ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2,4 мың адамнан коронавирус анықталды

«Дөрекі әйелдер, харассмент және сараң клиенттер»: астаналық даяшылар жұмыстағы қиындықтар туралы айтты

Олардың көбі күніне небәрі 4-5 мың теңге көлемінде жалақы алады

Sputnik

Мейлі кішігірім дәмханаларда болсын, мейлі ірі мейрамханаларда болсын онда жұмыс істейтін даяшылардың дені студент жастар. Өйткені, бұл – оқудан тыс уақытта айналысуға болатын, диплом талап етпейтін, істегеніңе байланысты жалақы беретін жұмыс түрі. Десе де, қойылатын талап аз болғанымен жас балалар үшін бұл оңай табыс көзі емес. Дөрекі клиенттер, қызындай қызға қырындайтын «көкелер», таңға дейінгі жұмыс режимі – кез келген адамды моральды тұрғыда қажытады.

Мәселен, астанадағы мейрамханалардың бірінде даяшы болып жұмыс істейтін Аида небәрі 18 жаста. Таңертеңнен түнге дейін ол клиенттердің тамағын тасып, барынша мінсіз қызмет көрсетуге тырысып бағады. Өйткені жұмыстан шығып қалса артынан ерген төрт бауырын асырайтын адам жоқ. Жалғыз анасы сол балаларға қарап үйде отыр. Енді бір жылдан кейін қолына дипломы тисе мамандығым бойынша жаңа қызметке кірісемін дейді ол.

Аида даяшылық жұмыста жиі кездесетін қиындықтар туралы әңгімелеп берді. Әсіресе әйел адамдарға қызмет көрсету қиын дейді, жиі дөрекілік көрсетеді екен. Ал, әкесіндей еркектер телефон номерын сұрап, тіпті үйіне шығарып салуға ұсыныс айтады.

«Қыз бала болғандықтан үлкен кісілер жақсы қарым-қатынаспен қарайды. Кейбір адамдар алғысын айтып, таңғы ас алып беретін кездері болады. Бірақ, бәрі бірдей емес. Мін іздеп тұратын қонақтар міндетті түрде кездеседі. Әсіресе тамақты дұрыс әкелмесең немесе ыдыс-аяқ дұрыс тұрмағанына шу шығаратын кірпияз әйелдер болады. «Өзіңнің даяшы екеніңді біліп жүр, сен бізден төменсің. Қаласам жұмыстан қазір шығартып жіберемін» дейтін кісілерге үйреніп қалдық. Ондай уақытта даяшы болсам да біздің құқығымыз тең екенін ашық түсіндіре алмайсың. Жұмыстан шығып қалуың мүмкін.

Ал, ер адамдардың тарапынан өзімнің әкеммен жасты кісілер жұмыстан кейін шығарып салайық деп телефон номерыңды сұрайтын кездер болады. Бағыма орай, мен жұмыс істеген жердің басшысы өте жақсы адам. Қырындап, мазаны алса басқа столға қызмет көрсетуге рұқсат береді. Ішкен адамдарға көбіне ер балаларды жібереді», - дейді Аида.

Бойжеткен қыздың даяшылықпен айналысуына үйдегі қаржылық қиындықтар себеп болған. Ол көпбалалы отбасының үлкені.

«Үйдің үлкені өзім болғаннан кейін жұмысқа ерте араластым. Анам мен әкем ажырасқан. Ол кісіден алимент алмаймыз. Сіңлімның жүрегі ауырады, мүгедектігі бар. Балаларды балабақшаға алмағандықтан анам оларға қарап үйде отыр. Мемлекеттен көмек алғанымызбен керек-жараққа толық жетпейді. Сондықтан өзім жұмыс істеймін.

Бізге төленетін ақы толық қанағаттандырады деп айта алмаймын. Түскі 12-ден түнгі 12-ге дейін жұмыс істесек те, бар жоғы төрт мың теңге аламыз. Алған ақшамыз түнде такси шақырып, үйге жетуден артылмай қалады», - дейді даяшы қыз.

Аида күнделікті табатын 4 мың теңгеге шүкір етемін дейді. Өйткені дипломсыз қызға істейтін басқа жұмыс жоқ. Қазір ол теміржолшының оқуын оқып жатыр.

