Петропавлда екі көлік соғылып, бір адам қайтыс болды

Қайғылы оқиға түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады

Петропавлда екі көлік соғылып, бір адам қайтыс болды

Петропавлда «Урал» жүк көлігімен соқтығысқан «LADA Largus» жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты. Жеңіл көлік жол жиегіне шығып кеткен. Адам өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Жол-көлік оқиғасы фактісі ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен көзделген құқық бұзушылық белгілері бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді.

«Қайғылы оқиға Петропавл қаласының айналма жолында тіркелді. «Урал» жүк көлігі мен «LADA Largus» көлігі соқтығысқан. Салдарынан «LADA Largus» автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды. Қолайсыз күн райына және көктайғаққа байланысты полицейлер жол қозғалысының барлық қатысушыларынан жолдарда сақ болып, жол жүру қағидаларын қатаң сақтауды сұрайды. Жүргізушілер қауіп пайда болған жағдайда жол-көлік оқиғасын болдырмас үшін қауіпсіз қашықтықты, бүйірлік аралықты сақтауы, сондай-ақ, маневр жасауда абай болуы, жылдамдықты барынша азайтуы қажет. Жаяу жүргіншілер жолдардан тек рұқсат етілген орындардан өтуі тиіс», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Баян Байғаскина.

Сотқа дейінгі тергеу шеңберінде жол-көлік оқиғасының мән-жайы мен себептері анықталмақ. Бірқатар сараптама тағайындалды. Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесі бойынша соңғы процессуалдық шешім қабылданады.

Дүйсенбіден бері Солтүстік Қазақстан жолдарында үш жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан екі адам зардап шегіп, біреуі қаза тапты. Облыс аумағында екі күннен бері жауған қар толастамай тұр. Тұрғындар әлеуметтік желілерде жолдардың уақытылы тазаланбай жатқанына шағымдануда.  Қайғылы оқиға түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.