Марадонаның отбасы футболшының денесін қазып, басқа орынға жерлеуді талап етіп отыр

Azattyq Rýhy

Диего Марадона 2020 жылы қарашада жүрек талмасынан қайтыс болған

Марадонаның отбасы футболшының денесін қазып, басқа орынға жерлеуді талап етіп отыр
Фото: Bild

Аты аңызға айналған әйгілі футболшы Диего Марадонаның отбасы оның денесін қазып, қайта жерлеуді талап етіп отыр. Бұл туралы Azattyq Ruhy агенттігі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Аргентиналық футболшы Диего Марадона 2020 жылы қарашада жүрек талмасынан қайтыс болған. Оның денесі Буэнос-Айрестің маңындағы Белла Виста жеке зиратында жерленді.

Алайда қазір Марадонаның отбасы оның сүйегінің қазылып, Аргентина астанасындағы Мемориал дель Дьес кесенесіне көшірілуін талап етіп отыр.

Сотқа жолдаған хатта футболшының туыстары жаңа орын қазіргі жерленген орнына қарағанда әлдеқайда қауіпсіз екені және Аргентинаның әйгілі футболшысына құрмет көрсетуге көбірек мүмкіндік берілетіні айтылған. Әзірге Буэнос-Айрес соты бұл өтінішке жауап берген жоқ.

2020 жылдың қарашасында қайтыс болардан бірнеше апта бұрын Диего Марадонаның миына операция жасалған. Тергеушілердің айтуынша, осыдан кейін үйде күтім жасауда өрескел қателіктер жіберілген.

Осыған байланысты 4 маусымда Марадонаның жеке дәрігері Леопольдо Луке, футболшының психиатры және тағы бірнеше дәрігер айыпталып, сот процесі басталды. Прокурорлар оларды адам өлтірді деп айыптап отыр. Күдіктілердің барлығы тағылған айыптарды жоққа шығарумен келеді. Егер кінә дәлелденсе, олар 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.