ШұғылКоронавирус пен пневмониядан тағы 58 адам көз жұмды

БҚО-ның бас салықшысы өзіне бағынышты қызметкердің қылмысы үшін отставкаға кетті

Болашақта ол мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істей алады

Жанболат Тілеулес, фото: inbusiness.kz

11 тамыз күні Орал қалалық соты Мемлекеттік кірістер басқармасының экс-басшысы Нұрлан Алхиевке қатысты үкім шығарды. Ол 1 мың АҚШ доллары көлемінде пара алғаны үшін ұсталды.

Сот шешімінен кейін - 2 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Жанболат Тілеулес өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш берді.

Қаржы министрлігінің тәртіптік комиссиясы Департамент басшысының өтінішін қарап, мақұлдады.

«Өтініш қаралып, қанағаттандырылды. Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы қызметінен босатылды. Болашақта ол мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істей алады, өйткені сот оның істі болған бағынышты қызметкермен жемқорлық байланысы барын дәлелдеген жоқ», - деп мәлімдеді Қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы Әлібек Әбділов.

Еске салайық, 27 тамызда Орал қалалық сотының Мемлекеттік кірістер басқармасының бұрынғы басшысы Нұрлан Алхиевке қатысты үкімі заңды күшіне енді.

Қылмыстық істер бойынша сот 1 мың АҚШ доллары көлемінде пара алғаны үшін Нұрлан Алхиевті кінәлі деп танып, оған 23,7 миллион теңге мөлшерінде айыппұл салды. Мемлекеттік қызметте, мемлекеттік ұйымдарда және квази-мемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырып, жәбірленушілерге өтемақы қорына 58,3 мың теңге өндіріп алды. Бұл ретте сотталушы сот залындағы қамаудан босатылды.

Ал 24 жастағы Жанболат Тілеулес 2019 жылдың мамыр айында БҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болып тағайындалған болатын. Нұрлан Алхиев Орал қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бастығы лауазымына оның бұйрығымен қабылданды.