ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2,4 мың адамнан коронавирус анықталды

Ауыл тұрғындары әкім сайлауында «барлығына қарсы» дауыс бере алады

1 млн 210 мыңға жуық сайлаушы бүгін өз таңдауын жасайды

Қазақстандықтар ауыл әкімдерін алғаш рет тікелей сайлап жатыр, сонымен қатар жаңа ережелер де алғаш рет іс жүзінде орындалып жатыр. Бюллетеньдерге «барлығына қарсы» бағаны қосылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Барлығына қарсы» дауысы сенімсіздік вотумы ұғымын білдіреді. Бұл – сайлаушылардың азаматтық құқықтарын жүзеге асырудың маңызды құралдарының бірі.

Сондай-ақ, аймақтық сайлау комиссияларының мәліметінше, әкімдерді сайлауға 1 209 817 сайлаушы қатысады. Бұл – Қазақстан халқының 14 облыс бойынша сайлаушыларының 13%-ы.

Дауыс беру 1847 сайлау учаскесінде өтуде.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін, 25 шілдеде, елорда уақытымен 7.00-де Қазақстанның барлық өңірлерінде аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау басталды. Аумақтық сайлау комиссияларының мәліметтеріне сәйкес, 730 сайлау округінде 2582 кандидат ұсынылды. Оның ішінде соңғы тіркеу сәтінде 2297 кандидат тіркелді.

Сайлау өткізілгеннен кейін 3 күн ішінде қорытынды шығарылады, 7 күн ішінде сайланған әкімді тіркеу жүзеге асырылады. Бұл ретте сайланған әкімнің өкілеттігі оны тиісті аумақтық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталады.

2021 жылдың 25 мамырында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы «ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.