«Репрессия бастады»: Алматыда бас дәрігер шағым айтқан қызметкерлерін сотқа берді

Денсаулық сақтау министрлігінен қолдау таппаған медқызметкерлер Президенттен көмек сұрап отыр

Алматыда дәрігерлер мен жедел жәрдем жүргізушілері жұмыс істеуден бас тартпақ. Халыққа шұғыл медициналық көмек көрсететін станцияның қызметкерлері «бастықтардың бассыздығына» шағымданып отыр. Олар бұған дейін де бас дәрігердің «көрсеткен қорлығы» мен мекемедегі күрделенген проблемаларды қоғамға жайып салған еді. Орталықта жедел жәрдем көлігін жүргізетін жұмысшылар бұзылған көліктерді өз ақшасына жөндеп келген. Қалталарынан шығарған ақшаны қайтаруды талап еткеніміз үшін қудалауға ұшырадық дейді жүргізушілер.

Жоспарсыз, заңсыз аттестациялау, себепсіз жұмыстан шығару, онсыз да мардымсыз жалақыны азайтып тастау – бұл мекемеде жиі болатын жағдай көрінеді. Мұндай ауыр атмосфераның қалыптасқанына көп уақыт болған. Бұрындары сынған техниканың тетігін жұмысшылар өз ақшасына сатып ала салса, шығынды кейін басшылық қайтарып отырған. Алайда, соңғы уақытта шығынның өтеуі өтелмейтін болыпты.

«Көбі проблеманы айтуға қорқады. 80 адам қол қойған құжатты министрлікке апардық. Ал олар арызды қайтадан осында кері жіберді де, қысым көрсету, қудалау басталды. 7, 8 және 12 подстанцияның меңгерушілері арызға қол қойғандарды қудалап жатыр. Біз өз құқығымызды қорғап жүрміз, коррупциялық әрекеттер болып жатыр. Біз мемлекетке емес, нақты бір ұйым басшыларына қарсы шығып жатырмыз», - деді жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Кенжеболат Есімсейітов.

«Бізге Денсаулық сақтау министрлігінен қарағанда Президент әкімшілігіндегі басшылармен мәселені талқылау оңай болды. Министрліктегілер карантинді сылтауратып, арызды сырттағы жәшікке сала салыңдар деді. Арызданудан нәтиже болмады, есесіне бастық медбикелерді, жүргізушілер мен өзге де қызметкерлерді сағаттап ұстап, тергеуге алды. Репрессия басталды», - дейді тағы бір жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Асхат Шарипов.

Күндіз-түні шақыртуларға тоқтаусыз баратын жедел жәрдем көліктері жиі бұзылады. Жұмысқа шыққан әр күні үшін айлық алатын жүргізушілер көлікке қажетті тетіктер мен бөлшектерді өздері алып, жөндеуге мәжбүр. Кеткен шығынның өтеуін бастық былтырдан бері бермей келеді. Сынған машинаны тоқтатпай, жүргізуге жұмысшылардың қалтасынан жылына жарты миллион теңгедей ақша кетеді екен.

«Тағы да жоспарсыз аттестациялау өткізіп жатыр. Соңғы рет 2018 жылы аттестациядан өттік. Заң жүзінде біз әрбір бес жыл сайын сынақ тапсырамыз. Енді осы сынақтың соңы тағы да қызметкерлердің жұмыстан қуылуымен аяқталмақ», - деді жедел жәрдем қызметінің фельдшері Жазира Таубазарва.

Арызданған 80 адамның арасындағы 56 медбике шағымын қайтарып алған. Қалған қызметкерлер «қудалауға ұшыраса да», алған бетінен қайтар емес. Барлық құзырлы органға арыз тастағанмен, мәселе сол қалпы шешімін таппаған. Тартыстың соңы немен аяқталатыны әзірге белгісіз.

«Толық тексеру жүргізілді. Олардың арызы шындыққа жанаспайды. Тіпті, комиссияның құрамына арызға қол қойған жүргізушілер де кірді. Яғни олардың айтып жатқаны дұрыс емес. Сөздері шындыққа жанаспайды. Жүргізушілерге бір тиын да қарыз емеспін. Бізде арнайы автопарк бар, көліктер тек сол жерде ғана жөнделеді», - деді Алматы медициналық жедел жәрдем станциясының директоры Ербол Сейсембаев.

Ашулы бастық қызметкерлерді көндіре алмаған соң, абыройына нұқсан келтірді деп қоластындағы адамдарды сотқа да беріпті. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.  Басы сыйыспаған бір мекеменің қызметкерлері дауды ары қарай сотта жалғастырмақ. Мардымсыз жалақымен жыл бойы қудалаудан көз ашпадық деген станцияның қызметкерлері ел Президентінен көмек сұрамақ. Аталған дауға қатысты қалалық Денсаулық сақтау басқармасы да, әкімдік те ешқандай түсініктеме бермеді.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.