ШұғылКоронавирус пен пневмониядан тағы 58 адам көз жұмды

Ауыл әкімдерін сайлау: бақылаушы қандай тәртіп бұзушылықтардың болғанын айтты

Оларға ауызша ескерту жасалған

25 шілдеде өтіп жатқан ауыл әкімдерін сайлау процесіне «Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері бейтарап байқаушы ретінде қатысып жатыр. Ұйымның төрағасы Төлеген Күнәділов сайлау барысы туралы Azattyq Rýhy тілшісіне пікір білдірді.

«Қазіргі таңда сайлауға еліміз бойынша 2000-нан аса байқаушы біздің бірлестік тарапынан қатысып, бақылап отыр. Заңнамалық нормаларға сәйкес құжаттардың тіркелуін, заң бұзушылықтың болу мүмкіндігін қарап отырмыз. Орталықта және өңірлерде, штаттарымызда ситуациялық орталық құрылған. Яғни, онлайн режимде жедел түрде сайлау учаскелерінен ақпарат түсіп отырады.

Қазіргі таңда сайлаушылардың көп келіп жатқанын байқаймыз. Мұндай науқан елімізде бірінші рет өтіп жатыр. Заңдылық және ашықтыққа кедергі жасайтын заң бұзушылықтар әзірге болған жоқ. Техникалық тұрғыдан ғана ескертулер жасалды. Кейбір сайлаушылар – ауыл тұрғындары білместіктен екі адам бір кабинаға кіріп кеткен жағдайлар болды. Жеке куәлігін үйде ұмытып кетіп, бюллетеньді алуға тырысқан ниеттілер де болды. Оларға ауызша ескерту жасалып, сайлау тәртібі түсіндірілді.

Жалпы, ауыл халқын белсенді деп айтуға болады. Көтеріңкі көңіл-күймен, тұтас отбасымен, тіпті, династия болып келіп, бірге дауыс беріп жатқандар да бар. 200-300 ғана тұрғыны бар ауылдар мұндай белсенділікпен түске дейін-ақ дауыс беріп үлгереді деп болжап отырмыз. Жалпы, жергілікті уақыт бойынша кешкі сегізге дейін сайлау жалғасады», - деді Төлеген Күнәділов. 

Айта кетерлігі, сайлауға дейін республикалық қоғамдық бірлестік орталық пен өңірдегі филиалдары бақылаушылар пулын жасақтады. Қоғамдық байқауды барынша тиімді пайдалану үшін оқыту науқанын ең үздік халықаралық стандарттар шеңберінде ұйымдастырып, 30-дан астам семинар өткізілді. Яғни, орталық өз байқаушыларын науқанға дайындады.

«Осы сайлауға бақылаушы ұйым ретінде қатысқандағы басты міндетіміз – азаматтардың ерік бостандығының бұзылуына жол бермеу. Сайлау науқанының күрделі екенін біз түсінеміз. Байқау кезінде сайлау заңнамасының бүкіл ерекшеліктерін жетік білетін және өзін байқаушы ретінде құқықтары мен міндеттерін толықтай және нақты түсінетін адамдарға сүйендік. Бұл сайлауға әділ және обьективті баға беруге мүмкіндік береді. Біздің басқа байқаушылардан ерекшелігіміз – қатаң бейтараптық танытамыз. Партия өкілдеріне болсын, мемлекет билігіне болсын, қандай да бір сайлау учаскесінің комиссия мүшелеріне болсын, бәріне қатаң түрде бейтарап ұстанымда боламыз», - деді «Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы.