Қазақстанда өлім жазасы қылмыстың қай түрлеріне қолданылуы мүмкін

Бұл мәселе Мәжілісте талқыланды

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда қылмыстың аса ауыр төрт түріне өлім жазасы қалдырылуы мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс отырысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шындалиев атап өткендей, өлім жазасы туралы норманы ҚР ҚК-нің 13 бабынан алып тастау ұсынылды.

«Бұл жазаны ҚК-нің төрт бабында ғана қалдыру ұсынылады, атап айтқанда, соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар ретінде өлім жазасын қолдану шектері бекітіледі. Оларға қолданыстағы Қылмыстық кодекс бойынша бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы аса ауыр қылмыстар жатады. Бұл қылмыстар соғыс әрекеттерімен байланысты болып, соғыс кезінде жасалуы қажет. Ауыр қылмысқа басқыншылық соғысты жүргізу, жаппай қырып-жою қаруын қолдану, әскери тұтқындар мен бейбіт тұрғындарды өлтіру арқылы соғыс заңдары мен дәстүрін бұзу және соғыс уақытында жасалған геноцид жатады», - деді Шындалиев.

Оның айтуынша, бұл зардаптардың ауырлығын ескере отырып таңдалады және соғыс уақытында көптеген адамды өлтіргені үшін жауапкершілікті көздейді.

Шындалиев заң жобасын қабылдау елдің әлемдік аренадағы беделін нығайтады деп санайды.

«Халықаралық қоғамдастық адам құқықтарын қамтамасыз етудегі ізгілікті қадам және прогресс ретінде қабылданатын болады. Жоғары конституциялық құндылық – өмір сүру құқығына кепілдікті күшейту болып саналады», - деп түйіндеді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.