"Рекорд". Үкімет биыл 18 млн шаршы метр баспананы пайдалануға бермек

Аягөз Құрмаш

Бектеновтің айтуынша, елімізде баспанаға деген сұраныс арта түскен

"Рекорд". Үкімет биыл 18 млн шаршы метр баспананы пайдалануға бермек
Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы Олжас Бектенов биыл азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету қарқын алатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Биыл біздің алдымызда тұрғын үй құрылысына қатысты маңызды міндеттер тұр. Бұл – рекордтық 18 млн шаршы метр тұрғын үйді тапсыру. Мемлекет басшысының жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қосу туралы тапсырмасын жүзеге асыру керек. Үлестік құрылыс пен заңсыз құрылыстың қордаланып қалған проблемаларын түпкілікті шешу қажет. Біз жаңа тұрғын үй бағдарламаларын іске қосып жатырмыз. Баспанаға деген сұраныс арта түсті», - деді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, қазір 650 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр.

«Өткен жылы мемлекеттік органдарға осы тізімдерді реттеу жұмыстарын жүргізу тапсырылған болатын. Яғни, аталған тізімде талаптарға толық сай келетін, баспанаға барынша мұқтаж азаматтар ғана қалуы тиіс. Дегенмен, әкімдіктердің барлығы бірдей бұл мәселеге тиісті көңіл бөліп отырған жоқ. Мысалы, Ақмола облысында баспана кезегінде тұрғандардың ішінде талаптарды бұзған 16 мыңға жуық адам анықталды. Бірақ, олардың 9%-ы ғана кезектен шыққан. Шымкент қаласында 36 мыңнан астам адам талапқа сай келмейді, олардың 10%-ы ғана тізімнен алынды», - деді Бектенов.

Оның айтуынша, барлық әкімдіктер осы тізімдерді қайта қарап, жұмысты бірінші жарты жылдықтың соңына дейін аяқтауы қажет.

«Бәрі белгіленген ережеге сай болуға тиіс. Кезекке қабылдауды ашық әрі бәріне түсінікті етіп жасау керек. Сондай-ақ тізімге енген адамдарға нақты мониторинг жүргізілу тиіс. Тағы бір маңызды мәселе –  құрылыстың сапасы мен оның заңнамаға сәйкес болуы. Тұрғындар тарапынан осыған қатысты арыз-шағымдар өте көп. Жаңа баспанаға қол жеткізген азаматтардың қуаныштары ұзаққа бармайды. Мұндай мысалдарды ақпарат құралдарынан жиі көруге болады. Сапасыз құрылыс тұрғындардың ғана проблемасы болып қалмауға тиіс», - деді Үкімет басшысы.

Бектеновтың айтуынша, құрылыс компаниялары өздеріне алған міндеттемені толық орындауға және құрылыстың сапасын қамтамасыз етуге міндетті.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.