ШұғылКоронавирус пен пневмониядан тағы 58 адам көз жұмды

«Әр ота - перформанс, әр хирург – актер». Елордалық неонаталды хирургпен сұхбат

Балалар хирургиясы, отандық медицина туралы

Жеңіс Сакуов, хирург

«Ең басты марапат – үстемақы, мақтау қағазы, медаль емес, әр науқастың айтқан алғысы. Дәрігерлер емдей алмайтын диагноз, көзінде жалыны сөнген ата-ана, сырқат бала болмасын». Бұл - елордалық маман, балалар хирургы, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы Неонаталдық хирургия бағдарламасының меңгерушісі Жеңіс Сакуовтың сөзі.

Білікті маман Azattyq Rýhy тілшісіне нәресте денсаулығында кездесетін қиындықтар мен ерекше оқиғалар жайында айтып берді.

«Астана медицина университетінде «педиатрия» мамандығы бойынша білім алдым. Одан кейін Ресейдегі N2 Пирогов атындағы ұлттық медицина университетінің «балалар хирургі» клиникалық ординатурасын тәмамдадым. Қазір «Нәрестелер хирургиясы» бағдарламасының меңгерушісімін.

Өзімнің «хоббиім» десем болады, гемангиомамен айналысып жүрмін. Өйткені, Қазақстанда қазір гемангиомасы бар балалар көп. 10 жыл бұрын гемангиоманы алып тастаудың жалғыз жолы - хирургиялық тәсіл еді. Гемангиома - бұл туа біткен қатерсіз ісік. Бірақ, кез келген қатерсіз ісік қатерлі ісікке айналуы мүмкін. Олар көздің астында, ішкі мүшелерде, бетте орналасса, хирургиялық жолмен алып тастаса, орнында тыртық қалады. Бұл балаларда өскен сайын комплекс тудыруы мүмкін. Қазіргі таңда лазермен емдеу тәсілі шықты. Ол – әзірге гемангиоманы алудың ең тиімді жолы», - дейді Жеңіс Нұртазаұлы.

Анықтама:

  • 2019 жылы «балалар хирургиясы» бойынша Генуя қаласындағы (Италия) Giannina Gaslini Children's Hospital-да тағылымдамадан өткен.
  • 2016 жылы Вильнюс университетінің клиникасында (LITHUANIA, SANTARIŠKIŲ KLINIKOS) «Clinical And Laboratory Diagnostics» тағылымдамадан өткен.

«НӘРЕСТЕЛЕР ХИРУРГИЯСЫ – ҚИЫН САЛА»

«Мамандықтың ішінде «нәрестелер хирургиясы» бағыты бойынша жұмыс істеп келемін. Бұл сала - балалар хирургиясының ішіндегі ең қиыны. Өйткені, біз туа біткен ақауы бар нәрестелерді емдейміз.  Алдымен, баланың жас ерекшелігіне байланысты қиындық болса, екіншіден, туа біткен ақаулар. Яғни, іште ұрықтың дұрыс дамымауына байланысты қандай да ақау болған кезде, кез келген мүшенің, оны түзеу, орнына келуі, кейін бала өз бетімен дем алатындай, тамақ іше алатындай, өмірдің сапасын түсірмейтін жағдайға жеткізуіміз керек.

Бір отаны жасау үшін 5-6 сағат уақыт жұмсаймыз. Жалпы, хирург болудың өз қиындықтары мен қызықтары бар. Мәселен, түнгі уақытта шақырып қалуы мүмкін. Яғни, кез келген уақытта жұмысқа шығуға дайын болуың керек. Тәулігіне осы орталықта әр операциялық орында кемі 4 отадан жасалады. Барлығы 4 орын бар, орта есеппен күніне 16 ота жасаймыз. Қажет болса, сенбі, жексенбі күндері немесе кез келген күні шұғыл түрде де ота жасаймыз», - дейді дәрігер.

СҚО, Уәлиханов ауданы Амангелді ауылында туып-өскен Жеңіс мырза хирургия саласын одан әрі меңгеру үшін Астана медициналық университетінде алған білімімен тоқтап қалмай, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Мәскеуде білім алған.

«Болашақ» бағдарламасы бойынша грантқа түсу оңай болды деп айта алмаймын. Өйткені, сол жылы медицина саласы бойынша Мәскеуге тек қана 4 студент түстік. Грант иегері болу үшін бірінші биология, одан кейін орыс тілін, химия пәнін тапсырдық. Бірінші турдан өткен студенттер психологиялық тест, сонымен қатар, қазақ тілінен тест тапсырдық. Ең соңғы кезең – әңгімелесу. Біз жаңылмай өттік. Медицина саласы бойынша аз грант бөлінді деп айта алмаймын. Дегенмен, осы талаптардың бәрінен сүрінбей өту оңай болған жоқ», - дейді ол.

Медицина саласына соңғы 11 жылын жұмсаған маман биыл Астана медицина университетіне PhD бағдарламасы бойынша оқуға түскен. Осылайша, бұл саладағы білімін шыңдауды жалғастырмақ ойы бар.

«Медицина бір орында тұрмайды, өте тез дамып келе жатыр. Мәселен, осыдан 2-3 жыл бұрын жасалатын емдеу әдістері қазір қолданылмайды. Өйткені, одан да мықты аппаратуралар ойлап табылды. Сондықтан хирург ретінде адам бір орында тұрмауы керек деп есептейсін. Әрқашан дамып, ілгерілеп отыру керек. Техникасын шыңдауы қажет. Әрине, әлі де үйренгім келетін ота түрлері көп. Осы орталық республикалық деңгейде жұмыс істегендіктен, бұл жерге түрлі деңгейдегі науқастар шоғырланады. Сол науқастармен, балалармен жұмыс істеу үшін біз де сәйкес деңгейде болуымыз керек», - дейді Жеңіс Нұртазаұлы.

Дәрігер Қазақстандағы балалар хирургиясының дамуына бағасын берді.

«Қазіргі Қазақстандағы балалар хирургиясының дамуына «жақсы» деген баға бере аламын. Балалар денсаулығына қатысты мемлекет жақсы көңіл бөлуде. Әрине, проблемалар бар. Мысалы, қазір университеттерде педиатрия мамандығы оқытылмайды. Жалпы медицинаны бітірген соң, резидентураны оқыған соң ғана, студент педиатр бола алады. Ал біз оқыған кезде, педиатрияны бірінші курстан бастап оқитынбыз», - деді.

Біздің редакцияға сұхбат берген  неонаталды хирургтың өзінің таңдаған мамандығына берер бағасы мынадай:

«Әр ота – перфоманс, әр дәрігер – актер. Ота - бұл қойылым. Расымен де солай. Себебі, қойылымдағы «ойынның» нәтижесі комедия бола ма, әлде трагедия ма – ол отаға қатысқан әр актердің (яғни, дәрігердің) өз рөлін қаншалықты жоғары деңгейде орындағанына байланысты…», - деп санайды Жеңіс Нұртазаұлы.

Сұхбаттасқан: Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан