Қазақстан мектептерінде 3600-ден астам мұғалім тапшы

Бүгінде елімізде 3,6 миллионға жуық бала білім алып жүр

Қазақстан мектептерінде 3600-ден астам мұғалім тапшы
Фотоколлаж

Қазақстан мектептрінде 3 620 педагог тапшы. Ең жоғары сұраныс – орыс тілі мұғалімдеріне. Орта білім беру ұйымдарында орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің 800-ден астам мұғалімі жетіспейді. Әсіресе, оңтүстік өңірлерде аталған шет тілінің мамандары тапшы. 536 жоғары білімді бастауыш сынып мұғалімі керек. Статистиканың үшінші сатысында математик мамандар тұр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

ҚАНДАЙ ПӘН МҰҒАЛІМДЕРІНЕ СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ?

Қазақстанда 6 942 мемлекеттік мектеп жұмыс істеп  тұр. 3,6 миллионға жуық бала білім алып жүр. Биыл елімізде жаңадан 220 мектеп ашу жоспарланған. Жаңа оқу жылында 72 нысан есігін айқара ашса, жыл соңына дейін тағы 148 мектеп іске қосылмақ. Отандық білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі – жоғары білімді маман тапшылығы.

«Ұлттық білім деректер базасының статистикалық мәліметтеріне сәйкес, бүгінде еліміздің жалпы білім беретін мектептерде 337 975 пән мұғалімі бар. 2025 жылға дейін орта білім беру ұйымдарын білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету болжамы әзірленді. Қазіргі уақытта педагогтерге қажеттілік 3 620 адамды құрайды, оның ішінде 1885 қалалық, 1735 ауылдық жерлерде. Пәндер бойынша тарқатып айтар болсақ, ағылшын тілі – 344, биология – 58, география – 76, СБӨ – 22, информатика – 166,  тарих – 126, қазақ тілі мен әдебиет – 92, математика – 532, музыка – 171, бастауыш сынып – 536, алғашқы әскери дайындық – 49, неміс тілі – 4, орыс тілі мен әдебиеті – 844, физика – 177, дене шынықтыру – 66, химия – 154 және көркем еңбек пәні бойынша  – 81 мұғалім жетіспейді. Өзге пәндер бойынша – 122 педагог тапшы», - дейді Оқу-ағарту министрлігінің орта білім беру комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

МӘСЕЛЕ ҚАЛАЙ ШЕШІЛМЕК?

Маман жетіспеушілігі мәселесін шешу мақсатында мемлекет басшысының тапсырмасымен «Мұғалімдер тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тиісті қолдау шараларының пакетімен тарту қағидаларын бекіту туралы» арнаулы бағдарлама бекітіліп, жол картасы әзірленді.

«Конкурс өткізу туралы бұйрық шығарылып, Конкурстық және апелляциялық комиссиялардың құрамы бекітілді. Қаулыны іске асыру мақсатында министрлік мұғалімдер тапшылығы бар өңірлер үшін қолдау шараларының тиісті пакетімен үздік педагогтерді тарту бойынша конкурстың рәсімдері жүргізілуде. Конкурс бойынша барлық қажетті ақпарат жергілікті атқарушы органдардың және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының ақпараттық ресурстарында орналастырылды. Министрлік және жергілікті атқарушы органдар бірнеше рет брифингтер өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде ақпарат таратты. Қағидаларға сәйкес қазіргі уақытта өңірлік үлестіру кеңесі педагогтерді жұмысқа қабылдау және оларды бөлу бойынша жұмыс жүргізіп отыр. Мұғалім тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тиісті қолдау шараларының пакетімен тарту бойынша конкурстық рәсімдерді өткізу жалғасып жатыр», - дейді Гүлмира Кәрімова.

МЕКТЕП, БАЛАБАҚША ДИРЕКТОРЛАРЫН РОТАЦИЯЛАУ ҚАНДАЙ НӘТИЖЕ БЕРМЕК?

Жаңа оқу жылына дейін Қазақстанда балабақша, мектеп директорларын ротациялау науқаны өткені белгілі. Жоспардағы 414 білім беру ұйымының басшысы ауыстырылды. Талапқа сай бір ұйымды 7 жылдан артық басқарып келген басшылар ротациялануы тиіс. 1266 директорды ауыстыру жоспарланған болатын. Сонымен қатар мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидалары бойынша жаңа нормативтік құқықтық акт әзірленді. Осы нормативке сәйкес педагогтерді қабылдау нақты біліктілік көрсеткіштері бойынша конкурстық негізде жүзеге асырылады.

«Педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларының түлектерін сертификаттау енгізіледі. Болашақ педагог біліктілік санатын Ұлттық біліктілік тестінен өту нәтижелері бойынша алады. Мансаптың басында жас педагогтар жалақының айтарлықтай өсуіне қол жеткізе алады. Сондай-ақ жаңадан бастаған педагогтерді қолдау үшін тәлімгерлік институтын дамыту тетіктері көзделген. Педагогикалық білімі жоқ тұлғалар үшін педагогикалық қайта даярлау бойынша жұмыс жалғастырылды. Бүгінгі таңда «Педагог мәртебесі туралы» Заңына сәйкес педагогикалық қайта даярлаудың тиісті білім беру бағдарламалары әзірленіп жатыр. Бұл шара жалпы педагогтарға деген қажеттілік проблемасын шешуге бағытталған», - дейді Гүлмира Райынбекқызы.

Оқу-ағарту саласындағы өзекті мәселелердің тағы бірі – әбден тозығы жеткен мектептер санын қысқарту. Қазақстанда ресми түрде аппатты деп танылған 33 мектеп бар. Жағымсыз ститистиканың көшін Батыс Қазақстан облысы бастап тұр. Бұл өңірде кезек күттірмей қолданыстан шығаруды немесе күрделі жөндеуді қажет ететін 6 білім ошағы бар. Одан кейінгі тізімде Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Түркістан облыстары тұр. Әр өңірде 4 мектеп апатты жағдайда жұмыс істеуде.   Ал Қарағанды мен Солтүстік Қазақстан облыстарының әрқайсысында қаусап тұрған 3 мектептен тіркелген. Маңғыстауда 2, Ақмола облысында 2 және Алматы қаласында 1 мектептің оқушылары тозығы жеткен нысанда білім алуға мәжбүр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.