Биыл 55 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам санаторияда ем алды – министрлік

Azattyq Rýhy

266 мыңнан астам мүгедектігі бар адам әлеуметтік көмек алды

Биыл 55 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам санаторияда ем алды – министрлік

Биыл жыл басынан бері 266 мыңнан астам мүгедектігі бар адам Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы оңалтудың техникалық құралдарын (ОТҚ), 6 мыңнан астам ымдау тілі қызметтерін, 33 мыңнан астам жеке көмекшінің қызметтерін, 55 мыңға жуық санаторлық-курорттық ем алды. Сондай-ақ, портал арқылы кепілдік берілген әлеуметтік топтамаларға 210 мың тапсырыс рәсімделді. Бұл туралы Azattyq Rýhy Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады», - делінген хабарламада.

Министрліктің хабарлауынша мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.

«Бүгінгі күні порталда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 795 медициналық-әлеуметтік мекеме (бөлімшелер), 157 ОТҚ жеткізуші, 15 мыңнан астам жеке көмекші, 262 ымдау тілі қызметін, 79 санаторлық-курорттық емдеуді, 135 кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы жеткізушілер тіркелген.

«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде қарастырылған», - делінген ведомство таратқан ақпаратта.

Толық ақпаратты 1414 бірыңғай нөмірінен алуға болады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.