«Жиі саяхаттайтын адам материалдық өмірге байланбайды» – саяхатшы қыз тиімді саяхаттау жолдарын айтты

Сағыныш Ибрагим

21 жастағы бойжеткен 26 елді, 55-тен астам қаланы аралаған

«Жиі саяхаттайтын адам материалдық өмірге байланбайды» – саяхатшы қыз тиімді саяхаттау жолдарын айтты

Саяхатты әр адам әртүрлі қабылдайды. Біріне саяхат күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәт демалып, қала сыртына шығып, бой сергіту болса, енді бірі төрткүл дүниені аралауды өмірінің бөлшегіне айналдырған. Сондай жанның бір – Әйгерім Төлбасы. Қазақстандық бойжеткен 21 жасында 26 елді, 55-тен астам қаланы аралап үлгерген. Студент қыз алғашқы сапарын 9-сынып оқып жүргенінде бастапты. Ол әлемді аралау арқылы өмірге деген көзқарасы да өзгергенін айтады.

Azattyq Rýhy тілшісімен сұхбаттасқан Әйгерім қыруар қаражатсыз тиімді саяхаттау тәсілдері мен дүниені аралаудың пайдасы туралы айтып, елімізде туризмді дамытудың жолдарын ұсынды.

Шымкент қаласының тумасы алғаш саяхаттауға деген қызығушылық мектептің берген мүмкіндіктерінен басталғанын айтты.

«Қазір Халықаралық бизнес университетінің (UIB) төртінші курсын аяқтадым. Мамандығым: Мейрамхана ісі және қонақ үй бизнесі. Назарбаев зияткерлік мектебінде оқып жүргенде түрлі жобаларға қатысып, белсенділігімен көзге түскен оқушылар Қазақстанның басқа қалаларына, шет елге білім алу үшін тегін жіберілетін еді. Саяхаттауға деген қызығушылық мектептің берген мүмкіндіктерінен басталды. Әр түрлі жобалардың арқасында Қазақстанның бірнеше облысына саяхаттадым. Сол белсенділігім үшін 9-сыныпта мені Малайзияға 20 күнге тегін оқуға жіберетін болды. Ең алғаш ұшаққа да сол кезде отырдым. 2 күн ішінде жиналып, ата-анамсыз Малайзияға аттандым.

Малайзияда жаңа әлемді көргендей болдым. Мүлде басқа ел, табиғаты, тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті мен адамдары да басқа. Бір елді көру арқылы бұл әлемнің қандай үлкен, әрі қызыққа толы екеніне көзім жетіп, басқа елдерге де саяхаттағым келеді. Осылайша, жүрегімде әлемді аралау деген арман пайда болды. Малайзиядан соң басқа елдерге қатты барғым келді, шетелге оқуға түсу жолдарын қарастыра бастадым. Мәскеу, Түркия, Гонконг сияқты дүниенің әр тұсынан білім грантын ұтып алсам да бір қиындықтар туындап, бара алмай қалдым. Кейіннен Қазақстанға оқуға түстім», - дейді Әйгерім.

АМЕРИКАДА 4 АЙ ЖАЛҒЫЗ ӨМІР СҮРДІМ...

Ол сапары барысында өзіне ерекше ұнаған елдер мен олардың мәдениеті жайында әңгімелеп берді.

«Әрбір елдің өзіндік ерекшелігі бар, бірақ маған ең қатты ұнағаны Америка Құрама Штаттары болды. Мен Америкада 4 ай жалғыз өмір сүріп көрдім. Сол кезде расында Америкада еркіндікті сездім. Неге америкалықтар жиі басқа елдерге саяхаттамайды десем, өздерінде бәрі бар екен. АҚШ-тың 8 штатында болдым. Әр штат жеке бір ел сияқты әсер қалдырды. 

Сондай-ақ Еуропа елдерінен Дания мемлекеті ерекше әсер қалдырды. Статистикаға сәйкес, ол жерде әлемдегі ең бақытты адамдар тұрады екен. Олар қандай болады, не үшін бақытты деген сұраққа жауап алу үшін сол елге бардым. Расында, өте суық болса да, халқы жылы жүзді. Олардың өмірге деген көзқарасы мені таңқалдырды. Дания халқының өмір салты ерекше, жұмыс пен демалыс арасындағы тамаша тепе-теңдікті ұстанады. Олар өмірден ләззат алу үшін өмір сүреді. Сонысы маған қатты ұнады», - дейді саяхатшы қыз.

