Халықты оңтүстіктен солтүстікке көшіру сәтсіз аяқталды: 43 трлн теңгенің күлі көкке ұшқаны ма?

Azattyq Rýhy

Соңғы 10 жылда Солтүстік Қазақстан облысындағы халық саны 45 мың 800 адамға азайған

Халықты оңтүстіктен солтүстікке көшіру сәтсіз аяқталды: 43 трлн теңгенің күлі көкке ұшқаны ма?
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Халықты оңтүстіктен солтүстікке көшіру бағдарламасы аясында бюджеттен соңғы жеті жылда 43 трлн 522 млрд теңге сома шамасында қаржы бөлінген. Алайда, 2017 жылы басталған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы күйреді. Дәл осылай деген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәселені шешудің жолдарын анықтауды тапсырды.

"Оңтүстік-батыс аймақтарда және мегаполистерде халық саны айтарлықтай өсіп келе жатыр. Ал солтүстік аймақтарда, керісінше, азаю үрдісі байқалады. Кейінгі жылдары Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында халық саны азайған. Бұл ретте оңтүстіктен солтүстікке ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы күткен нәтиже бермегенін мойындауымыз керек", - деді Мәулен Әшімбаев.

Оның айтуынша, қазір Сенатта қаралып жатқан көші-қон туралы жаңа заң еңбек ресурстарының ұшқырлығын арттырады деген сенім бар.

Azattyq Ruhy ақпаннан бері қандай мәселе атқарылғанын я бағдарлама толық күйреді ме, жоқ па, білу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерболат Абулхатинмен тілдесті.

43 ТРЛН ТЕҢГЕ КІМГЕ ТӨЛЕНДІ?

"Қандастар мен азаматтарды елдің оңтүстік өңірлерінен солтүстік және орталық бөліктерге өз еркімен көшіру бағдарламасын іске асыру 2017 жылы "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында басталды. 2017-2022 жылдар аралығында бюджеттен осы мақсатта 11 790 305 млн теңге сомасында қаржы бөлінді. Іс жүзінде 11 443 197,9 мың теңге немесе 97% игерілді", - деді ол.

Сонымен бірге 2023-2025 жылдарға арналған үш жылдық бюджет шеңберінде қаржыландырудың жалпы лимиті 32,1 млрд. теңгені құрайды, оның ішінде 2023 жылға - 10,1 млрд. теңге, 2024 жылға - 10,7 млрд. теңге, 2025 жылға - 11,3 млрд. теңге бөлінген.

ХАЛЫҚТЫҢ ҚАНША ПАЙЫЗЫ ОҢТҮСТІККЕ ҚАЙТА КЕТКЕН?

Мәулен Әшімбаев келтірген дерекке сәйкес, соңғы жылдардың ішінде Солтүстік Қазақстан (-22,43%), Павлодар (-5,76%) және Қостанай (-8,3%) облыстарында халық саны азайған. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, соңғы 10 жылда өңірдегі халықтың саны 45 мың 800 адамға азайып қалған. Ауыл халқы да айтарлықтай қысқарған.

Алайда, Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерболат Абулхатин 2017 жылдан бері қоныстанған халықтың тек 15 пайызы оңтүстікке қайта оралды деп сендірді.

"Жүргізілген талдауға сәйкес қоныс аударғандардың шамамен 85%-ы қоныстану өңірлерінде тұрады, 15%-ы (ЖСН және тіркеу бойынша) оңтүстік өңірлерге оралды", - деді спикер.

2017-2023 жылдар аралығында оңтүстік өңірлерден еліміздің солтүстік және орталық өңірлеріне 49 мың 800 азамат қоныс аударды, оның ішінде 10 мың 900 қандас және 38 мың 900 қоныс аударушы бар.

2024 жылы жыл басынан 1 сәуірге дейін 2 762 адам (немесе 827 отбасы) солтүстікке қоныс аударған. Оның 1381-і қандас (2024 жылы 9 483 адамға қабылдау квотасы бөлінген).

КӨПШІЛІКТІҢ ТАҢДАУЫ – ПАВЛОДАР

Биыл Павлодар облысына – 1259 адам, Қостанай облысына – 265 адам, СҚО – 464 адам, Абай облысына – 194 адам, Ақмола облысына – 285 адам, ШҚО – 275 адам, Ұлытауға – 9 адам, Қарағанды облысына – 11 адам қоныс аударды.

Моңғолиядан – 522 адам, Өзбекстаннан – 416 адам, Ресейден – 66 адам, ҚХР – 344 адам, басқа  елдерден – 33 адам келді, деп хабарлады Министрлік.

ХАЛЫҚ НЕГЕ СОЛТҮСТІКТІ ЖЕРСІНБЕДІ?

Биыл еңбекке қабілетті жастағы 1 410 адам солтүстік өңірлерге қоныстанған. Тұрақты жұмыс орындарына тек 848 адам орналастырылыпты.

"Басында мал бағу үшін бір жылдық шөбіңізді де өтеп береміз деді. Бірақ, көшіп барған соң, мал да, шөп те жоқ. Тіпті, көмір де бермеді. Қарызға батып кеттік", - дейді Түркістан облысының тұрғыны Арайлым.

Солтүстікке көшіп келген Марат есімді азамат та жергілікті билік берген үйлердің сапасы сын көтермейді дейді.

"Еденнің бәрі шіріп жатыр. Еден қара жерге тиіп тұр. Ауылда берілген үйдің бәрі сондай. Даладан су тасимыз, ол қыста қатып қалады. Электр желісі де істен шыға береді", - дейді Дубровный ауылының тұрғыны Марат.

Ал, Ерболат Абулхатиннің айтуынша, солтүстікке көшіп келетін қандастар мен оңтүстік халқы ауылда емес, облыс орталықтары, яғни, қалаларда өмір сүргісі келеді.

"Ауылдық жерде инфрақұрылым көбінесе толыққанды өмір сүруге дайын емес. Тұрғын үй сапасы, су, жылу, интернет және т.б. проблемалар бар, ал қоныс аударушылар мен қандастар ауылдық елді мекендерге қарағанда өмір сүру сапасы мен деңгейі жоғары облыс орталықтарына көшуге дайын", - дейді Ерболат Абулхатин.

ЖЕТІ ЖЫЛ ТИІМСІЗ БОЛҒАН БАҒДАРЛАМА БИЫЛ НӘТИЖЕ БЕРЕ МЕ? 

Жауапты министрлік қоныс аударушылардың қысы қатты солтүстік өңірге бейімделіп кетуі үшін мына шараларды қолға алғанын айтып отыр:

  • Жаңа қызметтер пакеті: алғашқы консультация өткізу, қоныстандыру өңіріндегі бейімделу мен интеграция жөніндегі шарттарды түсіндіру, қажетті қызметтер көрсете отырып, қоныс аударушылар отбасын сүйемелдеу, оның ішінде отбасын тіркеу, әскери комиссариатта тіркеу, балаларды мектепке, балабақшаға, емханаға және т. б. тіркеу бойынша қызметтер.
  • Тұрғын үй іріктеумен экономикалық ұтқырлық сертификатын алу үшін құжаттарды жинау бойынша жәрдем көрсету.

"Ынталандырудың оңтайлы моделін құру мақсатында солтүстік өңірлерде оларды бейімдеу мен интеграциялау бойынша жаңа алгоритм іске асырылады. Бұл алгоритм Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында пилоттық режимде іске қосылды. Ол үшін отбасын, оның ішінде балаларды толық сүйемелдеу, сондай-ақ әлеуметтік, медициналық және білім беру қызметтерін қамтитын бейімдеу және интеграциялық қызметтер кешені ұсынылады. Ол бес жыл бойы жүзеге асырылады", - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерболат Абулхатин.

Биыл бірінші тоқсанда қоныстанудың барлық өңірлерінде қандастар мен қоныс аударушыларды бейімдеу және интеграциялау бойынша қызметтер көрсетуді масштабтау жоспарланып отыр екен.

Қандастар мен қоныс аударушыларға Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан мен Қостанай облыстарында және Абай облысында консультациялық, ақпараттық, аударма, білім беру және басқа да бейімдеу қызметтерін ұсыну үшін бейімдеу және интеграциялау орталықтары құрылды. Ал бұл өзгерістердің қандай нәтиже беретіні әзірге белгісіз.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.