ШұғылКоронавирус пен пневмониядан тағы 58 адам көз жұмды

СҚО тұрғыны қарбыз егіп, мол өнім алды

Бағбан жылу сүйгіш өсімдіктерді солтүстік өңірде де өсірудің жолын тапқан

Солтүстік Қазақстан тұрғыны Ғани Ердосов қауын-қарбыз егіп, мол өнім алды. Түркістан тумасы 30 жыл бойы бағбаншылықпен айналысқан. Былтыр «Еңбек» бағдарламасы аясында теріскейге қоныс аударған азамат жылу сүйгіш өсімдіктерді солтүстік өңірде де өсірудің жолын тапқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.  

ҚАРБЫЗДЫҢ ОРТАША САЛМАҒЫ 15 КЕЛІ

Ғани Ердосов өткен жылы Есіл ауданына көшіп келген. Тәжірибелі бағбан бұл жерде де үйренген кәсіпті жалғастырып әкеткен. Оның айтуынша, қарбызды 10 күнде бір рет, бірақ шөлі қанғанша суару қажет. Бір түпке орта есеппен 5-7 литр су керек. Оның бақшасындағы қарбыздардың салмағы 15 келіге дейін жеткен. Аса күтімді де қажет етпейді. Оның бақшасында қарбыздың «голланд» сұрыпы және «түрікмен» қауыны өсіп тұр.

 «Бағбаншылықпен бұрыннан айналысамын. Оңтүстікте менің өз бақшам болған.  Солтүстікке келгеннен кейін өзім қыр-сырын білетін іспен айналысуды жөн санадым. Теріскей топырағы құнарлы, бірақ ауа райы салқынырақ. Жаз ыстық болған жағдайда жақсы өнім алуға болады. Скважина қаздық. Сол суды пайдаланамыз. Биыл аудандық әкімдік ұйымдастырған байқауда 14 гектар жерді жеңіп алдым. Енді оны өз кәдеме жаратуға болады. Келесі жылы ол жерге қауын-қарбыз егемін. Егер бәрі жақсы болса, болашақта алқапты көбейтемін», - дейді Явленка ауылының тұрғыны Ғани Ердосов.

Ал Николай Малвеновтың қарбыз өсіріп тәжірибе жасап жүргеніне 7 жыл.  Бастапқыда бір ғана сұрыпты егіпті. Жылыжай, көшетхана салып, суару технологиясын меңгерген. Ең алғашқы қарбызы небәрі 5 келі тартқан. Қазіргілерінің салмағы 3 есе ауыр. Корнеевка елдімекені тұрғынының бақшасында қарбыздың 30-дан астам түрі өседі.

«Сапалы тұқымды сатып алуға тырысамын. Біздің ауа райында қарбыздың голландтық және жапондық түрлері жақсы жетіледі. «Сакада» сорты көпке танымал. Жақсы  қапталған, арнайы өңделген тұқымды аламын. Нәтижесін көрген сайын қарбыз өсіруге деген қызығушылығым жылдан-жылға артып келеді. Былтыр ең үлкен қарбыздардың салмағы – 10 келі болды, биыл рекорд орнаттық. Ең үлкені 16 келі тартты. Жаз ыстық болды. Оның да жақсы өнім алуға септігі тиді», - дейді бағбан.

БӨДЕНЕ ӨСІРУ – ТИІМДІ КӘСІП

Ерен еңбек пен төзімділіктің арқасында табысын еселеп отырған жанның бірі - Андрей Дмитриев. Тайынша қаласының тұрғыны 6 жылдан бері бөдене өсірумен айналысады. Кәсібін бір шелек жұмыртқамен бастапты. Бүгінде фермасында 4 мың құс бар.

«Бөдене өсіру – оңай кәсіп емес. Таңертең тұрғаннан кешке дейін осы құстарды күтумен жүреміз. Уақытымен тамағын беріп, инкубатордағы жұмыртқаларды тексеріп тұру қажет. Балапандары мен ересектерін бөлек бағамыз. Бастысы бөлмедегі температураны сақтау. Әйтпесе бұл құстар нәзік, тоңғақ. Шыққан балапандардың 10-15 пайызы  өліп қалады. Ең мықтылары ғана тіршілік етеді. Жемді сатып аламыз. Табу қиын. Кейде зауыттың өзінде де бітіп қалады. Бөдененің өнімі жегеніне байланысты. Жемі сапасыз болса, жұмыртқа да азайып кетеді. Өнімді Петропавлдың және Көкшетаудың супермаркеттері алып кетеді. Әзірге сұранысты есепке алып жұмыс істейміз. Артық өнім шығармаймыз», - дейді Андрей.  

Бөдене өсіру үшін үлкен ғимарат салудың қажеті жоқ. Қанаттылар көпқабатты торда тіршілік ете береді. Тек фермадағы температура жылы әрі бірқалыпты болуы шарт. Бөдененің еті мен жұмыртқасы емдік қасиетке ие. Сондықтан да сұраныс көп. Облыста әзірге Дмитриевтардан басқа бөдене шаруашылығымен айналысатындар жоқ.

ТЕРІСКЕЙДЕ 70 ЖЫЛ ӨТІЛІ БАР ОМАРТАШЫЛАР ОТБАСЫ ТҰРАДЫ

Сүйікті ісін кәсіпке айналдырған азаматтардың бірі - Игорь Захаров. Ол ес білгелі атасынан әкесіне мұра болып қалған кәсіпті жалғастырып келеді. Омарташылар әулетінің отбасылық өтілі 70 жылдан асады. Ол Захаровтардың ара өсірумен айналысып келе жатқан үшінші ұрпағы. Балалары мен немерелері де осы істі жалғастырса деп армандайды.

Отбасы облыс орталығында тұрады. Өзі сүйікті ісімен айналысу үшін Айыртау ауданындағы Константиновка ауылына көшіп баруды жөн санапты. Игорь Захаровтың 30 омартасы бар. Жаз маусымында 2 тоннаға дейін бал жинайды.

«Ара – өте еңбекқор жәндік. Өздері ақылды. Күннің ыстығында біреу су бар жерді тапса, басқаларын да сонда шақырады. Күні бойы бір тыным таппайды. Араның барлық өнімі адам денсаулығына пайдалы. Өзім бал қосып сан алуан емдік тұнбалар әзірлеймін. Ол көптеген ауруға шипа. Дәріден гөрі, табиғи таза өнімді пайдаланғанды жөн санаймын.  Қыста аралар ұйқыға кетеді. Оларды сақтайтын жер жоқ. Сондықтан оңтүстіктегі достарыма жіберемін. Көктемде жаңасын сатып аламын. Негізгі кәсібім – ауыл шаруашылығы. Мал өсіріп, егін егемін. Қай алқап гүлдесе, араларды тіркемемен сонда апарамын», - дейді омарташы.

Игорь Захаров өнімді  сатпайды, туыстары мен достарына үлестіріп береді. Ара ұстау омарташы үшін табыс көзі емес, сүйікті ісі.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО