ШұғылКоронавирус пен пневмониядан тағы 58 адам көз жұмды

Дипломсыз жеткен жетістік, шығармашылық еркіндік және Қазақстандағы қыш өнері туралы

19 жасында жеке қыш студиясын ашқан елордалық кәсіпкер қызбен сұхбат

Бүгінгі кейіпкеріміз - Қарлығаш 19 жасында Нұр-Сұлтан қаласында өзінің қыштан бұйым жасайтын жеке студиясын ашқан. Оқушы кезінен бастап гончарлықты хоббиіне айналдырған ол университеттегі оқуын үшінші курстан кейін өз еркімен тастап кеткен. Мұндай шешімнен кейін ол анасына дипломсыз да жетістікке жете алатынын дәлелдеу үшін тынбай еңбек еткен.

Биыл 21 жасқа толған Қарлығаш қазір жеке студиясын ашып, командасына жақын достарын жинаған.  Арманы – Қазақстандағы скульптор, гончарлық өнерді дамытып, әлемге танымал суретші болу. Azattyq Rýhy тілшісі жас кәсіпкермен Қазақстандағы қыш өнері, шығармашылығы туралы сұхбаттасты.

- Қыштан түрлі бұйымдар жасау алғашқыда менің хоббиім болды, кейін кәсібіме айналды. Мектепте жүргенде Оқушылар сарайында Еркінбек Есімов деген кәсіби суретші шеберге барып, қыштан бұйым жасаудың қыр-сырын үйрене бастаған едім. Сосын Арбаттағы жәрмеңкелерде жартылай киіз үйлерді жасап, шеберлік сабақтарын өткізетінмін. Қажетті құралдарды бастапқыда анам сатып алып берді, кейін сол жәрмеңкелерден ақша жинап, муфельді пеш алдым. Астанадағы студиямда бастапқыда жалғыз өзім жұмыс істедім, кейін адам көбейіп, жаныма көмекшілер алдым. Қазір достарымнан құралған командам бар. Қазақ технологиялық және бизнес университетінде графикалық дизайн пәнін үшінші курсқа дейін оқыдым. Кейін ол жерде оқығанның пайдасы шамалы екенін түсініп, оқуымды тастап кеттім. Университет бітірмей-ақ жетістікке жетуге болады. Түсініксіз емтихандар тапсырып, таңнан кешке дейін бір универде отыру - оқудың ескірген форматы. Кәсіби мықты маман болу үшін 4 жыл оқудың қажеті жоқ екенін жастар түсінуге тиіс. Оның үстіне қазір университеттердегі оқу бағасы миллионнан кем емес. Ата-анаңның қалтасын қағып, бәленбай миллиондарды жұмсағаннан гөрі, SMM, графикалық дизайн, монтаж, кәсіби фотограф болып, өзіңе көңіл бөлуге болады деп ойлаймын. Әрине, төрт жыл бойы білім жинап жүрген мамандарды қатты сынай алмаймын. Әркімнің таңдау еркіндігі өзінде, бастысы адамның өзіне деген сенімі болуы керек. Шектеулердің бәрі адамның миында ғана, қоғам, отбасы белгілеп қойған шекаралар, шаблонды стеротиптермен өмір сүретіндер онсыз да көп. Әр адамның жетістікке жету жолы әртүрлі. Қазір мені замандастарымның өзгеріп жатқаны қуантады. Айналамда жеке кәсібін ашып, өзіне табыс әкеліп, шығармашылықпен айналысып жатқан жастар өте көп. Қазақстанда орта және шағын бизнесті дамытуымыз керек. Жалдамалы жұмысшы болып, жалақыға өмір сүру дағдысын өзгертсек қана, әлемдегі дамушы елдердің қатарында боламыз. Мен қатарластарымның бір күндік жұмыс, көңіл-көтеруден бөлек, ғаламдық жылыну, елдегі экология мәселесіне де көңіл бөліп, қарым-қатынаста да, күнделікті тұрмыста да экологиялық жағдайды ескергенін қалаймын.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚЫШ ӨНЕРІ

- Мүсіншілік, қышпен жұмыс істейтін мамандық Қазақстанда Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында ғана кәсіби деңгейде оқытылады. Меніңше, өміріңнің 4 жылын жұмсап, бұл мамандықты оқудың қажеті жоқ. Қазір 400-500 мың теңгеге үш айлық курстар бар. Оның үстіне бүгінгі жастар бұрынғыдай бір мамандықты 4-5 жыл оқып, зейнетке шыққанша бір орында отырмайды. Гончарлық өнер Қазақстанның оқу орындарында аса қатты дамымаған. Скульптор, гончарлық мамандығын ЖОО-да оқыған таныстарым бар, бірақ ол жерде жасап үйренуге қажетті сапалы материалдардың көбі жоқ. Мен білетін мықты мамандардың басым бөлігі шетелден бір-екі ай оқып келіп, Қазақстанда жеке студиясын ашып алған. Балшықтан құмыра жасауды адам бір күнде базалық деңгейде үйреніп алады, кәсіби жасауға бір ай жетеді. Бірақ керамикалық құмыралар, бұйымдар жасау ол тек балшық қана емес, бояу, глазурь, ангобтар.

Адамдардың көбі студияға қыштан құмыра жасап, бір сәтке демалып, әдемі фотоға түсу үшін келеді. Жұптардың кездесуіне арналған бөлек бөлме бар. Бөлменің ішін романтикалық безендіріп, фотосессия қызметін қосып қойдық. Кәсіби түрде оқығысы келетіндерге бөлек шеберлік сабақтарын өтемін. Жәрмеңкелерге қатысып, ерекше ыдыстарды сатуға шығарып, тапсырыстар аламыз.

Қыш құмыраларға этникалық рең беріп, түрлі оюлар қосамыз. Мен қыш өнері мен кәсібімді енді ғана дамытып жатырмын. Түскен қаржымның 70-80% әзірше осы студияға салудамын. Инвестор тартып, мемлекеттік гранттарға қатысып көрмедім. Маған еркіндік, өзіме жұмыс істеген ұнайды. Бос кезімде сурет саламын, кәсіби фотолар түсіремін, видеоларды монтаждаймын.

ҚЫШ ӨНЕРІНДЕГІ МЕДИТАЦИЯ

- Студияға келушілер кәсіби түрде қыш саласымен айналыспайды, көбі мұнда демалуға, өзіндік бір медитацияға келеді. Яғни, бұл жер ақшасын беріп, балшықтан қалаған бұйымыңды жасап алып кету емес. Әр адам құмыраның дөңгелегіне жұмысқа кірісе отырып, қолмен физикалық жұмыстан бөлек, бірқатар психологиялық жаттығуларды орындайды. Құмыра дөңгелегімен жұмыс істеудің медитация әдістері көңіл мен ерікті шоғырландыру көмегімен адамның өзін басқаруына негізделген. Керамикалық дөңгелектің жұмысы ыңғайлы отыратын жерде жасалады және тыныс алуыңыз бен белгілі бір дүниеге толықтай ден қойып, психикаңызды басқаруға септігін тигізеді. Құмыраны жасаған кезде адам өзін алаңдатқан проблемаларды ұмытады. Кішкентай балалардың моторикасын, шығармашылық потенциалын ашуда қыш өнерінің әсері мол. Әсіресе, әйел адамдар үшін қышпен жұмыс істеу әйелдік энергияларын арттырып, ақыл-ой еңбегінің өнімділігіне, тыныштыққа әкеледі.

Жазып алған: Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан