Рианна, Джастин Бибер, Ноулз Соланж сияқты мега-жұлдыздарға киім тігетін қазақ қызымен әңгіме

Saya Zalel Нью-Йорк қаласына 2016 жылы көшіп келген

Фотоколлаж

Соңғы уақытта әлемдік ірі алпауыт компанияларда жұмыс істейтін қазақ жастарының қатары артып келеді. Еліміздің қыз-жігіттері Америка мен Еуропа, Шығыс Азия елдерінде IT, шоу-бизнес, кино секілді салаларда табысты еңбек етуде. Сол секілді әлем жұлдыздарына сәнді киім, сөмке тігетін қазақ дизайнерлеріне де қазір сұраныс жоғары. Солардың бірі Нью-Йоркте тұратын Saya Zalel. Қазақ қызының тіккен киімдерін әлемдік жұлдыздардың жеке гардеробынан табуға болады.

Azattyq Rýhy тілшісі Саямен сұхбаттасып, сәнгерлік қызметі, сән әлеміндегі жаңалықтар мен алдағы жоспарлары жайында сұрап білді.

Саяның үлкен қалада атақты адамдармен жұмыс істеп жүргеніне бес жыл болған. Білімі мен еңбегінің арқасында шотландық сән мектебіне еш қиындықсыз оқуға түскен ол, бұған дейін музыкамен айналысқанын айтады.

«Жасым 27-де. Алматы қаласында туып өстім. Бес жасымнан бастап А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектепте скрипканың қыр-сырын меңгеріп, сол аспапта ойнауды үйрендім. Бала кезімнен өзімді толық музыкаға арнағым келетін. Бірақ, белгілі себептерге байланысты скрипканы тастауға тура келді. Сөйтіп, өзімді басқа қырымнан байқап көруді шештім. Музыка мектебін аяқтағаннан кейін тоқыма және дизайн бағытын оқытатын шотландық мектепке оқуға түстім. Ары қарай оқуды Нью-Йорк қаласында жалғастырдым. Содан бері осы қалада жұмыс істеп келемін.

Нью-Йоркке 2016 жылы көшіп келдім. Дизайн бағытында жүргеніме 10 жыл болыпты. Шынымды айтсам, кішкентай кезімнен киім-кешекке қызығушылық мүлдем болған жоқ. Жоғарыда айтқанымдай, өзімді тек музыка жағынан елестететінмін. Бірақ, музыкалық мектепті бітіруге жақын қалған кезде елімізде кәсіпқой музыканттарға мүмкіндік өте аз екенін түсіндім. Тіпті, шетелде оқып келсең де түк өзгермейді. Десе де, шығармашылықпен біржола қоштасқым келмеді. Сол себепті киім дизайнері болуды шештім», - дейді Сая.

Ол Шотландия дизайн мектебін «қызыл дипломмен» бітіріп, университеттің құрметті түлектерінің қатарына қосылады. Бакалавриатты аяқтағаннан кейін ең үздік дизайнерлік мектептердің бірі – «The Parsons School of Design» оқу орнына магистратураға түседі.

«Оқуға арнайы бағдарлама арқылы түстім. «MFA» деп аталатын бағдарламаға қатысатындар көп және бәсекелестік өте жоғары болды. Қабылдау мүмкіндігі шамамен 7,5 пайызды құрайтын. Мен дизайн бағытында магистратураны таңдаған 15 студенттің қатарына кіріп, атақты мектепте оқуға мүмкіндік алдым. Оқытушылармен сабақ аптасына 2-3 рет екі сағаттан артық болмайтын. Көбіне жеке жобалармен жұмыс істедік. Магистратура өте белсенді өтті десем болады. Уақыты шектеулі қысқа жобалар көп болды. Үнемі үлгеру керек деп уайымдап жүретінмін. Демалыссыз студияда күніне 15-16 сағат өткізетін кездер болды. Оның үстіне, үнемі жаңа идея ұсыну, қолға алған жобаны соңына дейін жеткізу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Аталған сән мектебінде оқып жүріп, дизайнер ретінде үлкен тәжірибе жинадым», - дейді сәнгер.

Саяның сән коллекциясы Нью-Йорктегі танымал, ықпалды адамдардың назарына бірден іліккен. Тіпті, оның жұмысы Париждегі «1 granary» компаниясы ұйымдастырған көрмеге де қойылған.

