ШұғылКоронавирус пен пневмониядан тағы 58 адам көз жұмды

Петропавл тұрғыны ескі көліктерді қалпына келтірумен айналысады

Қазір оның шеберханасында дайын 5 көлік бар

Петропавл тұрғыны Игорь Туев 15 жылдан астам уақыттан бері ескі автокөліктерді қалпына келтірумен айналысып келеді. Иелігіндегі темір тұлпарларға тарихтың өзі, өткеннің көзі деп қарайтын шебердің гаражында қазір дайын 5 машина тұр. Автокөлік жинаушы оны сұрағандарға сатпай келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Игорьдің коллекциясында 1953 жылы жасалған «Москвич-401» маркілі машина ерекше орын алады. Автокөлікті қалпына келтіруге 10 жыл уақыт кетіпті. Бір кездері істен шыққан көлік қазір бабында.

«Бірде американдық Дискавери бағдарламасын көріп отыр едім. Сол жерде осындай хот-родтарды қалпына келтірді. Осындайды мен де жасап көрейінші деген ой келді. Арманым «Москвич-401» сатып алу еді. Жаңа дүние ойлап тапқанды жақсы көрем. Қосалқы бөлшектер жоқ сәтте оны өзім қолдан жасай берем. Мысалы мына панель пластикалық болуы керек бірақ мен оны темірден жасадым», - дейді Игорь.

1959 жылы зауыттан шыққан «Москвич 410» автомобиль әлемінде нағыз революция жасаған. Өйткені, ол КСРО-да кез-келген жолды бағындыра алған алғашқы жол талғамайтын көлік болды.

«КСРО кезеңінде бұл көліктің 2 жылда шамамен 7500 данасы шығарылды. Олар ауыл шаруашылығы үшін жасалғандықтан, адамдар жол талғамай жүре алады. Көпшілік бір-бірінен менің немен айналысып жүргенміді естіп, бөлшектерді әкеле бастады. Тіпті біреуі машинаны айдап алып келіпті. Сенің қолыңнан келеді деп естідім, міне, істе деп», - дейді ол.

Қалпына келтірілген автокөліктер жоғары класта болмаса да, сыртқы бейнесі өте керемет көрінеді. Көліктер бірнеше мың долларға бағаланып жатса да  Игорь өзінің  темір тұлпарларын сатқысы келмейді. Қазір оның шеберханасында дайын 5 көлік  бар, ал қалғандары қалпына келтіріліп жатыр.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО