«Ұлы дала жорығы» бәйге-марафонының екінші күні: 3 облыстың шабандоздары алда келеді

Azattyq Rýhy

Жарысқа қатысушы командалар 200 км жүріп өтті

«Ұлы дала жорығы» бәйге-марафонының екінші күні: 3 облыстың шабандоздары алда келеді

«Ұлы дала жорығы» республикалық бәйге-марафонының екінші күнінің аралық нәтижелері жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Екі күн ішінде шабандоздар Астанадан Қарағанды облысындағы Баршын ауылына дейін 200 км жүріп өтті.

«Жалпы нәтижесі 16 сағат 43 минутпен Маңғыстау облысының құрамасы 1-орын тізгінін сақтап отыр. 2-орынға Жетісу жігіттері шықса, 3-орынға Ақтөбе командасы жайғасты», - делінген жарысты ұйымдастырушылар хабарламасында.

Жарыстан екінші күні Атырау, Павлодар және Ақмола облысының командалары шығып кетті.

Айта кетсек, 18-29 қыркүйек аралығында марафоншылар елордадан Түркістан қаласына дейін 1200 шақырымнан аса қашықтықты басып өтеді. Марафон 100 шақырымдық 12 сатыға бөлінген. Еліміздің әрбір өңірінен марафонға 1 командадан қатысады. Марафонға қатысушыларға Ұлы дала рухын сезінуге және түркілердің киелі жерлері – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, сондай-ақ Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ қаласы пен түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға зиярат жасауға мүмкіндік туады. Сондай-ақ іс-шара еліміздің туристік әлеуетін танытып, ұлттық-мәдени бренд қалыптастыруды мақсат етіп отыр.

Сәйгүліктердің жарысқа жарамдылығын екі халықаралық, екі қазақстандық – төрт бірдей ветеринар қатаң бақылап отырады. Әр команданың уақыты есептеліп, соның нәтижесінде жеңімпаздар анықталады. Ереже бойынша құрамадағы бес адамның кемінде үшеуі мәрені кесіп өтуге тиіс. Әр елу шақырым сайын марафон қатысушылары бой жазып, тамақтану үшін арнайы киіз үйлер мен шатырлар тігіледі.

Соңғы меже – Түркістан қаласына дейін ең қысқа уақыт ішінде жеткен команда мүшелері бас жүлде – «Ұлы дала сарбазы» атағы мен 30 000 000 теңге көлеміндегі жүлдемен марапатталады. 2-ші және 3-ші орын иегерлері сәйкесінше 20 000 000 теңге және 15 000 000 теңге жүлдені қанжығаға байлайды.

 Марафон-бәйгені ұйымдастырушылар – «The Great Steppe Tour» қоғамдық қоры мен Ұлттық спорт қауымдастығы. Үйлестіру жұмысын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жүргізсе, «Самрұқ-Қазына» АҚ – Бас серіктес, ал «Sportqory» спортты қолдау қоры серіктестік танытып отыр.


 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.