Айтуынша, әлемді аралауға кететін қаражат әр адамның жеке қалауы бойынша жұмсалады. Тиімді саяхатты қолданатын жандар жайлылықтан бұрын жаңа елден алатын әсерге көбірек көңіл бөледі. Әйгерім өз парақшасында аз ақшамен ел аралау жолдары туралы ақыл-кеңесімен бөлісіп отырады.

«Саяхаттау үшін миллиондаған ақша қажет деген ой біздің қоғамда қалыптасып қалған. Жасына, жынысына, әлеуметтік-материалдық статусына, интеллектуалды қабілеттеріне және басқаға қарамастан, кез келген адам саяхаттай алады. Ол үшін тек интернет қолдана алуы және әлем аралауға деген қызығушылық болу қажет. Саяхаттауға кететін қаражат әр адамның жеке қалауына байланысты. Мысалы Дубайға 100 000 теңгемен де, миллионмен де баруға болады. Өзім тиімді саяхаттауды қолданамын. Себебі маған ең маңыздысы жайлылық емес, жаңа елден алатын эмоциялар.

Аз ақшамен ел аралау мүмкін және дәл сол нәрсені өз парақшамда насихаттаймын. Басқа елге саяхатқа шыққанда кеткен шығындарды жазып, тиімді жолдарын көрсетіп отырамын», - дейді ол.

Саяхаттау адамның жеке көзқарасына, денсаулығы мен табысына пайда әкеледі. Әйгерім саяхаттау барысында өзі түйген бірнеше қағидамен бөлісті.

«Саяхаттау арқылы адамның дүниетанымы артады, жаңа көзқарастар пайда болады. Әрбір саяхаттан соң адам өзінің көкжиегін кеңейтеді, ал ол нәрсе оның болашақ табысына әсер етеді. Расында, саяхаттау кезінде қанша ақша жұмсағаныңызбен адамның табысы одан көп өсетініне көзім жетті. Бір рет шетел көрген адам екінші рет те көргісі келіп тұрады. Ол үшін барынша күш салады.

Екіншіден, эмоцианалды денсаулыққа өте пайдалы. Саяхаттау өмірге деген құлшынысты арттырады. Адамның бақыт гормоны артып, өмірде болып жатқан әрбір сәтке қуана алады. Дамыған елдерді аралау арқылы өз елімді жақсарту жолдарын білдім. Ал жағдайы нашар елдерді көріп, туған жерімді қадірлеуді, жақсы көруді үйрендім.

Саяхаттау арқылы ақшамды көп эмоция алу үшін жұмсап үйрендім. Өзіме қажет емес артық заттарды сатып алудан бас тартып, қаражатты үнемдеуді және тез жинауға дағдыландым. Себебі шетелге қыдыруға барғандардың көбі ақшасын саяхаттаудың орнына сол елден зат салып алуға жұмсайды. Бірақ сол алған заттары көп ұзамай қоқысқа айналатынын да ойлау қажет. Ал саяхатқа салынған инвестиция ерекше сәттермен есте қалады», - дейді Әйгерім.

Ол саяхатшы мен турист арасындағы айырмашылықты былайша түсіндіріп берді.

«Саяхаттау – бұл тек демалыс емес, өз-өзіңді ашу, тану процесі. Саяхаттау кезінде адамның мінезі қалыптасады. Кенеттен туындаған қиындықтарды шешу арқылы адамның өзіне деген сенімділігі артады. Қиын сәттерде эмоцияға берілмей, дұрыс шешім шығаратын деңгейге жетеді. Жиі саяхаттайтын адам материалдық өмірге байланбайды. Ол тек минимализмді жақсы көреді, керек емес дүниеден бас тарта біледі.

