«Йакын Инкар» ұйымының жамағаты білімсіз, террорлық ұйымдарға тез ілеседі – теолог

«Йакын Инкар» жамағаты «Таблиғи Жамағат» экстремистік ұйымының бір қанаты

«Йакын Инкар» ұйымының жамағаты білімсіз, террорлық ұйымдарға тез ілеседі – теолог
Көрнекі фото

Еліміздің Бас прокуратурасы елдегі «Қаңтар қасіретіне» кінәлілердің бірі ретінде радикалды бағыттағы «Йакын Инкар» ұйымын атады. Қолға түскен ұйым мүшелерінен қару-жарақ, граната, оқ-дәрі, діни брошюралар мен әдебиеттер тәркіленген. Деструктивті ұйым мүшелері іс-әрекетін елімізде жасырын жүргізіп келген. Жат діннің жетегінде жүрген жандарды зерттеуші мамандар, олар іс-әрекетін жалғастыру жолында екі түрлі: «Мекке» және «Медине» әдістерін қолданатындарын айтады. «Йакын» шынайы сену, «Инкар» сөзі сенушіден өзгенің бәрін «тәрк етуші» деген мағынаны білдіреді.  Олар «Таблиғи Жамағат» лаңкестік ұйымынан бөлініп шыққанмен, әлі де солардың бір қанаты саналады. Зерттеушілердің сөзінше, бұл ұйымның жолын ұстанғандардың саны әлемде 80 миллионнан асады. Прокуратура жоғарыдағы екі ұйымның елімізде жұмыс істеуіне тыйым салған, экстремистік ұйым саналады. Бірақ, сотпен тыйым салынса да олардың жойылмағаны, керісінше қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде белсенді болғаны анықталды.

«Йакын Инкар» тобы «Таблиғи Жамағаттан» арнайы бөлініп шықпаған. Орталық Азия елдерінің ішінде бұл ұйым Қырғызстанда көбейіп, кейін заңмен тыйым салынды. Бірақ «Йакын Инкарға» тиым салса да, «Таблиғи Жамағатқа» Қырғызстан толық шектеу қоймай, бақылап отыр.

Дін мамандарының айтуынша, «Йакын Инкар» жамағатының өзге радикалды-экстремистік топтардан айырмашылығы көп.

«Осы жамағаттың мүшелері – ерлі-зайыпты жұп үш айлық сәбиін қараусыз қалдырып, 40 күнге дағуатқа (Аллаға шағыру) шығып кеткен. Жылаған сәбиді көршісі көріп құтқарған. Сол әрекеті үшін бұл ұйымға Қырғызстанда тыйым салынды. Ал дағуаттан келген күйеуі мен әйелі балаларын көріп, «міне, біз дағуатқа кеттік, баламызды Алла асырады» деген теріс түсініктерінен айнымаған. «Йакын Инкар» өздерінің шейхтары үйреткен екі түрлі тәсілмен дағуат жүргізеді: Мекке және Медине тәсілі. Дін ең алғаш Меккеде тарала бастағанда пайғамбарды қолдамағандар көп болды. Сол кезде дін жасырын, біртіндеп насихатталды. Ал Мединеде ислам ашық айтылды, оған қуанғандар көп болды. Олар осыны негізге алады. Қытай, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан сынды дін бақыланатын елдерде «Йакын Инкаршылар» баяғыдай ауылдарды аралап, пәкістандық киіммен жүрмесе де, сақалды ашық қоймаса да жасырын, яғни «Мекке тәсілін» қолданады. Бізде оларға тыйым салынғанға дейін бұл дағуатшылар көше көшені, ауыл аймақты кезіп, адамдарды ұстап алып, уағыздарын жүргізетін. Қазір жасырын әрекетке көшкен», - дейді Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ғылыми қызметкері Тимур Нүсіпханов.

Аталған қозғалыстардың мақсаты – билікті құлатып, Конститутиция мен қолданыстағы заңдарға бағынбай, «халифат» құру. Мемлекеттер түрлі шараларды қабылдап, қатал істерге барса да, дінбұзар, елбұзарларды тоқтатар жол толық табылмай тұр. Тәртіпсіздік кезінде арандатушылардың арбауына түскен адамдарды діни лаңкестер оқтан қорғайтын сауыт ретінде де пайдаланған. Әдетте діннің тазалығын насихаттайтын діншілдер шеру кезінде аяусыздыққа барған. Теологтар «Йакын Инкаршылар» өздерінің сенімі жолында өлетінін, олардың «Фаза ил амал» атты кітаптары, жеке дұғалары барын айтады.

