Ибн-Сина, Ұлықпан хакім, Өтейбойдақ бабаларымыздың жолын жалғастырып келемін - Денсаулық саласының үздігімен сұхбат

Қайрат Айдарханұлы – «Шипагерлік баян», «Қазақ емшілігі» сынды кітаптардың авторы

Ибн-Сина, Ұлықпан хакім, Өтейбойдақ бабаларымыздың жолын жалғастырып келемін - Денсаулық саласының үздігімен сұхбат

«Құрмет» орденінің иегері, академик, жоғары санаттағы дәрігер, Денсаулық саласының үздігі, зерттеуші, ҚР Ұлттық ғылым академиясының прфессоры, ҚР Қоғамдық ғылымдары академигі, «Шипалы» емдеу орталығының директоры әрі бас дәрігері Қайрат Айдарханұлымен Azattyq Ruhу тілшісі сұхбаттасты. 

Дәрігерлік қырымен ғана емес, тұлғалық болмысымен, ізгі қасиеттерімен көпке танымал Қайрат Айдарханұлы әуелі ата-анасы берген тәрбиесі турасында айтты.

«Әкем Айдархан Қалиұлы діни сауаты толық, Аллаға деген ақ ниетін жоғалтпаған адам болды. Бес уақыт намазын қаза етпеген. Өмірінің көп бөлімі егіншілік және тоған жобалау сынды техникалық шеберліктегі жұмыстарымен ел үшін еңбек етіп өтті. Сауыр-Сайқан өңірінде күні бүгінге дейін «Тоған басы – Айдарханның тоғаны», «Айдархан жобалаған, қаздырған тоған» аталатын байырғы егіншілік іздері әлі күнге сайрап жатыр. Ол кісі 1943-1944 жылдары болған Өр Алтайдағы ұлт азаттық күресі кезеңінде ел азаттығы үшін атқа қонған. 1944 жылы «елді гоминдаңшыл қытайлардан бөліп алу» саясаты бойынша Жеменей елінің Зайсан ауданы өңіріне келіп паналауына өзіндік қолғабысын жасаған. Анам Кәмеш (шын аты Кәмила) Жұмабекқызы он саусағынан өнер тамған шебер, пысық, ісмер адам болған екен. Өзінің қара басының ғана қамын ойламай, киіз басу, тері илеу, сырмақ-тұскиіз тігу, ою-өрнектері жағынан ауыл-аймақ ел-жұртына өнегелі, қайрымды жан болды. Тағы бір ерекшелігі – қазақтың қара емдеріне жүйрік еді. Аузында дұғасы бар болғандықтан кішігірім ұшықтау, ем-дом жасау сынды жұмыстарды да өзі атқара беретін. Қандай қиын күндерде жүрсе де, әкем Айдархан екеуі иманнан, намазынан айырылмаған», - деп ата-анасын еске алды Қайрат Айдарханұлы.

1960 жылғы 10 шілдеде Қытай аумағына қарасты Алтай аймағы Жеменей ауданы Шалшықай ауылының Қутал қыстағында туған Қайрат мырза 1978 жылы Шынжаң Медицина институтының дауалау факультетіне оқуға түседі. Осылайша, медицинаға деген қызығушылық оянып, өмірлік бағыты айқындалады. 1985 жылы еңбек жолын Жеменей аудандық халық емханасында дәрігер болып бастайды. 1987-1991 жылға дейін Үрімжі қаласындағы Шынжаң Медицина Университетіне барып жалғасты білім алған. 1991-1992 жылдары Алтай Аймақтық Халық емханасында және ШҰАР халық емханасының сыртқы аурулар бөлімінде дәрігерлік қызмет атқарған. 1993-1996 жылдары Шынжаң Медицина Университетінде аспирантураға түсіп, «Өттің қатерлі ісігі ақындағы» еңбегін қытай тілінде сәтті қорғап, ғылым кандидаты атанған. 1997 жылы сәуірде ШҰАР доценттік атаққа ие болған.

