«Визасы жоқтарға құл ретінде қарайды» - Кореяда жұмыс істеп келген жігіт Павлодарда өз бизнесін ашты

Ришат Шайхитдинов Оңтүстік Кореяда 3 жарым жыл жұмыс істеп, Павлодардан 4 пәтер сатып алған

Фото ашық дереккөзден

Жұмыс іздеген қазақстандықтардың Оңтүстік Кореяға «көші» пандемия басталғалы бәсеңдеген. Карантинге дейінгі уақытта еліміздің Сыртқы істер министрлігі аталған елде Қазақстанның 35 мың азаматы жүргенін мәлімдеген еді. Олардың тек 848-і ғана консулдыққа тіркелсе, қалғаны – гастарбайтер.

Кореяға қазақтар мол табыс табу үшін барады. Бейресми деректерге сүйенсек, онда қара жұмыс істегендердің өзі айына 2000-3000 доллар аралығында жалақы алады екен. Ал, сәті түсіп жұмыс визасына қол жеткізе алсаңыз табыс одан да көп.

Павлодарлық Ришат Шайхитдинов сондай «жолы болған» жандардың бірі. Ол Оңтүстік Кореяға 2018 жылы барып, жұмыс визасына қол жеткізген. Сол елде 3,5 жылдай жұмыс істеп, қазір елге оралды. Туған қаласында бизнес бастап кеткен. Жас кәсіпкерден Кореядағы қазақ жұмысшылары тап болатын қиындықтар, табыс көзі және виза алудың жолы туралы сұрап білдік.

– Ришат, қазақтар әдетте Оңтүстік Кореяға мол табыс табу үшін барады. Сіз де сондай арманмен бардыңыз ба?

– Мен Павлодар өңірінде туып-өстім. Жасым 30-да. Бала күнімнен әлемді аралап жүріп жұмыс істегім келетін. Оңтүстік Кореяға дейін сегіз мемлекетте жұмыс істеп көрдім. Ресейден бастап Грузия, Түркия, Армения, Әзербайжан мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен таныстым. Ары қарай Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия елдерін аралап шықтым. Мақсатым – жұмыс істеп ақша табу ғана емес, таным-көкжиегімді кеңейту болатын. Сапарымның ерекшелігі – барған елде тапқан табысымды келесі мемлекетке жету үшін жұмсайтынмын. «Ер азығы мен бөрі азығы жолында» дегенді ұстандым.

– Ал Оңтүстік Кореяға қалай тап болдыңыз?

– Корей халқының мәдениеті, салт-дәстүрі бұрыннан қызықтыратын. Әлемді аралап жүргеннен кейін Оңтүстік Кореяға баруды мақсат еттім. Бұл елге 2018 жылдың басында бардым. Содан тапжылмай тұп-тура үш жарым жыл жұмыс істеппін.

– Қазақстан мен Корей Республикасының арасында бір ай визасыз режим бар. Ал, жұмыс визасын алу қиынның қиыны. Сіз бұл мәселені қалай шештіңіз?

– Корей еліне барғанымда бастапқы екі ай жылыжайда жұмыс істедім. Оның алғашқы бір айы өткеннен кейін басшым ары қарай да жұмыс істеуіме қарсы болған жоқ. Шамасы жұмысым ұнаған секілді.

– Оңтүстік Кореяда жұмыс істеу қаншалықты тиімді?

– Жасыратыны жоқ, Оңтүстік Кореяға қазақстандықтар қара жұмыс үшін барады. Ебін тапсаң табысы жақсы жұмыс табуға болады. Ол да адамның өзіне байланысты. Мысалы, құрылыста жүргендерге алданып, тегін жұмыс істеп, түбінде ақшасыз далада қалған отандастарым болды. Тағы бірі отбасымен келіп, қара жұмыспен күн көреміз деп, жарты жылға жетпей елге қайтып жатты. Мұндай қиындыққа тап болғандар аз емес. Сондықтан қаржы табу үшін Оңтүстік Кореяға визасыз баруға кеңес бермес едім. Жақсы табысты Қазақстанда жүріп те табуға болады.

