Соғыста хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық 500 жауынгердің жатқан жері анықталды

Қазақстаннан соғысқа 1 200 000-нан астам адам аттанған болатын

Соғыста хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық 500 жауынгердің жатқан жері анықталды
Көрнекі фото

Екінші дүниежүзілік соғыста майдан даласында опат болған және хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық 500 жауынгердің жатқан жері анықталды. Чех ғалымдары жасаған тізім бойынша Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Анатолий Плешаков осы майдангерлердің туған-туыстарын іздестіруде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Тарихшы қолда бар мәліметтерді баспасөз беттеріне жарияламақ. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстаннан соғысқа 1 200 000-нан астам адам аттанған болатын. 600 000 отандасымыз елге оралмады. Олардың 125 000-ы хабар-ошарсыз кетті.

«Тізімде Чехия, Словакия елдерінде қайтыс болған азаматтардың есімдері қамтылған. Кезінде хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің туыстары аталарының қайда жерленгенін білуі керек. Тізімді біраз зерттедім. Көбі 18-20 және 40-45 жас аралығында, олар соғыс аяқталар жылдың сәуір, мамыр айларында оққа ұшқан. Өйткені әскерге ерте шақырылғандардың көпшілігі сол кезге жете алмады. Олардың майданға Қазақстанның қай өңірінен аттанғаны, қайда қайтыс болғаны, жерленген орны жайында барлық ақпарат жинақталған. Чехияда бұл тізім әлі де толықтырылуда. Тізімдегі жауынгерлер чех жерінде қаза тауып, сол жерде жерленген. Менің ойымша, олар хабарсыз кеткендер санатында немесе туыстары соғыста қаза тапқанын біледі, бірақ қайда жерленгенінен хабарлары жоқ. Ал менің қолымдағы тізімде олардың аты-жөні ғана емес, жерленген орындары да көрсетілген», - дейді Kozybayev University профессоры Анатолий Плешаков.

Тарихшы қолда бар тізім бойынша бір отбасын тауып үлгерді. Марқұмның жерленген орны, суреттері мен жеке құжаттарын туыстарына тапсырды.

«Мен Анатолий Андреевичтің әріптесімін. Тізімде тұрмысқа шыққанға дейінгі тегімммен бірдей «Атьков» деген адам бар екен. Ол маған туыс болып шықты. Табылған суреттеріне қарасам інілеріме ұқсайды екен. Осындай атамыздың болғаны мақтаныш қой», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Мария Могунова.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.