Владимир Путин қазақ композиторы Еркеш Шакеевті авторлық төлемдерден айырды

РФ Президентінің бұл жарлығына осы жылдың 22 мамырында қол қойылған

Владимир Путин қазақ композиторы Еркеш Шакеевті авторлық төлемдерден айырды

Қазақстанның композиторы және орындаушысы, қазақтың халық ақыны Көкен Шакеевтің ұлы Еркеш Шакеев ТМД аумағы мен Ресей Федерациясында орындалған әндері үшін авторлық төлемдер ала алмай қалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Бұл туралы ол Вадим Борейкоға берген сұхбатында айтқан. Azattyq Ruhy тілшісі композитордың жеке өзіне хабарласып, пікір алуға тырысқанымен, Шакеев мырза әзірге жауап берген жоқ. Дегенмен, you tube желісіндегі сұхбатында ол оқиғаны қысқаша баяндайды.

«Біраз уақыттан бері Мәскеуден түсетін авторлық төлемдерді алмай қалдық. Менің оншақты әнім Ресей мен ТМД аумағында ротацияда. Бұрын Ресейде авторлық құқыққа қатысты жағдай көңіл көншітпейтін еді. Бірақ, соңғы жылдары осы саланың жұмысын жақсы білетін адамдар келіп, гонорар төлене бастаған болатын. Оған енді үйрене бастағанда, тағы да төлемдер төленбей қалды», - дейді Еркеш Шакеев.

Шакеев Мәскеудегі есепшісімен бірге мәселені шешуге кіріскенде, Ресейдің валюта комитеті Путиннің көктемдегі жарлығына сүйеніп, композиторды төлемнен айырғанын анықтаған.

Дәлірек айтсақ, РФ Президенті Владимир Путин 27 мамыр күні Жарлыққа қол қойып, Ресейге қарсы санкцияларды, батыстың осы елге қатысты «достаc емес ниетін» қолдайтын, ашық түрде Ресейдің заңды және жеке тұлғаларының ар-намысына тиген адамдарды авторлық төлемдерден айырған.

Жарлықтың толық атауы «Ресей Федерациясы Президентінің 2022 жылғы 27 мамырдағы N 322 «Кейбір құқық иелері алдындағы міндеттемелерді орындаудың уақытша тәртібі туралы» Жарлығы» деп аталады.

Еркеш Шакеев 6 мамыр күні ГиперБорей каналында Ресейдегі тележүргізуші журналист Тигран Кеосаянға арнап «ән» айтқан. Яғни, Қазақстан азаматтарын орынсыз қорлап, мазақ қылған Тигран Кеосаянды «миы жоқ», «провокатор» деп, мысқыл ән шығарған еді.

«Шынымды айтсам, бұл тақырыпта пікірімді ашық білдіремін деген ойым болған жоқ. Бірақ, Кеосаянның бұл айтқаны шынымды айтсам, дұрыс адамдардың кез келгенін ашуландырды. Ойдан шығарып ештеме жазбаймын. Шығармашылықтың адамы болған соң ойыма осы иірімдер келді, сөздер келді, содан жай ғана жаза бастадым», - дейді Еркеш Шакеев.

Еркеш Шакеев бұнымен тоқтамай, керек болса Кеосаянға тағы ән арнаймын дейді.

«Менің әкем ақын емес пе!? Керек болса, оған тағы ән арнай аламын», - дейді композитор.

Azattyq Ruhy тілшісі Шакеевтің өзімен жеке сұхбаттасып, авторлық төлемдерін қайтарып алатындай жоспары бар ма екенін біледі.

Естеріңізге сала кетейік, Кеосаян 24 сәуір күні өзінің ютубтағы жеке парақшасына видео жүктеп, Қазақстан азаматтарын «қусыңдар, жағымпазсыңдар» деп мазақ қылған еді

«Қазақтар, бауырлар, бізге деген алғыстарың қайта? Ресей бір жаққа жоқ болып кетеді деп ойлайсыздар ма? Әлде біз Марсқа ұшып кетеді дейсіздер ме? Мүмкін, сіздер кететін шығарсыздар сол жаққа? Ресейдің жауапты адамдары екі елдің өзара қарым-қатынас деңгейін қайта қарап көру керек шығар!? Сендер сияқты «қуларға» біз шара қолданбайды деп ойласаңыздар, қателесесіздер», - деген болатын Кеосаян.

Осы сөздерден кейін қазақстандық адвокат Жангелді Сүлейменов Кеосаянды сотқа берген. Істі Алматы қаласы Алмалы ауданының соты қарайды.

«Соттан сұрайтын бір ғана талабым бар -  Кеосаян өзінің ютуб арнасына кінәсін мойындап, оның айтқаны теріс екенін мойындап, жаңа видео жазсын. Басқа талабым жоқ», - дейді Сүлейменов.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.