Турист пен саяхатшы арасында үлкен айырмашылық бар. Турист дайын турды сатып алып, 3 мезгілді тамағы бар қымбат қонақ үйде демалатын адам деп те айтуға болады. Туристер экскурсияны сатып алып, белгілі бір маршрутпен қозғалады. Ал саяхатшы басқа елге саяхаттағанда сол жердің адамдарымен сөйлесіп, үйінде қонып, қалай өмір сүретінін толық көретін адам. Саяхатшы басқа елге тек оның әдемі табиғаты мен көрнекті жерлерін көруге ғана бармайды. Өзін сол елдің тұрғыны ретінде сезініп, елді зерттей біледі», - дейді ол.

«ХАЛЫҚТЫҢ ТУРИСТЕРДІ ҚАБЫЛДАУ КӨЗҚАРАСЫН ӨЗГЕРТУ КЕРЕК...»

Студент қыз Қазақстандағы туризмнің дамуы бойынша өз ойын білдіріп, шетелдік туристерді тартудың жолдарын ұсынды.

«Туризм саласы баяу қарқынмен дамып жатыр. Дегенмен анық байқалмаса да, елімізге шет елден келетін туристер жоқ емес. Ал Қазақстанның туризмін әлемдік деңгейге көтеруге толықтай мүмкіндік бар. Менің ойымша, туризмді дамыту үшін ең бірінші Қазақстаннан ұшатын және елге келетін ұшақтардың билет бағасын төмендету керек. Дәл осы тәсілді Грузия қолданып, қазір оларда туристер саны күннен күнге артып келеді.

Екіншіден, баға саясатын қалыптастыру қажет. Біздің елде шетелдік адамды көрсе, такси жүргізушілерінен бастап артық ақша алып қалғысы келеді. Сол үшін халықтың туристерді қабылдауға деген көзқарасын өзгертуі керек. Ол бірден келетін нәрсе болмаса да, халыққа маңыздылығын жеткізу арқылы өзгертуге болады.

Үшіншіден, еліміздегі керемет табиғат дестинациялары жайлы шетелдік туризм порталдарында жарнама жасау керек. Біздің елге көп келе бермейді, себебі онда не бар екенін білмейді. Ішкі туризмді дамыту үшін украиналық «Орел и решка» сияқты бағдарламаға ұқсас дүниені жасап шығару керек деп ойлаймын. Әр облысқа саяхат жасап, оны басқаларға көрсету арқылы адамдардың қызығушылығын арттыруға болады. Қазір мен өз парақшамда да дәл осы нәрсені жүргізіп жатырмын. Әрбір өңірде баруға болатын жерлер тізімін құрастырып, оқырмандарға ұсынамын.

Төртіншіден, халықтың қалтасына қарай бағаларды ұсыну керек. Бізде тек Көлсай-Қайыңдыға бару тиімді болғанымен, ШҚО-дағы Марқакөл сияқты жерлерге турлар бағасы 50 мың теңгеден жоғары», - дейді отандасымыз.

Әйгерім тиімді саяхаттау жолдарын көрсететін арнайы курс жүргізеді. Көпшілікке саяхат жайында ақпарат беріп отырған қыздың курсына бүгінде 500-ден астам адам қатысқан.

«Instagram парақшамда құрбым екеуміз «Тиімді саяхаттау» бойынша авторлық курс өткіземіз. Мұнда өзіміздің саяхаттау кезінде алған практикалық білімімізді, лайфхактарды үйретеміз. Курста тиімді саяхаттау жолдары, саяхатты неден бастау керек, бәрін түсіндіреміз.

Бүгінде курсқа 500-ден адам қатысты, ал оның жартысы алғаш рет шет елге шықты. Бұл біз үшін өте үлкен көрсеткіш! Курста біз арзан билетті алу жолдары, басқа елде қалай тегін қонуға болады, тамаққа жеңілдік купондарын қайдан алуға болатынын да үйретеміз. Негізгі мақсат – жұртты саяхаттауға баулу, әлемді тануға деген қызығушылығын ашу», - деді саяхатшы.

Әйгерім алдағы уақытта Португалия, Исландия, Норвегия, Швеция, Финляндия елдеріне баруды жоспарлап отырғанын айтты.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.