«Үндістандықтар 300 жылдай ағылшын отарында болғанда қатты батыстанып, өз дінін ұмытып қала жаздады. Сол кезде төл мәдениетке оралуымыз керек дегенді айтып, исламды түсіндірген тұлғалардың ойлап тапқан ағымы. Дағуатқа 3, 7 және 40 күнге кеткен. Ол сол замандағы қажеттілік, отаршылдыққа қарсы қозғалыс еді. Бангладеш, Үндістан, Пәкстанның орталықтарында әлі күнге дейін бар. Кейін бәрі бөлініп кетті. Дінді насихаттаудың методикасында қателесіп, алғашқы исламға қайтып ораламыз, таза ислам деген қағиданы ұстанады. Бұл салафизимге де ұқсас. Бұл тұрғыдан алғанда ұрандары бір-біріне ұқсайды. Сыртқы формаға мән береді, баяғы сахабаларға, олардың киімдеріне мән береді. Сақалдарын қауғадай қылып қойып алады. Уағыздың шарттарында ескілік бар. Олардың өзі Қазақстанда іштей үш-төрт бағытқа бөлініп кеткен. «Йакын Инкаршылардың» ұстанымы біздің саяси мәселелерге томпақ келеді. Қазақстанда Түркиядан, Арабтан, тіптен Өзбекстан, Қырғызстаннан келген 20-дан астам ағым бар. Бәрі бірін бірі мойындамайды. Бұлардың бәрі біздің біртұтастығымызға қауіп тудырады. Шетелдік ағымдар қазіргі уақытта бізге мүлдем қажет емес, қазақты бөлшектеуге тырысып жатыр. Қордайдың Масанчи ауылында «Йакын Инкар» ұстанушылары көп тараған. Орта Азияда Қырғызстанда көп, олар сол жақтан үйреніп келген. Одан ары Пәкстанға да шығып келеді. Бұлардың проблемасы – жақсы діни білім алатын ғұламаларды шығармайды. Жеңіл уағыздарды насихаттайды. Айтып жүргендері Қазақстаның кеңістігіе келмейді, көшпенді елдің дүние танымына кереғар», - деді теолог Мұқан Исахан.

«Түрмеге түскен соң бұлардың абыройы асқақтайды. Дағуатқа шыққанда көлік мінбейді, телефон қолданбайды, баратын жеріне тамақ, өзге де қажеттіліктерді өзімен алып жүрмейді. Оларды да бұлар өздерінің сенімдерімен байланыстарады. Отан, мемлекет, ұлт деген түсінік жоқ. Халифат құру қағида болғанмен, өздерінің нақты ұстанымы жоқ болғандықтан, жат ағым бағытына өте береді де, өзгелердің қол шоқпары болып жүре береді. Оларға өз араларындағы бай-қуаттылары көмектеседі. Дүние жүзінде таблиғатшылардың саны 80 млн. Арнайы қаржыландырылмаса олар бұлайша көбемес еді.

Қазақ «Йакын Инкаршылар» Бангладештегі орталықтарына да барып жүрді. Орысша да, ағылшын тілін де білмейді, діни сауатсыз, отбасы институтына мән бермейді, көп ажырасады. Балаларын біздің зайырлы білімге жібермейді. «Ақыретте пайдасы жоқ, бәрбір өліп қаласың» деп мектепке жібермей қойған. Білімі, нақты көзқарасы болмаған соң түрлі террорлық топтардың жақтастарына қосылып кетеді. Қоғамның дамуына, білімге, ғылымға қарсы, кертартпа, тар түсінікпен өмір сүреді», - деді Алматыдағы Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының директоры.

Теолог «деструктивті уағызшылардың елдегі дүрбелеңге қатысы бар ма?» деген сұраққа жауап іздеп көрген. Оның пайымынша, құқық қорғау органдары құрықтаған қарулы адамдарды толықтай тергеп, тексеру керек. Пиғылы мен ойлау жүйесі теріс, сауаты төмен, түсінігі тар деструктивті уағызшылар ғаламтор арқылы «шәкірт» іздеуге көшкен. Тіптен олардың түсінігінде полицейлер «кәпір» саналады.

«Деструктивті уағызшыдардың елдің ішкі алауыздыққа, түрлі көзқарасқа бөлінуіне қатысы бар. Сайлауға шақыратын демократияны ұстану күпірлік, өйткені демократияда билік Алланың емес, халықтың қолында болады, ал ислам шариғатында билік пен басқарушылық тек жалғыз Алланың иелігінде болуы керек деп түсіндіреді. Парламенттік жүйе және ол жердегі заң шығарушы адамдардың барлығы күпірлік іспен айналысып жатыр, өйткені заң шығару бұл Алланың заңынан бас тарту болып табылады деп есептейді. Құқық қорғау саласындағы қызметкерлер, соның ішінде полицей болып жұмыс істегені үшін кәпір болды деп айыптайды, тіптен ол намаз оқып, ораза ұстаса да діннен шықты, себебі Алланың заңынан басқа заңмен жүретін мемлекеттің қызметкері дейді. Орта Азия президентерінің бәрі діннен адасып күпірлік жолына түсті, себебі олар Алланың үкімдерінен бас тартып мүртад, кәпір болды деп уағыздайды. Сол үшін олардың ешқайсысына бағынып мойынсұнбау керек дейді. Қазақстан үкіметі «тағут», оның шығарған заңдары күпірлікке негізделген және бұл ел кәпір мемлекет, себебі күні кешегі орын алған көтеріліс, тонау, ұрлық, тағы өзге қылмыстарды пайдаланып мұсылмандарды өлтірді деп айыптайды. Қысқаша айтқанда, теріс пиғылды уағызшылар осындай айыптауларын ашық әлеуметтік желі арқылы өз жамағаттарына жаппай жеткізіп жатыр және мұндай жалғаншыларды тыңдаушы жамағат та аз емес. Олар жоғарыдағы айтқандарымен өз жақтастарын әуелі сайлау жүйесі, сосын демокртиялық басқару, президент, парламент, полиция, т.б елдің негізі құрылымдарының барлығын жоққа шығарып, ақыр соңында өз елінен жиіркеніп кетуден басқа жол қалдырмайды» - деді теолог.

Еске салайық, елімізде 5-7 қаңтар аралығында болған бүліктер кезінде 260-қа жуық адам қаза тауып, мыңдағаны жараланды. Жуырда «Хабар» телеарнасы түсірген арнайы деректі фильмде аталған бүлікке «Йакын Инкар» жамағатының да қатысы бар деген мәлімет айтылды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.