«ЖҰМЫС ВИЗАСЫ БОЛМАСА ОҢТҮСТІК КОРЕЯДА ЖҰМЫС ІСТЕУДІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ...»

– Өзіңіз үш жарым жыл ішінде жұмыс істеген орындар жайлы айтыңызшы.

–  Жылыжай көп ұзамай жабылып қалды. Жылыжайдан кейін үш жыл темір-бетон зауытында бригадир болдым.

Елге қайтардан бұрын соңғы екі ай теңізде еңбек еттім. Бастапқы екі жұмысыммен салыстырғанда соңғы орнымда жұмысым жеңілдеу, жалақысы жоғарылау болды. Әу бастан судың жағасында, теңізде жұмыс істесем деген арманым болатын.

Корей елінде теңізде жұмыс істегісі келетіндер қатары өте аз. Су, тұз, төбеңнен шақырайып тұрған күн, міне осылар адам ағзасына кері әсер етеді деп көбісі бұл жұмысқа бармайды. Жергілікті халыққа шынымен солай шығар, бірақ менің денсаулығыма қайта оң әсер берді. Жұмыс істеп көзге түскенім сонша, соңғы айлардағы табысым тіптен жоғарылау болды.

– Оңтүстік Кореяға барған қазақстандықтар ай сайын қанша табыс табады?

- Өзімнен бастайын, 2018 жылы алғаш келгенімде жылыжайда жүріп айына 850-900 мың теңге табатынмын. Ол кезде бір орынға бірнеше адам таласқан соң еңбекақы да қазіргіден аздау болды. Ал қазір орташа есеппен ай сайынғы табыс бір млн теңгеден басталады (қара жұмыстың құны). Бұл жергілікті халық үшін аса көп емес. Еңбек шарты бойынша жұмыс істесеңіз жатын орын да, күніне бір уақыт тамағыңыз да тегін болмақ. Ал, жұмыс визасы болмаса Оңтүстік Кореяға барып жұмыс істеудің қажеті жоқ.

Не үшін?

– Елде заңсыз жүргендіктен проблемаға көп ұшырайды. Жұмыс берушілер алдап кетуі мүмкін, алдамаса да тиісті жағдай жасалмайды. Былайша айтқанда, есік алдындағы құлы ретінде қарайды.

КОРЕЯДА ТАПҚАН ТАБЫСЫНА ТӨРТ ПӘТЕР АЛҒАН

– Қазақстандықтардың Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істеуі үшін қандай шаралар атқарылуы тиіс?

– Кореяда жүргенімде біраз өнеркәсіпті, түрлі технологиялық жабдықтар шығаратын орындарды аралап шықтым. Бұл елден технология шығаруда үйренеріміз өте көп. Қазақстан мен Корея басшылығы арнайы меморандумға отырып, қазақстандықтардың осындай кәсіпорындарда заңды жұмыс істеуіне жәрдем етсе, біздің елге келер пайда көп болар еді. Тіпті, біздегі студенттердің тәжірибесін Оңтүстік Кореяда өткізсе, көргені мен білгені аз болмас еді. Қаржылық жағдайын жақсартып қана қоймай, үйренгенін Қазақстанға келіп, ары қарай дамытар еді.

– Кореяда жұмыс істеп келгендер әдетте несиесін жауып, үй алады. Сіз өз табысыңызды қандай мақсатқа жұмсадыңыз?

– Оңтүстік Кореяда ары қарай да жұмыс істей беруіме болатын еді. Бірақ елге келіп, өз бизнесімді ашқым келді. Келгеніме екі айдай болды. Корей елінде табысымды арттырып, шығынымды барынша азайтуға тырыстым. Нәтижесінде Павлодардан төрт үй алдым, қалғанын құрылысқа салуды жоспарлап отырмын.

– Алға қойған жоспарыңыз орындала берсін! Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Аян Бекжанұлы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.