«Жанқияралық еңбектің арқасында талай сырқатты аяғынан тұрғыздым. Ажал аузынан қайтқан жандар да аз болған жоқ. Жеменей ауданының тарихында бастапқы сүйек ауруларының көкірек отасын, өт отасын, тұңғыш рет өзім жасадым. Ақ сақалды аталарым мен ақ самайлы аналарымның арасында: «біздің Лұқпан Хәкімімізсің» деп ақ батасын арнағандар да көп болды», - дейді дәрігер.

1997 жылы Қайрат Айдарханұлының есімі ҚХР медицина саласындағы мемлекеттік «Әйгілі адамдар» сөздігіне кірсе, 1999 жылы ҚХР мемлекеттік денсаулық сақтау министрлігі жағынан «жоғары дәрежелі маман» атағын алады.

1995 жылы «Шипагерлік баян» кітабы Қытайда жарық көрген. «Қазақ емшілігі», «Қазақ емшілігі: төрт түлік мал өнімдері», «Қазақ емшілігі: аң-құс жәндіктердің емдік қасиеті» атты үш томдық танымдық-зерттеу энциклопедиялық жинақтары жарыққа шықты. Сонымен қатар, «Сыр мен Сауыр арасы», «Арқа төрінде», «Алтай алыптары» т.б. туындылары оқырман қауымға жол тартты. Аталмыш кітаптар Елбасы кітапханасының қорында сақтаулы. «Қазақ емшілігі» І-ІІ том, Ежелгі емшілік іздері (біздің заманымызға дейінгі 7-8 ғасырдағы сақ, ғұн, түркі кезеңдері) және «Қазақ емшілігі рецептері» атты ғылыми-зерттеу еңбектеріне медицина ғылымдарының докторы, профессор Төрегелді Шарманов бата-тілегін берген.

2004 жылы атажұрты Қазақстанға қадам басып, 2005 жылы отбасымен біржолата көшіп келген. Бүгінгі таңда Астана қаласының тұрғыны. 2012 жылы елордадағы Медицина университетінен арнайы курстан өтіп, «Отбасылық дәрігер» емдеуі бойынша мемлекеттік лицензия алған. Сөйтіп, «Шипалы» емдеу орталығын ашып, ұжымға жетекшілік етіп, бас дәрігерлік қызметін атқарып келеді. «Шипалы» емдеу орталығы қазірге дейін 150 мыңнан астам адам қабылдап, емдеу ісінде көрнекті нәтижелерге қол жеткізді.

Бірнеше мәрте Денсаулық сақтау министрінің қабылдауында болып, ұлттық медицинаны дамыту туралы тың ұсыныстар жасаған.

Валеология Академиясының Академигі, Тарих және Қоғамдық ғылымдар Академиясының академигі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының профессоры ҚР Президентінің 2018 жылғы 21 қарашадағы Жарлығы бойынша «Астанаға 20 жыл» медалімен және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2019 жылғы 29 қарашадағы Жарлығы бойынша «Құрмет» орденімен марапатталады.

Дәрігер жары Сәуле Нұрсыланқызымен бірге Өркен, Өркеш есімді екі ұлды тәрбиелеп, өсірді. Бес немересі бар.

«Халыққа қалтқысыз қызмет ету мақсатым. Кешегі өткен Ибн-Сина, Ұлықпан хакім, Өтейбойдақ бабаларымыздың жолымен емші-дәрігерлік жолын жалғастырып, науқасқа шипа беріп, қолымнан келгенді аянбай еңбек ете беруге бармын. Халықтан қандай құрмет көрсем де ол бір ғана Жаратушының арқасында. Адамның бойында қандай да бір қасиет болмаса, оқыған да тоқыған да бәрі бекер болар еді. Ең әуелгісі - адамдық пейіл, ниет. Сонан соң ғана алған білім мен ілімің сол қасиетті толықтыра түседі», - деп сұхбатын аяқтады Қайрат Айдарханұлы.

Сұхбаттасқан: Сымбат ҒАЛЫМЖАН 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.