Қазақстан мен Мысыр арасында әуе қатынасы тоқтады

Azattyq Rýhy

Әуе компанияларының ақпараты бойынша бүгінгі таңда Египетте 2800-ге жуық Қазақстан азаматы бар

Қазақстан мен Мысыр арасында әуе қатынасы тоқтады

Коронавирустық инфекцияның жаңа «Омикрон» штамының пайда болуына жол бермеу үшін Қазақстан Республикасы аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімдеріне сәйкес 2021 жылдың 3 желтоқсанынан бастап Египетке әуе қатынасы тоқтатылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстан мен Египет арасындағы әуе рейстерін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қостанай және Ақтөбе қалаларынан Шарм-Эль-Шейх қаласына «Air Astana» және «SCAT» әуе компаниялары орындап келді.

Әуе компанияларының ақпараты бойынша бүгінгі таңда Египетте 2800-ге жуық Қазақстан азаматы бар. Олар 2021 жылғы желтоқсанның 3-10 аралығында аталған әуе компанияларының рейстерімен елге жеткізіледі.

«ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 30 қарашадағы №51 қаулысына сәйкес Египеттен келген жолаушылар COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсының бар-жоғына қарамастан, ҚР Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен сәттен бастап мерзімі 72 сағаттан аспаған COVID-19-ға ПТР әдісімен тапсырылған тестінің теріс нәтижесі туралы анықтаманы көрсетуі тиіс. Сондай-ақ, вакцина алған және тиісті анықтамасы бар болса да, 7 күнге оқшаулануы керек.   

Рейстердің орындалатын күндері туралы толық ақпарат алу үшін жолаушылар турды немесе әуе билетін сатып алған орынға хабарласуы қажет», - делінген ИИДМ хабарламасында.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.