Қазақстанның олимпиадалық командасы Қытайға аттанды

Azattyq Rýhy

Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі 4 ақпан күні Бейжіңдегі Ұлттық стадионда өтеді

Қазақстанның олимпиадалық командасы Қытайға аттанды

Қазақстандық делегация Нұр-Сұлтан-Алматы-Бейжің бағыты бойынша Олимпиада ойындарына ұшып кетті. Бұл туралы Azattyq Rýhy Olympic.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Барлық спортшылар мен бапкерлер ұшар алдындағы соңғы аптаны карантинде өткізді. Нақтылап айтар болсақ, олар үшінші тараппен байланыспай, көпшіліктен бөлек тұрып, бөлек жаттығу жасады.

Қытайға делегацияны арнайы «Air Astana» әуе рейсі барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жеткізеді. Бұл рейспен конькимен жүгіру, фристайл-могул, шорт-трек, тау шаңғысы, шаңғымен тұғырдан секіру және шаңғы қоссайысынан ұлттық құрамалар аттанды.

Ал қорытынды жиынды шетелде өткізіп жатқан биатлон, шаңғы жарысы және шаңғы акробатикасынан ұлттық құрамалар Қытайға өз бағыты бойынша келеді.

«Бүгін біз Олимпиада ойындарына ұшып барамыз. Бәріміз толқып тұрмыз. Алдағы сында жақсылықтан үміттіміз және мұндай жауапты жарыста бар күшімізді саламыз. Осындай қиын кезеңде барлық жағдайды жасап, қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысы мен Үкіметке, Ұлттық Олимпиадалық комитетке алғыс айтамын. Біз қандай кезең болса да, жаттығуды үзген емеспіз», - дейді Қазақстан командасының ту ұстаушысы, шорт-тректен құрама көшбасшысы Абзал Әжіғалиев.

Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі 4 ақпан күні Бейжіңдегі Ұлттық стадионда өтеді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.