«Магистратурада оқып жүрген кезде «Opening Ceremony» интернатурасынан өттім. Оқуды бітіргеннен кейін «Marchesa», «Sandy Liang» брендтерінде штаттан тыс жұмыс істедім. Қазір «Areа» брендінде сәнгер болып жұмыс істеймін. Нью-Йорк қаласына көшіп келгелі біраз маңызды оқиғалар болды. Мені дизайнер ретінде танитындардың қатары көбейді.

Бір күні Парсон университетінің (АҚШ-тағы дизайн мектебі – авт.) директоры мен инвесторларынан салтанатты шараға арналған кеш көйлектерін тігу өтініші түсті. Аталған шарада америкалық дизайнер, сәнгер және кәсіпкер Каролина Эррерамен және атақты әнші Рианнамен таныстым. Атақты дизайнерлермен бірге жұмыс істедім. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе әрі мақтаныш болды», - дейді ол.

Сая Нью-Йоркке көшіп келген соң бір жылдан кейін әнші Билли Айлиштің жеке стилисімен бірігіп, Лос-Анджелс қаласында өткен «Streamy Awards» марапатына арнап образ дайындап үлгереді. Оның жұмысына қызығушылық танытқан жаһандық жұлдыздар қатарында Solange, Justin Bieber, JheneAiko, Azealia Banks, Kimbra және Mia Pia бар.

Ол өзінің жасаған киім үлгілеріне қазақша белгілерді міндетті түрде қосатынын айтады. Шабытты да қазақы қолөнерден аламын дейді ол.

«Көбіне әйелдер киімін тігемін. Болашақта ерлер киімімен айналысуды жоспарлап отырмын. Мені әрдайым «баяу сән», қолдан жасалған жұмыс, уақыт пен шеберлікті талап ететін ерекше дүниелер қызықтырады.

Киім тігудегі басты шабытым қазақы өнерден және оның философиясынан бастау алады. Қазір ұлттық киімдер мен қазақы қолөнерді зерттеп жатырмын. Жаңа жұмысымда мәдени құндылықтардан көрініс табатын ерекше образ жасасам деймін.

Әзірге өзімнің жеке коллекциям жоқ. Екі брендте бірдей жұмыс істегеннен кейін жеке ісімді жүргізуге физикалық тұрғыдан уақытым болмайды. Десе де, жақын арада өзімнің жобаларыммен белсенді айналысуды бастаймын. Шынымды айтсам, Қазақстандағы сән әлемін бақыламағаныма біраз уақыт болыпты. Бірақ отандық жас сәнгерлердің ерекше жұмысына әрдайым куә болып жүрмін. Қазір жаңа, тың ойлары бар қазақстандық жастардың қатары өте көп. Қазақстандағы дизайн саласы уақыт өте әлемдік деңгейге жететініне сенімдімін. Біздің ұлттық нақыштағы киімдер мен ою-өрнектер жоғары талғамның көрінісі», - дейді ол.

Қазіргі уақытта Сая қазақ мәдениетін бейнелейтін жаңа жинағы үшін белсенді түрде жұмыс істеп жатқанын айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

«Қазақстанға жақын арада келу ойымда жоқ. Әзірге тәжірибе жинап алғым келеді. Сән бағытында үйренерім әлі көп. Ал, елге қайта келуге әрдайым үлгеремін. Болашақта өзімнің шағын брендімді бастауды жоспарлап отырмын. Сондай-ақ қазақтың дәстүрлі қолөнерін батыс әлемінде дәріптеу мақсатында Қазақстанның қолөнер шеберлерімен жұмыс істеуді қолға алып жатырмын. Алда атқарар жұмыс өте көп», - дейді Сая.

Айта кетейік, бұған дейін әйгілі Louis Vuitton сән үйінде жұмыс істейтін қазақ қызы Анейля Ибраимова туралы жазған болатынбыз. Ол да өз бетімен шетелде білім алып, шеберлігінің арқасында атақты компанияда жұмыс істеп жүр. Оның суреттері LV мұрасы саналатын сөмке сандықшаларда бейнеленген. Отандасымыз қарапайым сатушыдан суретші-дизайнерге дейін көтеріліп, компаниядағы атақты 17 суретшінің қатарына кіреді.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.