Қостанайға көмек: «AMANAT» партиясы 800 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинады

Бүгінде оның 200 тоннасы Қостанайға жеткізілді

Қостанайға көмек: «AMANAT» партиясы 800 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинады

«AMANAT» партиясы Қостанай облысындағы табиғи өрттен зардап шеккен тұрғындар үшін екі күн ішінде 807 тонна гуманитарлық көмек жинады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте партия хатшысы Дәулет Кәрібек мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Атап айтқанда, кеше партия мүшелері 312 тонна, ал бүгін 495 тонна көмек жинады, оның 338 тоннасы – азық-түлік. Сондай-ақ жылы киім, жеке тазалық құралдары, төсек-орын жабдықтары, тұрмыстық техника және құрылыс материалдары жіберілді.

«Төтенше жағдай болған сәттен бастап «AMANAT» партиясы көмек қолын созуға кірісіп кетті. Партия мүшелері зардап шеккен тұрғындарға тікелей сол жерде қолдан келген көмек көрсетіп жатыр. Оқиға орнына «Жастар Рухы» жастар қанатының 300-ден астам волонтері барды, олар гуманитарлық көмекті жүк көліктерінен түсіруге және таратуға жәрдемдесуде. Мұның бәрі қазақстандықтардың бірлігін, олардың өз отандастарына көмек көрсету үшін жұдырықтай жұмыла алатынын дәлелдейді. Зардап шеккендер тезірек қалыпты өміріне оралуы үшін және жаңа баспаналар салу үшін күш-жігер жұмылдыру қажет. Осы ортақ міндетті бірлесіп атқаруға «AMANAT» партиясы да белсене атсалысады», - деді Дәулет Кәрібек.

Еске сала кетейік, барлық өңірлер бойынша партияның аймақтық филиалдары жанынан кешеден бері гуманитарлық көмек қабылдау пунктері ашылды. Олардың жұмысына «Жастар Рухы» жастар қанатының 1200-ден астам еріктісі жұмылдырылды.

«AMANAT» партиясы Орталық аппаратының ұжымы Қостанай облысындағы табиғи өрттерден зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету қорына бір күндік жалақысын аударды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.