СҚО-да жекеменшікке өткен 48 гектар алқаптың орманы оталмақ

Облыстық әкімдіктің мәліметінше, мұндай қадам мәжбүрліктен туындаған

Фото: pinterest.ie

Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданында 48 гектар орман оталмақ. Алқап жекеге ұзақ мерзімге жалға берілген. Билік өкілдерінің айтуынша  жер учаскесі қалайы өндірумен айналысатын «TIN ONE MINING» акционерлік қоғамына берілген. Ол еліміздегі жалғыз қалайы кен орнына саналады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«СЫРЫМБЕТ» – ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЕҢ ІРІ КЕН ОРНЫ

Қалайы кен орны қазақ халқының атақты этнограф ғалымы Шоқан Уәлихановтың қонысы ретінде көпке танымал болған Сырымбет жерінде орналасқан. Оған «Имантау-Шалқар» курорттық аймағы іргелес жатыр. Ол – еліміздегі жалғыз, Орталық Азиядағы ірі қалайы кен орны болып есептеледі. 18 жыл бойы зерттелген жобаға 100 млрд теңге инвестиция тартылған. 2019 жылы өндіріс орны іске қосылды. Қалайы өндірісін арттыру мақсатында Сырымбеттегі 48 гектар орманды алқаптың ағашы кесілмек. Облыстық әкімдіктің мәліметінше, мұндай қадам жасауға мәжбүрлік туындаған. Айтуларынша, өндіріс көлемін арттыру – өңір экономикасына тың серпін бермек.

«Tin One Mining» АҚ –  «Сырымбет» қалайы кен орнын игеруге құқығы бар отандық инвестор. Бұл кен орны Сырымбет ауылының шығысына қарай 15 шақырым және Саумалкөл елді мекенінің солтүстігіне қарай 25 шақырым қашықтықта орналасқан. Ол «Имантау-Шалқар» курорттық аймағына кірмейді. Сондықтан оған ешқандай зиян келмейді. Кен орнын игеру аумағындағы 48,5 гектар жерде шамамен 3 мың текше метр ағаш бар. Басым бөлігі – қайың. Салыстыру үшін айтар болсақ, облыста жылына шамамен 350 мың текше метр қайың ағашы пайдаланылады. Сондықтан табиғатқа орасан зиян келеді деуге болмас. Есесіне, экономикалық көрсеткіштер жақсара түседі. Орман қорының жерлерін ауыстыру кезінде орман шаруашылығы өндірісінің шығындарын өтеу бойынша бюджетке төлемдерден басқа, «Tin One Mining» АҚ ауыстырылатын учаскенің ауданынан екі есе мөлшерде – 97 гектар орман дақылдарын отырғызу бойынша міндеттемені өзіне алды. Компания келісім бойынша барлық жұмысты атқарады. Оны мемлекеттік органдар қадағалайды», - дейді облыстық кәсіпкерлік басқармасы башсынының орынбасары Нұрлан Садықов. 

Кесілетін орман алқабында өсіп тұрған ағаштардың басым бөлігі – Қызылжар өңірінің байлығы саналатын қайың. Солтүстік Қазақстан облысында 550 мың гектар қайыңды орман бар. Ағаштар жыл сайын шіріп жатыр. Оның орнын толтыру мақсатында жыл сайын жаңа көшеттер егіледі.

ҚОРДА 153 МЫҢ ТОННА ҚАЛАЙЫ БАР

Тау-кен металлургия комбинатын салу жобасы қалайы өндіруді ғана емес, терең өңдеуді де қамтиды. Кәсіпорын – байыту мен металлургияның бірнеше бөлінісін қамтитын құрамында қалайы бар өнім шығару бойынша толық цикл жұмыс істейді. Орташа жылдық өнімділік жылына 2,5 млн тонна кенді құрайды.

«Осы жобаны табысты іске асыру – Қазақстанға әлемдегі ең ірі қалайы өндірушілердің ондығына кіруге мүмкіндік береді. Инвестициялардың жалпы көлемі 130 млрд теңгеден асты. Бұл – облыс экономикасына және жалпы еліміздің экономикасына құйылатын жеке инвестициялар. Негізінен жергілікті тұрғындарды тарту есебінен 600 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Қазіргі болжам бойынша жыл сайынғы салық аударымдары 5 млрд теңгеге дейін жетеді. Бұл қаржы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталады. Жобаны іске асыру басталғаннан бері оның дамуына тікелей салынған инвестициялардың жалпы көлемі 18 млрд теңгеден, салық аударымдарының көлемі 500 млн теңгеден асты», - дейді Нұрлан Садықов.

Республиканың қалайы қорының басым бөлігі солтүстік өңірде сақтаулы. Мамандардың айтуынша, Сырымбетте 153 мың тонна қалайы жатыр. Жылына 10 мың тоннадан қазып алынбақ. Сарапшылардың жоспарынша, аталмыш жоба Қазақстанның  құнды түрлі-түсті метал өндіруші елдердің ондыдығына енуге мүмкіндік береді.

Өндіріс негізінен 4 бөлікке бөлінген. Орталық бөліктегі қазу жұмыстарымен қатар, өзге  жерлерде де зерттеу жүргізіледі. Карьердің тереңдігі 250 метрге дейін жетуі мүмкін. Қалайы құрамы бойынша жұмсақ, иілгіш металл болып келеді. Металлургияда оны түрлі метал қоспаларының құрамына қосып қолданады. Қалайыдан мойынтіректер  (подшипник),  қола бұйымдарын, түрлі сымдарды жасайды. 

«Tin One Mining» орман алқаптарын орман шаруашылығын жүргізумен байланысты емес мақсаттарда пайдаланғаны үшін 13,7 миллион теңге мөлшерінде бюджетке төлем жасауға міндеттелген. Одан бөлек, компания ағаш шығынын 4,7 миллион теңге мөлшерінде өтейді.

Кен орнына қазір көлемді инвестиция салынуда. Қыркүйек айында Айыртау ауданында «Сырымбет» алаңында жұмыс істеп жатқан сатын "TIN ONE MINING" ЖШС акцияларының 25% 14 миллиард теңгеге сатылған. Қазір жобаның жалпы құны 56 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Қазір компания жұмысын жалғастыру үшін 48 гектар орманды алқапты игеру қажет. 

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.