«Менің елім – менің тілім»: блогер Яков Федоров қазақстандықтарды қазақша сөйлеуге үндеді

Ол елімізде қазақ тілін үйренуде тиімді құралдардың жоғын айтты

Қазақстандық блогер Яков Федоров жуырда ғана өзінің facebook парақшасында мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту мақсатында «Менің елім – менің тілім» атты қозғалыс құру туралы ұсынысын айтқан болатын. Оның бұл бастамасына Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері қолдау білдірді.

AZAT ALAŃ жобасына берген сұхбатында Яков Федоров қазақ тілін үйренуде тиімді құралдардың жоғын алға тартып, бұл ретте салыстырмалы түрде ағылшын тілін меңгеруге арналған онлайн оқулықтардың тым көптігін ескерді.

Өз кезегінде белгілі саясаттанушы Қазбек Майгелдинов қоғам белсендісі «тіл инспекторы» атанған Қуат Ахметовтың әрекетіне қатысты пікірін білдірді. Оның айтуынша, сауда орталықтарында отыратын егде жастағы адамдарды қазақ тілінде күштеп сөйлету тиімсіз тәсіл. Саясаттанушы балабақшаларды жүз пайыз қазақшаландырып, министрлердің қазақ тілін меңгерудегі рейтингісін жасауды ұсынды. «Бәлкім, осындай шаралардың арқасында алдағы 2-3 жылдың ішінде билік таза мемлекеттік тілде сөйлетін болар» деді ол.

Сонымен қатар, белгілі тележүргізуші Марина Сахарова қазақ тілін дәріптеуде заманауи платформаларды тиімді пайдалану керек деген пікірін айтты. Ал қазақ тілін білмегені үшін жалақы қысқарту мәселесі Сахарованың ойынша әзірге тым қатаң шара болмақ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.