыт гармоны көбірек бөлінеді. Өйткені ол ұтысты күтеді. Бірақ бәріне белгілі дүние – мұндай қуаныш ұзаққа бармайды. Қарызға белшесінен батып, үйсіз-күйсіз қалатындар да бар. Жалпы үш тәуелділікті ескере келе, мен қазіргі уақытта алкоголизм мен құмар ойынды нашоқорлықтан әлдеқайда қауіптірек деп айтар едім. Өйткені букмекерлік кеңселер көшенің кез келген бұрышында бар. Ал алкгольді ішімдік дүкендерде ашықтан ашық сатылады. Мұны көрген адам көбіне өзін тәуелді санамайды. Ал есірткі тыйым салынған зат болғандықтан, адам оны тұтынған кезде өзін автоматты түрді «нашақор» санайды», - дейді маман.

Дегенмен Данияр Жемантаев алкогольді сусындардың сатылымына тыйым салу керісінше сұранысты арттыратынына сенімді.

«Шетелдерде есірткіге тыйым салған кезде, оған сұраныс бірден арта түсті. Бұл жерде де егер алкогольді сусындар мен құмар ойынға тыйым салса, тұтынушылар саны күрт көбеюі мүмкін. Себебі тыйым салынған дүние керісінше жиі қызықтырады», - деп нақтылады маман.

Бүгінде еліміздің әрбір өңірінде мемлекеттік медициналық-әлеуметтік оңалту орталығы мен наркологиялық диспансерлер жұмыс істейді. Алайда, маманның айтуынша ондай орталықтан емделіп шығатындар саусақпен санарлықтай.

«Он адамның ішінде үшеуі ғана емделіп шығуы мүмкін. Бұл өте өмен статистика. Шындап келгенде, бұл бөлінген бюджетті ақтамайды. Ал ондай мекемелерді мемлекет қаржыландырып отыр», - дейді Данияр.

Десе де, жағдайына қарай отбасы мүшелерінің жеке меншік орталықтарға жүгінуге қалтасы көтере бермейтіні анық.

Талғат (есімі өзгертілген – авт.) Ресейде туылып өскен қазақ жігіті. 14 жасынан бастап түрлі есірткіге жақын дәріханалық заттарды, алкогольді ішімдікті күнделікті тұтына бастаған. Жасөспірім 16 жасында Қостанайға көшіп келген кезінде де ескі әдетін тастамаған.

«Мен алкогольдің дәмін ең бірінші рет 5 сыныпта таттым. Ол кезде достарымның арасында өзімді керемет көрсету үшін сондай қадамға бардым. Ол бір бір мақтаныш болып көрінді. Әкем ішімдікке салынып, менің 3 жасымда үйден кетіп қалған. Ал анам табыс табудың қамымен жүрді. Міне, сондықтан мен көше баласы болып өстім. Сондай-ақ киноларда алкоголь ол керемет зат болып көрінетін, соны қайталадым десем де болады», - дейді Талғат.

Өз жолында Талғат есірткіге тәуелді жандарды көп кездестіргенін айтады. Бала күнінде «Нашақор» десе ат тонын ала қашқанымен, жас жігіт бұл жолға жасөспірім шағында түсіпті.

«Мен есірткіні түрлі тәсілмен тұтынатындардың барлығын көріп жүрдім. Ол азаматтардың материалдық жағдайы тәп-тәуір еді. Мен де солар сияқты есірткіні бір мезгіл тұтынып, ертесіне қалыпты өмірімді жалғастырып жүре беремін деген ойда болдым. Өйткені мен олардың доза үшін қарызға батып, қымбат көліктерінен айырылғанын көрген жоқ едім. Оның барлығын кейін естідім. Мен де солардың ізін басып, қиындықтарға тап болдым», - дейді жігіт.

Ал қажетті дозасына ақша таппаған кезінде Талғат табыс көзі ретінде құмар ойынның алаңынан шықпаған.

«Ұрлық жасамау мақсатында құмар ойынға бардым. Шынымды айтсам, ол жерге күнделікті жұмысқа барып жүргендей болдым. Ұтылған сайын қарыз да өсе бастады. Ұрлық демекші, шындап келгенде ұрлықтан бұрын есірткінің өзі де мені біраз жылға темір торға қамауға ықпал етер еді. Бірақ дәл сол сәтте мен оны тіптен ойлаған жоқпын», - дейді жас жігіт.

Талғаттың нашақор екенін естіген жақындары оны дер кезінде емдемек болған.

«Мен бес мәрте осы тәуелділіктен емделмек болғанмын. 18 жасымда екінші курсты аяқтаған тұста жақындарым мені Алматыға «жұмыс істейсің» деп алдап жібереді. Шындап келгенде олар мені сол жақтағы медресеге жіберген болып шықты. Былай айтқанда, сол жерге мені күштеп әкелді десем де болады. Яғни, діни тәсілмен мені дұрыс жолға түсіруді көздеді. Бірақ одан ештеңе шыққан жоқ. Өйткені, дін жолында жүрген азаматтардың мешіттен шыққан соң алкоголь тұтынғанын көргенде, оларға деген құрметім тез жоғалды. Бірақ мәселе оларда емес, мәселе менде болды», - дейді Талғат.

Талғаттың есірткіге тәуелділікпен күресуге 10 жыл уақыты кеткен. Алғашқы екі оңалту жұмыстары күштеп жүргізілгенімен, қалған үшеуіне жас жігіт өз еркімен барған.

«Мен бұл жолға барған себебім - жақындарымның маған деген сенімін қайтарғым келді. Ол арманым бүгінде орындалды. Алғашқы кездері отбасыммен бір дастархан басында отыру қиынға соқты. Ортақ әңгіме болмады. Бірақ бүгінде бәрі тамаша, өз-өзімді қалыптастырып келемін. Менде тіпті телефонда болмады, қазір сол телефонды өзімнің сатып алуыма жағдайым жетті. Үйдегілер тіпті көліктерін де сеніп тапсыратын болды, мен қуаныштымын. Ал отбасын құру, отбасында өмір сүру дегеннің не екенін әзірге білмеймін. Әлі аяққа нық тұрмағандықтан, ондай жауапкершілікті мойныма алуға сескенемін», - деді Талғат. 

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан