ШұғылКоронавирус пен пневмониядан тағы 58 адам көз жұмды

2018 жылы Қазақстанда 350 мыңнан астам оқушы қатарластары тарапынан буллингке ұшыраған

Бұл жыл сайынғы көрсеткіш деп те айтуға болады

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында мектеп оқушыларының қатарластары тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырау мәселесі қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«2018 жылғы мәлімет бойынша Қазақстандағы оқушылардың 12 пайызы қатарластары арасында буллингке ұшыраған. Бұл жыл сайынғы көрсеткіш деп те айтуға болады. Ал кибербуллингті есепке алсақ көрсеткіш тіпті ұлғаяр еді. Соңғы уақытта кибербуллинг қоғамға үлкен қауіп төндіріп отыр. Осының салдарынан суицид көрсеткіші де артып отыр. Мысалға кәмелет жасына толмаған балалар арасында былтыр 143 суицид жасалды. Бұған қоса 306 мәрте суицидке әрекет ету оқиғасы тіркелді. Ал осы жылдың алты айының өзінде 105 суицид оқиғасы болды», - деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс төрағасы педагогтер тарапынан буллингтің алдын алу үшін қандай шаралар қолдынылатыны туралы Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асыловаға сұрақ қойды.

«Отандық сарапшылар да, халықаралық сарапшылар да айтқан деңгейде педагогтер буллингтің алдын алу шарасымен айналыспайды. Сәйкесінше, нәтиже де жоқ», - деді вице-министр.

Осы орайда Мәжіліс спикері буллингтің алдын алу үшін не істеу керек деген сауал жолдады.

«Қазір министрлік тиісті ереже шығарады. Бұл буллингтің, әсіресе кибербуллингтің алдын алуға септігін тигізеді деп ойлайсыз ба? Ереже, инструкция, методикалық кеңестер әзірлеу дұрыс шығар. Алдын алу шарасын жақсарту үшін не істеу керек? Қанша дегенмен дәл осы салаға тікелей жауапты министрліксіздер ғой» - деді Н.Нығматулин.

Вице-министр ең алдымен педагогтердің біліктілік деңгейін көтеру қажеттігін, тіпті бірреттік курстар да жақсы нәтиже беретінін жеткізді. 

Айта кетейік, 2018 жылы Қазақстандағы 7 мыңнан астам мектепте үш миллионға жуық (2 972 319) оқушы білім алған. Ал оның 12 пайызы - 356 678 оқушы қатарларстары тарапынан буллингке ұшыраған.

2018 жылы Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Абай ауылында 7 жасар мектеп оқушысын жоғары сынып оқушылары зорлағаны анықталды.

Биыл Қазақстандағы 7475 мектепте 3,4 млн оқушы білім алып жатыр. Оның 12 пайызы – 408 000 оқушы. Білім және ғылым министрлігі буллингтің алдын алмаса, биыл 408 мың оқушы қатарластары тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырауы мүмкін екенін ескертті.