Тілін тапқан темірдің...

Azattyq Rýhy

Түстібай Албиев – қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуші маман

Тілін тапқан темірдің...
Сабырхан Сейілбекұлы

Жалпы, бәрі теміржолшы атанғанмен бұл салада мамандық көп. Бірі машинист, бірі жолшы, пойыз құрастырушы, диспетчер, т.т. болуы мүмкін, бірақ бәрінің мақсаты бір. Ол – қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жылжымалы құрамдар жүрісін бір минутқа да кідіртпеу.

Қазалы вагон пайдалану депосының Сексеуіл станциясындағы техникалық қызмет көрсету қосынының вагон қараушы-жөндеушісі Түстібай Албиевтің жұмысын алайық. Ауысымға түсер алдында басшылық тарапынан өткізілетін пысықтау инструктажынан кейін асай-мүсейін арқалап желі бойына шыққан ол станцияға аялдаған әрбір пойыз құрамын иненің көзінен жіп өткізгендей жіті, аса сақтықпен қарап тексереді. Тәжірибелі вагон қараушының қырағы жанарынан титтей де ақау өтіп кетпеуі керек. Алда-жалда мұның ауысымында байқамай өтіп кеткен ақау келесі бекетте анықталып жатса, Түстекең соған кәдімгідей қапа болып, тіпті өз-өзіне ренжіп, намыстанып та қалатын көрінеді. Енді ше, қос бірдей «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төсбелгісін бекер алып па?! Оның үстіне Ауған соғысының ардагері деген аты бар.  

Түстібай Қараманұлының Қазалы вагон пайдалану депосында вагон қараушы-жөндеуші болып жұмыс істеп жатқанына 36 жылдан асыпты. Осы уақыт ішінде  саланың ыстық-суығын бастан кешіп, вагон шаруашылығының қыр-сырын меңгерген, шыныққан теміржолшыға айналды. Оның вагон доңғалағынан көзге де көрінбейтін ақауларды анықтайтын шеберлігіне таң қалатын әріптестері «темірдің тілін тапқан жан» деп бекер атамаса керек.   

– Түстібай біздің ең тәжірибелі, өз ісін жетік меңгерген теміржолшыларымыздың бірі емес, бірегейі десек болады. Байсалды, өте сабырлы жігіт ағасы тек вагон санитары болып туылғандай, әрбір вагонның диагнозын дәл тауып, «ауруының» емін де қойып береді. Біздің мекемеде жұмыс жасаған 36 жылға жуық уақыт ішінде тек алғыс пен марапат алыпты, бірде-бір ескерту жоқ. Теміржолшы кәне десе, міне деп көрсететін азамат! – дейді ол туралы мақтауын келістіріп Сексеуіл техникалық қызмет көрсету қосынының басшысы Қайрат Ысқақов.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ,

Қазалы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.