Қосшыда тұңғыш спорт кешені ашылды

Azattyq Rýhy

Оның ашылу салтанатына облыс әкімі Марат Ахметжанов келді

Қосшыда тұңғыш спорт кешені ашылды

Қосшы қаласында тұңғыш мемлекеттік спорт нысаны – «ALAN» спорттық сауықтыру кешені пайдалануға берілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Кешен заманауи спорттық жабдықтармен және барлық қажетті материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған. Мұнда ересектер мен балаларға арналған бассейндер, спорт залы, күрес және ойын залы бар.

Сондай-ақ кешеннің сыртқы аумағы толықтай абаттандырылған. Кешен айналасында түрлі жаттығу тренажерлары орнатылған. Спорттық кешен күніне 300 адамды қабылдай алады. Сонымен қатар Олимпиада тізіміне енгізілген спорттың 10 түрінен секциялар жұмыс жасайтын болады.

Жаңа нысанды аралаған Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов бұл кешеннің жастардың спорттық тәрбиесін қалыптастыруда, салауатты өмір салтын сақтауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«Бұл өте жақсы бастама. Спорттық-сауықтыру орындары әрбір қала тұрғыны, сондай-ақ жастар мен мектеп оқушылары үшін қолжетімді және функционалды болуы тиіс. Оны барынша тиімді пайдаланып, өскелең ұрпақтың бойына спортқа деген сүйіспеншілікті сіңіру қажет деп санаймын», - деді облыс әкімі.

Бұл Қосшы қаласындағы тұңғыш денешынықтыру-сауықтыру орталығы.

Бұған дейін қалада жүзу бассейні болмаған еді. Енді бассейн үш ауысымда күніне 90 адамды қабылдай алады.

Алғаш ашылуға келген қала жасөпірімдері кешеннің мүмкіндіктерін жоғары бағалап жатыр.

«Бұл әртүрлі жастағы адамдар мен спортшылар үшін тамаша сыйлық. Енді жаттығу үшін елордаға сабылып барудың қажеті жоқ. Өзіміздің қаламызда спортпен айналысуға мүмкіндік туды. Бұл өте қуантарлық жағдай», - дейді жасөспірімдер.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.