Сегіз баланың анасы қызының өмірін сақтап қалу үшін халықтан көмек сұрайды

Екі күн ішінде 1,1 млн теңге табуы тиіс ана тығырыққа тірелген соң қоғамға үндеу жариялады

Сегіз баланың анасы қызының өмірін сақтап қалу үшін халықтан көмек сұрайды
скрин: instagram.com

БҚО-дағы Круглоозерное кентінің тұрғыны, көпбалалы ана Ботагөз Өтегенова көпшіліктен шұғыл түрде көмек сұрауға мәжбүр. Ол сегіз баласының ішінде Балауса есімді қызының ауыр сырқатқа шалдыққанын айтты.

11 жастағы қыз балаға 6 жыл бұрын «целиакия - типтік түрі» диагнозы қойылған. Сонымен қатар, «Аутистикалық спектрлері бар психикалық сөйлеу дамуының кідірісі, ішкі гидроцефалия, артқы бас сүйегінің арахноидты кистасы, орталық жүйке жүйесінің ерте органикалық зақымдануы» диагноздары расталған. Дегенмен, Балаусаның емделіп, жазылуына үміт бар.

«Бұл диагноздар бойынша 5 жасынан бастап күресіп келе жатырмыз. Алланың берген сынағына көнбеске амалым жоқ. Жасы 11-де болса да қызымның дамуы артта қалған. 5-6 жасар бала сияқты. Біздің отбасыға өте ауыр, қаражат жинау қиын. 8 бала болғасын, жолдасымның табысы азық-түлік пен пәтерақыдан артылмайды. Өзім осы қызымның кутімімен ешқайда шығып жұмыс та істей алмаймын. Бірақ қолымнан келгенінше самса, нан пісіріп сатып, аз болса да қаражат табамын. Қызымның мугедектік жәрдемақысы 49 000 теңге, өзінің диеталық азық-түлігінен артылмайды», - дейді көпбалалы ана.

Балауса құрамында глютен, казеины жоқ, диеталық тағамдарды ғана тұтынуға мәжбүр.

«Целиакия - типтік түрі» - өмірлік диагноз. Асқазаны мен ішек сіңуінің бұзылуын білдіреді. Өмір бойы глютенсіз тағамдарды жеп журуі керек. Арнайы глютенсіз азық-түліктерді Ресейдің Самара қаласынан тапсырыспен алдырып отырмыз. Қалған диагноздары неврологиядан», - дейді Ботагөз.

Балаусаның жазылып кетуі үшін әлі ұзақ уақыт ем алуы керек. Алматы және Нұр-Сұлтан қаласының дәрігерлері емдеуден бас тартқандықтан, көпбалалы ана қызын Ресей дәрігерлеріне алып барыпты.

«2018 жылдан бастап Ресейдің Самара қаласында уздіксіз емнің 7 курсын алдық. Жылына 2 рет апарамыз. Оның барлығы ақылы. Өкінішке қарай, квота бөлінбейді. Енді 25 шілдеде Санкт-Петербордағы клиниканың бірі емге шақырып жатыр. Ол жерде алатын еміміз 1 700 000 тг тұрады. Қазір біз 600 000 теңге жинадық, енді екі күн ішінде 1 100 000 теңге жинап улгеруіміз қажет. Алла қаласа, ертең жолға шығуымыз керек. «Көп түкірсе - көл» деген, жиналып қалар. Ем алып келген соң толығымен оны көрсетіп, есеп те берермін. Көмек беріңіздерші», - деп, халықтан көмек сұрап отыр.

Ботагөздің айтуынша, ресейлік дәрігерлер Балаусаның жазылып кетуі әбден мүмкін дейді.

«Үміт бар, тек емін үзбей алып жүрсеңіздер деп отыр. Осылай халықтың алдына шығып, шырылдап көмек сұрап, емін алып келе жатырмыз. Халқыма мың алғыс. Аллаға шукір алған емдерінің нәтижесі жақсы. Менің жалғыз ғана мақсатым - осы қызымды емдеп алу. Үмітім ешқашан үзілген емес. Барынша жағдайымды ашып айттым», - деп, шырылдап, мейірімді жандардан көмек сұрады.

Балаусаның еміне көмек беру үшін, мына шоттарға қаражат жіберуге болады.

Kaspi: 4400 4301 1312 7143, 8 705 821 85 68 Ботакоз О.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.