Шымкентте кавасаки синдромы анықталған 5 жасар бала жазылып шықты

Жыл басынан бері қалада кавасаки тәріздес синдром екі баладан анықталған

Шымкентте кавасаки синдромы анықталған 5 жасар бала жазылып шықты
Фото: ашық дереккөзден

Шымкентте кавасаки тәріздес синдромға шалдыққан бес жасар бала жазылып шықты. Бүлдіршін 30 шілде күні «Асар» шағынауданындағы балалар ауруханасына ауыр жағдайда жедел жәрдем қызметімен түскен болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Науқас бала бес күндей жансақтау бөлімінде жатып, алынған сынама нәтижесінде кавасаки тәріздес синдром анықталған еді. Ақ халаттылар қауіпті инфекцияға шалдыққан баланы емдеу үшін тиісті ем-дом шараларын жүргізіп, аяғынан тұрғызды.

Дәрігерлер қауіпті инфекция коронавирустың асқынуынан пайда болатынын айтады.

«Бала 5 күндей реанимацияда болды. Дер кезінде диагнозын қойып, ем тағайындау арқасында баланың беті бері қарады. Оны 5 күндей жансақтау бөлімінде, одан кейін тағы 5 күн бөлімшеде қадағалап, жағдайының жақсарған соң үйге амбулаторлық бақылауға шығардық», - деді Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Қаламқас Даумбаева.

Қауіпті дерттен айыққан бүлдіршін ауруханадан шығарылды, енді жергілікті тіркелген емханадағы дәрігерлердің бақылауына болады. Айта кетейік, жыл басынан бері қалада кавасаки тәріздес синдром екі баладан анықталған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.