«Оқуымды бір жылдан кейін бітіремін. Қазірдің өзінде жұмысқа шақырту алып қойғанмын. Қызыл дипломға үміткермін. Болашақта мамандығыммен жұмыс істеп, ұялмайтындай еңбек еткім келеді», - дейді ол.

Қызмет көрсету саласы әсіресе даяшылық қызмет шетелде үлкен сұранысқа ие. Әсіресе, АҚШ-та даяшылар жоғары табыс табады, оларға клиенттердің шай-пұл тастап кетуі – жазылмаған заң деуге де болады. Ал, Аиданың айтуынша бізде даяшыға жеке алғыс айтатын қонақтар айына бір-екі рет ғана кездеседі екен.

«Қонақтардың арасында шай-пұл қалдыратындар көп емес. Десе де, арасында 2-3 мың теңге қалдырып кететіндер болады. Оның өзі күнделікті емес, сенбі-жексенбі күндері ғана бас сұғады. Бір даяшыға шайпұл қалдырса, оны барлығымыз бөліп аламыз.

Күні бойы аяқтан тік тұрып жұмыс істеу әрине, қиын. Сабақ уақытында шаршап, ұйқың қанбай жүреді. Бірақ, амал жоқ, өзімнен кейінгі төрт бауырымды аяқтандыруым керек. Олардың тамағына, мектеп құралдарына көмектесемін. Қазіргі жұмысыма шүкір деймін. Бәріне тек позитивпен қарап үйрендім. Себебі, керек уақытта жұмыс істеп ақша таба алдым», - дейді Аида.

Қарапайым халық қарапайым адамдарды сыйламайды...

Ал, Салтанат есімді бойжеткен даяшылар өзіне деген қарым-қатынасты өзі жасайтынын айтады. Ашуға ашумен жауап бермей, кішірейе білсең қайдай адамды болмасын жібітуге болады дейді ол.

«Қазір Энерго менеджмент факультетінде білім алып жатырмын. Қостанай қаласының тумасымын. Менің ойымша біз 8 сағаттан артық жұмыс істегендіктен, дұрыс ақы алуды талап етуіміз керек. Кез-келген жерде даяшылардың жалақысы 5 мыңнан төмен болмауы қажет. Әрбір даяшы өз жұмысын қадірлеп, еңбегіне лайық табысты талап етуге міндетті.

Егер қонақпен күліп амандасып, сыпайылықпен сөйлесе білсең, ол да саған сондай жауап қайтарады деп ойлаймын. Мінезін, ашуын көрсетіп тұрған адамдарға одан сайын жақсы қарым-қатынас көрсету керек, яғни ашуға ашумен жауап бермей, мән бермесеңіз ол адам тамағын ішіп, үйіне кеткенге дейін көңілденеді. Тіпті, кеш соңында дөрекілігі үшін кешірім сұрауы мүмкін», - дейді Салтанат.

Ол дөрекіліктің тек қарапайым халықтың тарапынан болатынын айтады. Әдеттегі дәмханалар мен ірі мейрамхалардағы адамдардың мәдениеті жер мен көктей дейді даяшы қыз.

«Қарапайым халық көп келетін мейрамханалардан бөлек ірі қонақ үйлерде де жұмыс істеп көрдім. Ол жерде өзімді шетелде жүргендей сезіндім. Адамдардың бәрі өзімен өзі көп сөйлемей, тамағын ішіп, ақшасын шусыз төлеп кетеді. Ал, біз сияқты жұмыс істеп, біз тұратын үйде тұратын қарапайым адамдардың мәдениеті өте төмен. Қарапайым халық қарапайым адамдарды сыйламайды.

Адамдардың бізге деген түрлі қарым-қатынасын көріп, өзімізді түзейтін кездеріміз болады. Не болса да адамгершілік, сыпайылық қасиеттерін жоғалтпау керек екенін түсінеміз. Кейбір мәдениетті адамдарды көріп мотивация алып, сондай болуға ұмтыламыз. Сондықтан даяшылықтың қиындықтарымен қатар өз пайдасы бар», - деп қорытындылады сөзін Салтанат.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан