«Ақымды бермей кеткен адамдар бар». Тек сұлбаны көретін қарағандылық әншімен сұхбат

Кенжебек тек ән жазбайды, әннің сөзін де өзі жазады

фото: instagram.com/ken_g_singer/

Пандемия кезінде әлеуметтік желіні пайдаланушылардың саны күрт артты. Әсіресе, TikTok желісіне тіркелгендердің саны өртеңге шыққан шөптей қаптады. Бұл желі кейбіреулер үшін уақыт өткізудің құралына айналса, кейбіреулер үшін талантын танытатын, бойында бар қабілетін көрсететін алаңға айналды. Солардың бірі – Кенжебек Нұрдолдай.

Ол бала күнінен бері түрлі телевизиялық жобаларға қатысып жүрсе де, халық арасында енді танылып жатыр. Бала кезінде қос жанарынан айырылған Кенжебек тек сұлба, дыбыс арқылы ғана жүріп-тұрады. Оның жазған кавері мен авторлық әндері TikTok-та миллионнан астам қаралым жинайды.  

Azattyq Rýhy тілшісі 21 жастағы жас әншімен әлеуметтік желінің мүмкіндіктері, жоспары, туралы сөйлесіп көрді.

Кенжебектің TikTok қосымшасында 111 мыңнан астам, Instagram желісінде 19 мыңдай оқырманы бар. Оның әр жазбасы, әрбір жүктеген видеосы көптің сұранысына ие.

«Жасым 21-де. Қарағанды қаласында тұрамын. Алты жасымнан бастап музыкаға ден қойдым. Қаладағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінде «эстрадалық вокал» мамандығын тәмамдадым. Оған дейін Қарағанды қаласындағы нөмірі 1-ші көру жүйесі бұзылған балаларға арналған арнайы мектепте оқыдым.

Музыкаға келуіме әкем себепкер болды. Кішкентай кезімде магнитафонның қасынан кетпейтінмін. Әкем менің музыкаға деген ерекше көңілім мен қабілетімнің барын байқап мені түрлі конкурстарға қатыстырды. Алты жасымда алғаш рет әнші балапанға қатыстым. Менің алдымда екі ағам бар. 2009 жылы әкемнен айырылып қалдым. Анам ауылда тұрады. Ағаларымның отбасы бар. Басты мотивациям – әкем. Сол кісі артқан сенімді ақтағым келеді. Отбасымда менен басқа өнерге жақын адам жоқ», - дейді өнерлі жігіт.

Кенжебек желіге хайп жинап, оңай жолмен танымал болу үшін тіркелмегенін айтады.  

«Шыны керек, әлеуметтік желіге танымал болайын деп тіркелген жоқпын. Жәй ғана өзіме ұнайтын істі, әндерімді көпшілікке бөліскім келді. Өз тыңдарманым болғанын қаладым. Бала кезімнен түрлі ән байқауларына қатысып жүргендіктен, кішігірім аудиториям да бар.

Ең алғаш Алматыға 2018 жылы келдім. Үлкен қалада ешкімім болмаса да, тәуекел етуге бел будым. Жұмыс істедім. Кейбір адамдарға өлең жазып, ақымды ала алмай қалған кездер болды. Сөйтіп жүріп, Абай Қайрат есімді ағаммен таныстым. Ол кісінің музыкалық орталығы бар. Абай ағам мені өз қолына алды. Біраз жарыстарға, тіпті Мәскеуге дейін баруым сол кісінің арқасы», - дейді Кенжебек.  

Кенжебек тек ән жазбайды, әннің сөзін де өзі жазады. Бүгінге дейін ол Гүлнұр Оразымбетова, Ринат Малцагов сияқты танымал әншілерге ән жазып берген. Айтуынша, табыс көзін тек музыкадан табады.

«Музыканы қатты жақсы көремін. Тек кавер түсірумен шектелмеймін. Әншілерге ән жазамын. Музыкасын, аражировкасын жасап беремін. Бұған дейін Гүлнұр Оразымбетова, Райымбек Сатыбалды, Ринат Малцагов сияқты аға-әпкеріме ән жаздым. Әндерімнің сөзін, әуенін де өзім жазамын. Өнер саласы бәрібір де тұрақсыз. Табыс бірде бар, бірде жоқ. Алда не боларын білмейсің. Десе де, сол жолда еңбектеніп, мақсатыма жеткім келеді», - дейді ол.

Ол бұған дейін көптеген республикалық, халықаралық жобаларда өнер көрсетіп, жүлделі орын иеленген. Бүгінгі күні жас әншінің онға жуық авторлық әні бар.

«Авторлық ән жазуды 12-13 жасымнан бастадым. Сол кездері ән жазатын арнайы қосымшаларды үйреніп жүрдім. Көзім көрмегендіктен қосымшалармен жұмыс істеу қиын болды. Компьютерге арналған арнайы сөйлейтін қосымша бар. Соны пайдаланып, өзіме ыңғайлап алдым. Осы уақытқа дейін менде музыкалық құрал-жабдықтар мүлде болған жоқ. Жан-жақта жұмыс істеп, ақша жинап, ән жазуға кәсіби құралдарды енді сатып алдым.

Он шақты авторлық әнім бар. Сөзімнің басында айтқан Абай Қайрат ағам әндерімнің обложкасын жасауға, оларды арнайы платформаларға жүктеуге көмектеседі. Сол үйдегі жеңгем сырт-келбетіме, образ жасау және құжаттар жағынан көмек береді. Екеуі де туғанымдай болып кеткен жандар. Бір отбасындаймыз.

Қазір, продюссерсіз жұмыс істеп өзіңді көтере алатын заман деп ойлаймын. Ешкімнің көмегінсіз әлеуметтік желі арқылы дамып жатырмыз. Ән өңдейтін қосымшалар қолжетімді. Десе де, бәрі адамның бағына байланысты. Қанша жерден продюссермен жұмыс істесең де, әнің дұрыс болмаса, жүрекпен айта алмасаң - ол тыңдарманға жетпейді», - дейді әнші жігіт.

Кенжебектің көзі көрмегенімен, бұл оның жүріп-тұруына, ән айтуына еш кедергі емес. Ол көз жанарынан қашан, қалай айырылып қалғанын айтып берді.

«Көзім бір айлығымнан бастап нашарлаған. Басында кәдімгі тұмаумен ауырғанмын. Сол асқынып, көзімнің нерв жүйесін басып тастаған. Былайша айтқанда, көздегі нерв өлген. Көзімнің көрмейтінін ата-анам бір жарым жасқа келгенімде білді. Ол кезде біз ауылда тұрдық. Көзімді емдетуге қаражат болмады. Солай қалып қойды. Қазір емделуге келмейді дейді. Десе де, мен үміт үзген емеспін, әлемдік деңгейдегі әнші болғанға дейін көзімнің емін табамын. Технология дамыған заманда бәрін емдеуге мүмкіндік бар деп ойлаймын. Тек қаражат керек.

Адамдардың арасында байқатпауға тырысамын. Байқаған күннің өзінде одан ұялған емеспін. Себебі, менің ішкі интеллектім толыққанды адамдармен бірдей. Кез-келген адаммен тіл табыса аламын. Алла сондай қасиет берген. Шүкір деймін. Жаңа дүниелерді байқап көруге қорықпаймын. Тәуекелдігімнің арқасында Ресейге де жалғыз барып келгенмін. Тәртіпке бағынбайтынмын. Бұзық болдым. Сол бұзықтығым мені осындай өзім қалағандай деңгейге жеткізді», - дейді Кенжебек.

Кенжебектің басты мақсаты - мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты барлық кері стереотиптерді жою.

«Қоғамда көбіне аяқ-қолы немесе көзі көрмейтін адамдарды ештеңеге жарамсыз, өмірі өзгеріссіз үйде отырумен өтеді деген түсінік қалыптасқан. Менің ең басты мақсатым - бұл түсініктің дұрыс емес екенін дәлелдеу. Мейлі қандай болсын, кез-келген адамның жетістікке жетуге мүмкіндігі бар. Мен соны дәлелдеп, кемшілігінен ұялатын талантты адамдарға мысал болғым келеді. Себебі, өзіммен арнайы мектепте оқыған көп балалардың арманы үшін күреспейтінін көзіммен көрдім. Көп оқу орындары оларды алмайды. Қоғам әрдайым мүгедек екенін еске түсіріп отырады. Арнайы мектептер адамдарды дамытудың орнын кәдімгідей қоғамнан оқшаулап тастайды. Қазір инклюзивті білім беру еніп жатқанына қуаныштымын. Көбі біздің бар екенімізді, осы ерекшелігімізбен қабылдаса, аяныш сезімімен қарамаса екен деймін», - дейді ол.

Кенжебек ән жазу үшін шабытты күнделікті тіршіліктен, қимыл-қозғалыстан алатынын айтады. Дыбыс арқылы әлемді сеземін дейді ол.

«Далаға шығып, саябақта көп жүремін. Ондағы әр дыбысқа, автобустың жүргені, жел, жапырақтың сылдыры мұның бәрі маған әуен болып естіледі. Соны қортып үйге келіп ән жазамын. Бұған дейін төрт жыл бойы жүзумен айналыстым. Музыкадан бөлек велоспортты жақсы көремін. Велосипед теуіп жүріп көпірден құлаған кездер де болды. Сонда да менің бұл спорт түріне деген махаббатым сөнген емес. Әлі күнге дейін велосипед тебемін. Көзім мүлде көрмейді емес, тек сұлбаны көремін және дыбысқа қарай бағытталып жүремін», - дейді Кенжебек.

Әнші жігіт алдағы уақытта TikTok эфир, онлайн концерт өткізуді және жаңа альбомын шығаруды жоспарлап отыр.

«Осы жылдан бастап музыканы тұрақты қолға алып жатырмын. Алда атқаратын жұмыст өте көп. Бәрін уақыт көрсетеді. Бастысы мен өз дегеніме жетпейінше еңбек ете беремін», - деді Кенжебек Нұрдолдай.

Жазып алған: Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.