Атырауда жыл басынан бері интернеттегі 550 алаяқтық дерегі тіркелген

Алаяқтар интернетте тауарды сату немесе қызмет көрсету туралы хабарландыру орналастырады

Атырауда жыл басынан бері интернеттегі 550 алаяқтық дерегі тіркелген
Фото ашық дереккөзден

Атырау қалалық полиция басқармасы басшысының орынбасары Айбек Тілешевтің айтуынша, жыл басынан бері алаяқтық қылмысына қатысты 1300-ге жуық қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде 550-ге жық интернет-алаяқтық дерегі бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алаяқтар интернетте тауарды сату немесе қызмет көрсету туралы хабарландыру орналастырады. Яғни, олар құрбандарын тауардың төмен бағасымен, қолжетімділігімен қызықтырады. Кейін тауар бағасының 50 пайызын алдын ала төлеуді сұрайды. Ал төлем жасалғаннан кейін іске үшінші адам араласады. Ақшаны алған соң зардап шегушіге тауардың басқа елде екені, оны жеткізуде болмашы қиындық туындап жатқанын айтады. Бұдан соң алаяқтың телефон нөмірі өшіріліп, тауар да жоқ болады», - дейді Айбек Тілешев.

Оның айтуынша, тұрғындарға хабарласып, өзін банк қызметкері ретінде таныстыратын алаяқтар да бар. Олар клиенттің картасына қатысты күмәнді операция жүргізілгенін хабарлайды. Осы әрекетті бұғаттау үшін картаның артындағы 3 таңбалы санды сұрайды. Әрине, адамдар оған тиісті мәліметті береді. Кейін мәселенің шешілгенін айтады. Бірақ олар осы сәтте интернет-банкинг арқылы зардап шегушінің есепшотындағы ақшаны шешіп алады.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.