«Интернет-алаяқтар көбейді». Тергеуші қоғамда өршіп тұрған қылмыс түрлерін атады

Азат Маханов - Шымкент қалалық Полиция департаментінде аға тергеуші

Полиция қызметкерлері алдыңғы шепте, халық алдында қызмет ететіндіктен, олардың ерлігі де, заңға қайшы әрекеті де бірден көзге түседі. Полицейлердің қоғамдағы беделіне қатысты әркімнің пікірі әртүрлі.

Осы ретте Azattyq Rýhy тілшісі Шымкент қалалық Полиция департаменті Еңбекші аудандық полиция басқармасы тергеу бөлімінің аға тергеушісі Азат Махановпен сұхбаттасып, қоғамдағы жиілеп кеткен қылмыс түрлері және оны ашу жолдары, полиция өкілдерінің беделі жайында әңгімелесті. Ол өзінің күнделікті жұмысы мен өзі таңдаған кәсіптің ерекшелігіне тоқталды.

«Таңғы сағат 8-де жұмыс орнымда боламын. Жиналыстан кейін, әдеттегідей өзімнің қызметтік міндеттерімді атқаруға кірісемін. Жұмыс уақытым тіркелген іс бойынша тараптардан жауап алумен, олардың арасында беттестіру амалын жүргізумен және басқа да қылмысты ашуға, қылмыстық істің толықтығын, тергеудің объективтілігі мен жан-жақтылығын қаматамасыз етуге бағытталған. Жұмыс күнімді келесі жұмыс күні атқарылатын іс шаралардың жоспарын құрумен тәмамдаймын.

Тергеуші болу білімді, төзімді және психологиялық тұрғыдан мықты болуды талап етеді. Алдыңа жауап беруге келген адамның қай уақытта шын, қай кезде жалған сөйлеп тұрғанын ажырата білу керек. Бір сөзбен айтқанда, психолог болуың қажет. Тергеу саласында жұмыс істеу менің бала кездегі арманым болғандықтан және өзімнің жеке қызығушылығыма байланысты осы саланы таңдадым. Еш өкінбеймін. Жұмысқа деген ынта мен қызығушылық болмаса, тергеуші болуға екінің бірі шыдай бермейді», - дейді Азат.

Оның айтуынша, соңғы кездері интернет-алаяқтар көбейген. Әлеуметтік желі арқылы үйде отырып, қарапайым халқты оңай уысына түсіру ұрылар үшін түкте емес.

«Бұл қылмыстардың болуына көптеген факторлар әсер етуде. Қазір, интернет желісі жоғары қарқынмен дамып келеді. Әлеуметтік желі табыс табудың жаңа жолына айналды. Сәйкесінше, бұл алаяқтардың да жаңа жолмен жұмыс істеуіне мүмкіндік тудырып отыр. Қаншама жыл тірнектеп жинаған қаражатынан бір күнде айырылып қалған тұрғындардың арыз-шағымынан көз ашпай келеміз. Алаяқтардың қолына көбіне заңнамалық білімі таяз адамдар түседі. Ол жағдайды толық түсінбей жатып қауіпті шешім қабылдайды. Жәбірленушінің кей мәселесі шешілсе, кей кездері қажетті нәтижеге қол жеткізе алмай қаламыз. Сондықтан, тұрғындарға айтарым әлеуметтік желіден келген ұсыныстардан барынша сақ болыңыздар. Қай мәселеде болмасын - «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» жөн. Оңай жерде олжа болмайды», - дейді тергеуші.

«ОТБАСЫМДЫ БІРНЕШЕ ТӘУЛІК БОЙЫ КӨРМЕЙТІН КЕЗДЕРІМ БАР»

Күні-түні жұмыста жүруге тергеушінің еті әбден үйренген. Отбасын, балаларын сирек көрсе де, Азат жұмысына шағым айтқан емес.

«Қазір ата-анамнан бөлек тұрамын. Ата-анамды ұзақ уақыт бойы көрмейтін кездерім болады. Жұмыс бабыма байланысты ол кісілерге сирек барамын. Ал, балаларым жұмысқа кетер кезде ұйықтап жатады тек қана кешкі уақытта ғана көремін. Кей кездері оларды бірнеше тәуліктеп көрместен, жұмыста жүремін. Отбасыма керекті көңіл бөлмей кетсем де, ата-анам, жарым мен балаларым маған әрдайым қолау көрсетіп келеді. Жұмыстан шаршап үйге аз уақытқа келгенімде, бала-шағам жылы шыраймен қарсы алып, айналып-толғанып жатады. Ер адамға үйдегі жылы атмосферадан басқа не керек дейсіз.

Әрбір қылмысты тергеудің, оны ашудың өз қиыншылықтары бар. Алайда тергеп-тексеру мерзімінің, кейбір тергеу әрекеттерін орындау уақытының шектеулі болуы тергеу саласындағы қиын мәселе деп білемін. Десе де, полицей қатарында болғаныма өкінбеймін. Себебі полиция қызметкерінің қиын жұмыс күнінің артында, қоғамның тыныштығы және қауіпсіздігі тұр. Бұл жәйттар қазақтың әрбір ер азаматы үшін жақсы демеу деп ойлаймын», - дейді ол.

Азат заң бұзушылықтың бел ортасында жүрген соң, күнделікті сан түрлі ауыр қылмыстарға куә болу өте қиын екенін айтады. Бұл мінез-құлықтың өзгеруіне тікелей әсер етіп, еріксіз қатайтады дейді.

«Адам өлімін, оның қайғысын және де өмірлік қиын жағдайларын көру полиция қызметкерінің мінез құлқын өзгертпей қоймайды. Алайда, бұл мінезді тек теріс, яғни жаман қырына өзгерту деп санамаймын. Мінез-құлықтың өзгеруі, жас полиция қызметкерлерінің ер азамат болуына, мінез қалыптастыруына септігін тигізеді. Ауыр қызмет жолын таңдағанна кейін, оны абыроймен істей білу маңызды. Алайда, қатаю полиция қызметкері азаматтарға дөрекілік танытып, олардың қиын жағдайына немқұрайлы қарау дегенді білдірмейді.

Барлық қылмыс тергеушінің есінде болатыны сөзсіз. Себебі, қылмысты тергеу барысында әрбір тараптың жауабын алу, олардың күйзеліс жағдайының әсерінен шығу, ұмыту қиын. Алайда қылмыс арасынан қатты есте қалатыны, көп әсер қалдыратыны - кісі өлтіру. Дегенмен, өз басым жұмыстан шыққан сәттен бастап, сол күні өткен жағдай мен оқиғаларды ұмытуға, жүрекке жақын қабылдамауға, қызметтегі негативті жағдайларды үйге алып келмеуге тырысамын», - дейді тергеуші.

Ол болашақта өз балалары құқық қорғау бағытына кетер болса, жауабы қандай боларын айтты.

«Әрбір ата-ана өз перзентінің қиындықта болуын қаламайтынын ескеретін болсақ, мен өзімнің балаларымның полиция қызметкерінің қиын жолын таңдуына қарсы болатыным рас. Алайда олар осы қызметтің қаншалықты қиын екендігіне қарамастан құқықтық қоғам құру үшін маңызы бар екендігін түсініп, осы қызметті таңдайтын болса, мен қуанамын. Себебі, елдің тыныштығы біздің дұрыс жұмыс істеуімізге тікелей байланысты», - дейді Азат Маханов.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.